«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Он ауылға табиғи газ жетті

Он ауылға табиғи газ жетті
ашық дереккөз
Он ауылға табиғи газ жетті

Бүгінде аудан аумағындағы 46 елді мекеннің 38-і «көгілдір отынға» қол жеткізді. Бұл мәлімет меркіліктердің 90 пайызы табиғи газдың рахатын көріп отырғандығын білдіреді. Өзге аудандармен салыстырғанда, бұл – ауыз толтырып айтарлық көрсеткіш. 

2014 жылы Ақермен, Кентай, Алтынарық, Қайыңды сай, Аспара, Тұрлыбай батыр ауылдарына «көгілдір отын» жеткізу үшін республикалық бюджеттен 483,5 миллион теңге бөлініп, газ құбыры тартылған. Ал биыл Кеңес, Беларық, Тәтті, Ақжол ауылдары «көгілдір отынды» пайдалану игілігіне қол жеткізді. Аудандағы аталған ауылдарды газдандыруға 2015 жылы 1 миллиард 605 миллион теңге республикалық қазынадан қарастырылыпты. Біз жақында ғана табиғи газ құбырына қосылған Кеңес ауылына арнайы бардық. Кеңестіктер бұл іске дән риза. Қазірдің өзінде жүзден астам үй көмір жағып, күл шығармайды. Ауыл тұрғыны Пермебай Жүнісов үйіне алғашқылардың бірі болып газ кіргізіпті. «Жалпы үйге құбыр тартқаны, пеш орнатқаны, аристон қойғаны бар – барлығына 500 мың теңгедей қаржы жұмсалды. Бұл қаржыны бөліп төлеуге де болады. Біз барлық шығынның жартысын төлеп қойдық. Қалғанын ай сайын зейнетақыммен есептесудемін. Негізі, газға бір қол жеткізген үй ұтылмайды.Соған көзім жетті. Есесіне күл-қоқыстан құтылдық, көмір сатып алмаймыз. Бір қыс бойы жағу үшін жылына әр үй шамамен 130-150 мың теңгеге көмір сатып алады. Оған тамызық ағашын, бейнетін қосыңыз. Одан да қаржысынан қиналмай, газ орнатқан пайдалы екен», – деді П.Жүнісов. – Қазір рахат. Таң сәріден күл шығарып, бүрсеңдеп от жақпайсың. Тетігін бұрап қалсаң, тамағың әзір, үйің жылы. Тіпті, азанымен оянып, газды тұтата салғанға да әуелі үйрене алмай жүрдік. Отын жағып, әбігерге түсетін уақыттың орнын толтыра алмай, қалақ ұстап үйреніп қалған екі қолымызға жұмыс таппағандай күй кешкеніміз бар, – дейді отанасы Байқұлова Алтынкүл апай қалжыңдап. Ауыл әкімі Нұрлан Өмірқұлов ауылға жеткізілген газды әр үйге құбыр арқылы жақындату үшін «ГазТранссАймақ» акционерлік қоғамының облыстық филиалымен келіскендерін, бүгінгі таңда жұмыс нәтижелі екенін айтып өтті.

Есет Досалы, «Ақ жол». Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар