Махметғали САРЫБЕКОВ, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Арқалағаны атанға жүк болар «Ақ жол» газетінің қоғамдағы алар орны ерекше. Бүгінде ол облыс баспасөзінің киелі қара шаңырағына айналып отыр. «Ақ жол» – қандай да мәселе болсын атүсті қарамай, діттеген ойын жеткізіп, қарапайым халыққа тұшымды, салмақты ой сала білетін сауатты, қоғамдағы елең еткізер жаңалықтарды, білім, спорт, мәдениет, руханият салаларына қатысты мәселелерді ашық айта білетін, еркін ойлы басылымдардың бірі де бірегейі. Жалпы, әуел баста біздің университет базасында «Журналистика» мамандығын ашудағы негізгі мақсат – аймақтық БАҚ-тағы кәсіби кадрлық құрамды жетілдіру болған. Бұл мақсат толықтай іске асты. Айтпақшы, осы орайда айта кетейін. ТарМУ-дан «Журналистика» факультетін ашу жөнінде ой қозғап, мәселе көтерген «Ақ жолдың» қазіргі редакторы К.Сәттібайұлы болатын. – Болашақ журналистерге теориялық білім университет қабырғасында берілсе, көптеген студенттердің кәсіби шыңдалуы осы «Ақ жол» редакциясында жүзеге асырылады. Оған қоса, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттеріміз осы газеттің тұрақты оқырманы болумен қатар, қоғамға ой салар мақалаларын да жиі жариялап отырады. Газет бетіндегі тұрақты түрде берілетін «Президент», «Дағдарыс және даму», «100 нақты қадам», «Өнегелі өмір», «Болашағы біртұтас ел» айдарларының оқырманға өз айтары бар. Байырғы һәм тұрақты оқырманы ретінде мен газеттің бірде-бір санын жібермей қарап отырамын. Әсіресе, «Президент» айдарын қалт жібермеймін. Себебі, бұл айдарда Елбасымыздың сарабдал саясаты ұдайы жарияланып, оның көрші елдермен және әлемнің алпауыт мемлекеттерімен келіссөздері, еліміздің экономикалық және саяси тұрақтылығы үшін жасаған батыл қадамдары оқырмандарына дер кезінде жетіп отырады. Сонымен бірге, халықтың барын мақтап, жоғын жоқтап жүрген басылымдағы әлеуметтік, жастар саясаты мәселелері де орынды қозғалады. Әдеби-танымдық, сатиралық шығармалардың жиі жариялануы құптарлық. Түрлі айдарлармен берілетін дүниелердің де рухани таным-түсінігімізді арттыруға себі тиюде. Сонымен қатар, басылымның әр беті заман талабына сай әрленген. Тіпті, көрген бетте-ақ оқығанша ынталанып тұрасың. Газет беттерінен көзі ашық оқырман қауым, әсіресе, жастар іздегенін табады. Ел оқитын «Ақ жолдың» әрдайым айтары бар! Сондықтан да университ басшысы ретінде мен де «Ақ жолға» алғашқылардың бірі болып жазылдым. Өзім жетекшілік ететін оқу орнының профессор-оқытушылар құрамының да толығымен осы газеттің тұрақты оқырманына, ал «Ақ жол» олардың ең сүйікті басылымына айналатынына сенімім зор.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді