«Балдәурендегі» балалық шақ

«Балдәурендегі» балалық шақ
ашық дереккөз
«Балдәурендегі» балалық шақ

Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Мәдімар ауылында 50 орындық «Балдәурен» балабақшасы пайдалануға берілді. Жаңа нысанға «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасы аясында аудандық бюджеттен 104 миллион теңге бөлінген. 

Кезінде колхоздың кеңсесі болған ғимаратты қайта жөндеуден өткізу жұмысын Мұрат Дауишев басқаратын «Бибасар-2005» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сапалы жүргізген. «Балдәурен» балабақшасының ашылу салтанатында Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеев жаңа нысанның сапалы жөнделгенін, ауыл тұрғындарына үлкен қуаныш сыйлап отырғанын, мұндай игі істердің барлығы Елбасымыздың сара саясатымен жүзеге асып отырғанын айтты. Сондай-ақ, Ынтымақ ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тұрсын Құрмашев елді мекендегі бүлдіршіндерге көрсеткен қамқорлығы үшін облыс және аудан әкімдеріне, мердігер компания басшыларына алғысын білдірді. Балабақша меңгерушісі Айман Мейрамбекқызының айтуынша, әзірге екі топ жұмыс істейді, 22 қызметкер бар. Алдағы уақытта топтар санын көбейту көзделуде. Себебі, бұл ауылда 45 бала мектепке дейінгі мекеменің кезегінде тұр екен. Балабақшаға 2 жастан 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндер қабылданады. «Ауылымызда 2100 тұрғын немесе 300 шаңырақ бар. Сондықтан жаңа балабақшаның қажеттігі туындап еді. Ол мәселе сәтімен шешімін тауып отыр», – дейді Ынтымақ ауылдық округінің әкімі Мейірбек Ноғаев. Дер кезінде ашылған мектепке дейінгі мекеме ауыл тұрғындарын да қуанышқа бөлеп отыр.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар