«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тайчибековтің соты басталды!

Тайчибековтің соты басталды!
ашық дереккөз
Тайчибековтің соты басталды!

Үстіміздегі жылғы 4 қарашада Қордай аудандық соты «Ғacebook» және «В контакте» әлеуметтік желілерінде ресейшіл пікірлерімен танылған, 37 жастағы Қордай ауданының тұрғыны Ермек Тайчибековтің үстінен қозғалған қылмыстық істі қарауды бастады. 

Тайчибековтің әлеуметтік желідегі «СССР-дің ыдырауы мен үшін трагедия болды. Өйткені, менің Отаным ыдырап кетті. Енді Отаным қайта бірігуі керек. Отаным – СССР, Ресей», «Қазақстанды Ресей губерниясына айналдыру керек», «Ортақ армия, ортақ азаматтық, орыс тілі – мемлекеттік тіл, мемлекеттік валюта рубль болғанын қалаймын» дегенге саятын Қазақстан мен Ресейді біріктіру мәселесін көтерген ресейшіл пікірлері бірнеше жыл қатарынан түрлі пікірталас тудырып келген еді. «Facebook» әлеуметтік желісінде «Ермек Тайчибеков және оның сыбайластары қамауға алынсын!» деген арнайы топ парақшасы да ашылған. Осы топ парақшасында Алматы облысының тұрғыны Ботагөз Исаева Ермек Тайчибековтің үстінен арыз түсіргенін биыл мамыр айында хабарлаған еді. Осының негізінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» аталатын 174-бабының 1-тармағы бойынша Тайчибековтің үстінен маусым айының 30-ы күні қылмыстық іс қозғалып, ол Алматы қаласындағы психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығына жатқызылды. Орталық зерттеулері негізінде Тайчибековтің ақыл-есі дұрыс деген қорытынды жасалып, блогер 19 қыркүйекте қамауға алынып, Тараз қаласындағы тергеу изоляторында ұсталып келді. Сот процесі басталуына байланысты осы аптада Қордай ауылына жеткізілген болатын. Соттың алғашқы күні Тайчибековтің іс материалдарымен таныс еместігі туралы мәлімдемесіне байланысты судья Қайрат Белгішев сот отырысын дүйсенбіге шегерді. Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» деп аталатын 174-бабының 1-тармағы бойынша қылмыскер деп танылған адам екi жылдан жеті жылға дейiн бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сот барысынан алдағы уақыттарда да хабардар етіп отыратын боламыз.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар