«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жемқорлықпен күрес – Әр азаматтың парызы

Жемқорлықпен күрес – Әр азаматтың  парызы
ашық дереккөз
Жемқорлықпен күрес – Әр азаматтың парызы

Біздің еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы болып жемқорлыққа қарсы күрес жариялап, арнайы заң қабылдағаны белгілі. Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауларында және басқа сөздерінде, қабылданып жататын маңызды заңдық актілерде қоғамды іштен ірітетін жемқорлық сипаттағы құқық бұзушылықтарға тосқауыл қою талабы үнемі алға шығарылып келеді. Мемлекет басшысының биылғы Бес халықтық реформасының 13-қадамында «Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру» міндеті қойылған. Бұл келеңсіз құбылысқа қарсы күреске мемлекеттік органдармен қатар, қоғамдық негізде құрылған жалпыұлттық қозғалыстар мен қоғамдық бірлестіктердің де белсене қатысуы мәселенің айрықша маңыздылығын көрсетеді. 

«Жаңару» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы Қордай ауданында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – әр азаматтың парызы» тақырыбында жиын өткізді. Оған шақырылған аудандық мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері, мектептер мен балабақшалардың басшылары, ауыл әкімдері алдында «Жаңару» ЖҰҚ облыстық филиалының директоры, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Қасымхан Төлендиев баяндама жасады. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық құбылысы 2050-Стратегиясындағы мақсаттарды жүзеге асыруда елеулі кедергі болып отыр. Оның белең алуына жұртшылықтың құқықтық сауатының кем болуы да себеп. Баяндамашы өткен жылы және биыл өңірде орын алған жемқорлық сипаттағы құқық бұзушылықтар статистикасынан мысалдар келтірді. Оның ішінде Қордай ауданындағы сауығу тенденциясы атап көрсетілді. Мәселен, өткен жылғы сәйкес мерзімде ауданда жемқорлық сипатындағы он бір қылмыс тіркелген болса, биыл екі іс қана қозғалған. Аудан әкімі Қайрат Досаев биылдың өзінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы және облыс әкімі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияларға есеп берген болатын. Бүгінгі жиында да ол сөз алып, қоғамды іштен ірітетін жемқорлық құбылыстарға қарсы қандай шаралар қолданылып жатқаны туралы баяндады. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы, аудандық мәслихаттың хатшысы Біржан Әлімбет, білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжан Садабаева, ардагерлер кеңесінің төрағасы Дабылбай Сүйінбаев, «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі Әлинұр Аманбаев, аудандық емхана меңгерушісі Мәдина Байсүгірова, Қордай ауылдық округінің әкімі Мәлік Атшабаров пікірлерін ортаға салды. Кездесудің екінші бөлігінде «Жаңару» ЖҰҚ облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, тақырып бойынша секциялық жұмыстар жүргізілді.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол». Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар