Серік Олжабеков, «Бином» ЖШС бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы.
Елімізді бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына қосуда құрылыс саласының алатын орны айрықша. Халқымыз: «Баспана – бақыт шамы» деп текке айтпаса керек. Адамның алаңсыз өмір сүріп, еңбек етуі, өсіп-өркендеуі үшін ең әуелі жайлы баспана қажет. Елімізде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және тікелей басшылығымен азаматтарымызды тұрғын үймен қамтамасыз етуде елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. 2012 жылы «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында жас отбасылар және басқа да көптеген азаматтар қол жетімді пәтерлерге ие болып, қуанышқа бөленуде. Әлемдік қаржы дағдарысы құрылыс саласын өркендетуге үлкен кедергі келтіргеніне қарамастан, Елбасымыз тұрғын үй құрылысын тоқтатпауға пәрмен берді. Осы бағытта «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Қазақстан Ипотекалық компаниясының қаржыландыруы арқылы көптеген тұрғын үйлер салынуда. Президенттің бес халықтық реформасының 49-қадамындағы: «Жаңа нормативтерді қабылдау инновациялық технология мен материалдарды қолдануға, құрылыс қызметі нарығындағы қазақстандық мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сонымен бірге құрылыс саласындағы шетелдік қызмет нарығына қазақстандық компаниялардың шығуына мүмкіндік береді» деген жолдар отандық құрылыс жұмысын жүргізушілерге үлкен міндет жүктейді. Осыны басшылыққа алған біздің – «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысты аз шығынмен жылдам әрі сапалы жүргізудің барлық жолдарын үздіксіз іздестіріп келеді. Мұның өзі нәтижесіз емес. Осыдан үш жыл бұрын компания еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясында еншілес кәсіпорнымыз – «Бином Строй Деталь» серіктестігі базасында «Тұрғын үй комбинатының құрылысы» жобасын жүзеге асырдық. Нысанның құны – 700 миллион теңге. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істегенде жылына 30 мың текше метр тұрғын үйге керек ірі панель шығарады. Бұл – 2 және 3 бөлмелі 400-500 пәтер деген сөз. Оған қажетті жабдықтар Германиядан жеткізіліп, орнатылды. Комбинат іске қосылған бір жылдың ішінде бірнеше көп қабатты тұрғын үйді салып, ел игілігіне бердік. Баспананы ірі панельмен соғудың артықшылығы мен тиімділігі әлдеқашан дәлелденген. Бүгінде Батыс елдері, оның ішінде Германияда ғимараттардың 20 пайыздан астамы осындай әдіспен жүргізіледі. Ресейде осындай ғимараттар салу кеңінен қолға алынуда. Кеңестік кезеңде Ұлы Отан соғысынан кейін жұртты жылдам баспаналы етудің ең тиімді жолы ретінде панель таңдалды. Таразда айналасы 20 жылға жуық уақытта осындай әдіспен 11 шағын аудан салынып, пайдалануға берілді. Олар қазір де ел игілігіне жарап тұр. Бұрын тұтас бетонмен құйылған панель үй қыста суық, жазда ыстық болды. Содан бері бұл технология бірнеше рет жетілдіріліп, өзгертілді. Қазіргі заманауи үлгідегі ірі панельдер жазда ыстық, қыста суық өткізбейді. Олардың ортасына арнайы жылытқыш материалдар салынады. Құрылыс – қыруар қаражат пен уақытты қажет етеді. Бір нысанды бірнеше мердігерлер (оның ішінде қосалқы мердігерлер) салғаннан кейін оның пайдалануға берілу мерзімі ұзарумен қатар сапасына да нұқсан келеді. Сондықтан да біз барлық жұмысты өзіміз тізбектелген жүйемен кешенді атқаруды ұйғардық. Бізге кез-келген тапсырыс беруші өзі қалайтын, қағазға түскен нобайын әкеліп берсе болды. Болашақ тұрғызылатын үйдің жобасын жасап, оған қажетті материалдың барлығын зауытта әзірлейміз. Дайын материалдар өзіміздің көліктермен жеткізіліп, крандармен құрастырылады. Оларды жылдам атқаратын