«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңа мал базарына бардыңыз ба?

Жаңа  мал базарына бардыңыз ба?
ашық дереккөз
Жаңа мал базарына бардыңыз ба?

Тараз қаласы мен Аса ауылын жалғайтын тасжолдың бойындағы «Ас-Ер» мал базары екі аптадан бері жұмыс істеуде. Жаңа мал базарындағы халықтың қарасы қалың. Онда саудаланып жатқан төрт түлік мал өте көп.

Бір жақсысы, мұнда жылқы, сиыр, қой-ешкіге арнайы жеке орындар бар. Ол жайлардың төбесі жабық, табаны тегіс. Сондай-ақ, базардың бір мезгілде 3 мыңнан (әрқайсысын) жылқы мен сиырды, 10 мыңнан астам қой-ешкіні қабылдауға мүмкіндігі бар. Жаңа ашылған базар болғандықтан, мұнда біршама жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, сатып алған малыңызды базардан алып шығу екі апта бойы тегін болды. Дегенмен, келесі жексенбіден бастап, базар ішінен сатып алған уақ малыңыздың әр басына – 300, ірі қара малдың әр басына 500 теңгеден шыға берістегі арнайы кассаға төлем төлейсіз. Нарықтың мұндай талабына халық дұрыс қарайтыны анық. Бір айта кетерлігі, қазірдің өзінде жаңа мал базарында бұрынғы мал базардағыдан екі есе көп мал саудаға түсуде. Оның себебі бұл сауда орталығында қажетті жағдайлардың көбірек жасалғанынан болса керек. Тіпті, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарынан осы базарға арнайы мал әкелген кісілерді де көзіміз көрді. Ол кісілерді әңгімеге де тарттық. Сағат Сағындықов, Батыс Қазақстан облысының өкілі: – Біз осынау жаңа үлгіде жабдықталған мал базарының ашылғанын естіп, Оралдан арнайы келдік. Үлкен «КамАЗ» көліктерімен ірі қара малын әкелдік. Саудамыз біз ойлағандай жүріп жатыр. Ең бастысы, жаңа мал базары заман талабына сай, мұнда қажеттіліктердің барлығы бар. Ат арытып алыс облыстардан келген өзге мал саудалаушы кәсіпкерлер де жаңа базар жайлы жақсы пікірлерін айтты. – Біз бұл базарда халыққа қолайлы жағдайдың барлығын қарастырамыз. Жаңадан ашылғандықтан, кейбір түйткілдер жоқ емес. Халықтың пікір-өтініштерін назарға ала отырып, олқылықтарды түзейміз. Мәселен, автотұрақты мың автокөлікке арнап едік. Халықтың біз ойлағаннан да көп келуіне байланысты бұл тұраққа автокөліктер сыймай қалды. Сондықтан, келесі аптадан бастап негізгі тасжол жиегін кеңейтіп, автотұрақты ұлғайтамыз, – дейді «Ас-Ер» мал базарының атқарушы директоры Ермек Алатаев. Осылайша, жаңа мал базары жұмысын бастап кетті. Алғашқы апталардың өзінде мұнда сауда көрігі қыза түсуде. Делдалдардың да қолы жүріп тұр. «Бір тананы 72 мың теңгеге сатып алып, шамалы уақыттан кейін 82 мың теңгеге сатып жібердім», – деп, әлдебіреуге әңгіме айтып тұрған жас делдалдың да сөзін құлағымыз шалып қалды. Көрдіңіз бе, әрі кетсе бір сағаттың ішінде делдалдықпен 10 мың теңге пайда тауып отыр. Дегенмен, қазір базарда төрт түлік малдың бағасы төмен. Жылқыңыз – 280 мың, сиырыңыз – 150 мың, қойыңыз – 25 мың, ешкіңіз 8-9 мың теңге көлемінде. Алайда, көпшілікке мал базары өте қажет. Халық мал сатады, сатып алады. Сиырын сатып, қой алады, қойын сатып, тай алады. Арада сауда жүреді, шаруалар малдарын базарға лайықтап өсіреді. Бордақыланған семіз малдың бағасы көтеріңкі. Оның үстіне, нағыз қызылдың кезі қыс келе жатыр. Еттің саудасы жүретін кез. Бұл базардың аптасына екі рет: сәрсенбі және жексенбі күндері – өткізілетіні де тиімді. Сондықтан, жаңа базардың жұмысы жандана түсетіні анық.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар