«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Оқырмандарына ой тастайтын басылым

Оқырмандарына ой тастайтын басылым
ашық дереккөз
Оқырмандарына ой тастайтын басылым

Сағи БЕЙСЕНБЕКОВ, облыстық аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты, облыстық мәслихаттың депутаты.

Бүгінде келер жылдың баспасөзіне жазылым жүргізілуде. Түрлі деңгейдегі мерзімдік басылымдардың арасынан ең әуелі облыстық «Ақ жол» газетін алып, тездетіп оқып шығуға құмартып тұрамын. Өйткені, ол – облыстың айнасы. Осы облыстық басылым арқылы денсаулық саласына қатысты, жастарға тәрбие боларлық ойларыммен бөлісетінім де бар. Жалпы, «Ақ жол» – менің ғана емес, көпшіліктің де сүйікті басылымы, мыңдардың мінбері. Газет, әсіресе, соңғы бір жыл ішінде заман талабына сай, уақытқа лайықты үн қосуымен ерекшеленіп, оқырман ойынан шығарлық газетке айналды. Басылым бетінен түрлі салалардағы шешімін күткен мәселелерді қозғайтын сараптамалық мақалаларды көптеп оқуға болады. Әсіресе, «100 қадам» – Ұлт жоспарының, «Нұрлы жол» инфрақұрылымдарды дамыту бағдарламасының, Мемлекет басшысының басқа да бастамалары мен тапсырмаларының мәні мен маңызы, орындалу барысы газетте тұрақты түрде жазылып, елге түсіндіріліп келеді. Бұл – зор жауапкершілік, үлкен міндет. Міне, осындай ауқымды жұмыстардың ортасынан табылатын журналистер оқырмандарын жалықтырып алмау жағын да қағыс қалдырмайды. «Шөкеңнің шошаласы», «Пырақ» секілді сатиралық және әдеби беттер сондай мақсаттан туған іс болса керек. Газеттің сенбілік сандарына Абайдың тағылымы мол өлеңдері тұрақты басылады. Бұл да құптарлық қадам. Ал «Ойбезбен», «Фейсбук парақшасы», «Тылсым дүниедегі» мақалалар оқырмандарына айрықша ұнайды деген ойдамын. Сөзжұмбақтар да демалыс күндері уақыт өткізуіңіз үшін керек, газеттен оны да табасыз. Бүгінгі «Ақ жол» – тақырыптары әр алуан, облыс көлемінде тарайтын жан-жақты, бірегей басылым. Оқырмандар елді бірлікке, ынтымаққа үндеп отырған басты басылымымызға жазылуды биыл да ұмытпайды, ал оған жазылушылар ұтпаса, ұтылмайды деген сенімдеміз. Ал өзім алғашқылардың бірі болып жазылдым.

Ұқсас жаңалықтар