білікті мамандарымыз да жеткілікті. Жаңа технологияны қолға алу нәтижесінде көлеміне қарай нысандарды бір ай және бірнеше ай мерзімде бітіріп, пайдалануға береміз. Мәселен, таяуда Тараздағы Химия кентіндегі үш қабатты 9 пәтерлі үйді үш айда толық салып бітірдік. Егер оны кірпіш немесе басқа материалмен салсақ, бір жылға жуық уақыт кетер еді. Ірі панельді үйдің құрылысы жылдам бітумен қатар бағасы едәуір арзан болады. Мәселен, қазір еліміздің тұрғын үй нарығындағы бір шаршы метр үйдің құны 116-165 мың теңге аралығында болса, бізде ол 110-130 мың теңгені құрайды. Тараздағы «Арай» алқабында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында былтыр 65 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын жүргізуді мемлекеттік сатып алу конкурсында ұтып алған едік. Оның құрылысына ірі панель қолданылуда. Үстіміздегі жылы қараша айында оны ел игілігіне ұсынамыз. Біз бұрын мұндай нысанды бір жыл бойы салатынбыз. Ірі панельдер біркелкі, тегіс құйылғандықтан оларды сылау, әрлеу жұмыстары өте аз жүргізіледі. Материал кәсіпорында өндірілгендіктен құны 15 пайыз төмен болады. Бағасы қолжетімді ғимараттың сейсмоберіктігі 8-9 балға есептелген. Кез-келген құрылыс жұмыстары ауа райына тәуелді. Қатты суық, қалың қар және боран жұмысты ырғақты жүргізуге үлкен кедергі келтіреді. Көп мердігерлер қыста осындай кезде кестеден қалып қояды. Ал бізге ауа райы жылдың қай мезгілінде болса да кедергі келтіре алмайды. «Бином Строй Деталь» комбинатында ірі панельдермен қатар темір-бетон бұйымдары, балкон және лоджияға қажетті материалдар шығарылады. Қажетті есік-терезе серіктестікте жасалады. Мұның өзі уақытты үнемдеуге, жұмыс ырғағынан жаңылдырмауға мүмкіндік береді. Серіктестікте шығарылатын матералдардың барлығы арнайы зертханада тексеруден өткізіледі. Өндірілетін барлық өнімнің сертификаты бар. Авторлық және техникалық қадағалаушылар жұмыс сапасына тұрақты бақылау жасайды. Нысандарды ірі панельмен салу қол жұмысын 80 пайызға дейін азайтады. Компания осыған дейін өзінің тапқан табысын материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсап келді. Соның нәтижесінде ескі техника жаңа және қуаттысымен толық алмастырылды. Қазір кәсіпорындағы техника саны 100 бірліктен асты. Мұның өзі белгіленген жұмысты жылдам әрі сапалы атқаруға игі ықпалын тигізуде. Әлемдік қаржы дағдарысы біздің де ырғақты жұмыс істеуімізге үлкен кедергі келтіруде. Атқаратын жұмыс ауқымының азаюына байланысты біраз мамандарымызды қысқартуға тура келуде. Жалпы, ірі тапсырыстар түсіп жатса, компанияның жылына 4 миллиард теңгеге дейін құрылыс құрастыру жұмыстарын жүргізуге әлеуеті толық жетеді. Қазір жұмыс орындарын сақтап қалу үшін жеке азаматтардан да тапсырыс қабылдап, үйлерін салып беруге әзірміз. Қысқасы, мемлекеттік «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында еліміздің тұрғындарын бағасы қолжетімді үймен жылдам қамтамасыз етудің бірден-бір жолы – ірі панельдік технологияны кеңінен қолдану болып табылады. Тұрғындардың қалың жігіне оны ипотекалық несие арқылы беруге болады. Біздің компания осы әдіспен қарапайым тұрғын үйден бастап, 9 қабатты ғимараттарды тұрғыза алады. Тапсырыс түссе, жеке таунхаустарды қысқа мерзімде салып, пайдалануға береміз. Келешекте ауылдық мектеп, амбулатория, балабақша, әкімшілік ғимарттарды осындай технологиямен соғып беру көзделуде. Кәсіпорында қажетті техниканың болуы, құрылыс материалдарының өзімізде шығарылуы және білікті мамандардың шоғырлануы – бізге тапсырыс түссе, еліміздің кез-келген аймағында құрылыс жүргізуге мүмкіндік береді. Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді