Әлеуетіміз артып келеді

Әлеуетіміз  артып келеді
ашық дереккөз
Әлеуетіміз артып келеді

Еркін ЗАУРБЕКОВ, Ботамойнақ ауылдық округінің әкімі.

Ботамойнақ ауылдық округінде көптеген игі істер қарқын алуда. Округте 5700 тұрғын бар. Ауылдықтардың негізгі айналысатын кәсібі – мал және егін шаруашылығы. Жалпы пайдаланудағы жер көлемі – 18114 гектар, оның ішінде ауыл шаруашылық алқабы - 9212,2 гектарды, суармалы және тәлімі егістік жер 4424 гектарды құрайды. Бүгінге дейін округ бойынша 328 шаруа қожалығы тіркелген. Үстіміздегі жылдың көктемгі егіс-дала жұмыстары кезінде алқаптарға тиісінше бидай, арпа, жүгері, жоңышқа, картоп, көкөніс, қант қызылшасы, бақша дақылдары, сыпыртқы, мақсары егіліп, өсірілді. Суды үнемдеу мақсатында 125,5 гектар алқап тамшылатып суару тәсілімен игерілді. Міне, осындай әдіспен «Мехти», «Ильяс», «Сырғабай Ата», «Қойшан Ата», «Данияр», «Шарипов» шаруа қожалықтары көкөніс егіп, күзгі жиын-терін кезінде мол өнім жинады. Ағымдағы жылдың егін орағы науқанында 500 гектар күздік бидайдың гектар қайтарымы 12 центнерден айналды. Жаздық арпадан түскен өнім де күткендегідей болды. Ауылдық округте мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың орындалуы да көңіл көншітерлік. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2011 жылдан бері 5 шаруа қожалығы 82 миллион 830 мың теңге көлеміндегі жеңілдетілген несиеге 445 бас сиыр, 19 бас аталық бұқа алып, қораларындағы мал басы санын көбейтті. Биыл «Алтын асық» бағдарламасы арқылы «Нұрдаулет» ШҚ жетекшісі С.Қалыбекова 3 миллион 552 мың теңгеге ұсақ мал алса, «Аширова» ШҚ жетекшісі А.Аширова 6 миллион теңгеге 226 бас асыл тұқымды саулық қой және 7 бас асыл тұқымды қошқар алды. «Құлан» бағдарламасы бойынша «Әлібек» ШҚ жетекшісі Қ.Абдықалықов 2 миллион 700 мың теңгеге 8 бие, 2 айғыр сатып алды. Бүгінде «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасының 2-ші бағытына сәйкес ауылдық округтен несие алу үшін 2014-2015 жылдары 14 азамат өтініш беріп, бүгінгі күнге дейін олардың 9-ы 24 миллион теңге көлеміндегі несиеге қол жеткізді. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «База-Cervis» ЖШС кірпіш шығару кәсіпорны және «Taraz-Z» ЖШС қаптама қораптарын шығаратын полимер пленкаларын шығару кәсіпорындары және «Шойын-Темір» ЖШС жұмыс істейді. Бұл нысандардың округ тұрғындарының белгілі бір деңгейде жұмыспен қамтылып, отбасы игілігін еселеуіне септігі тиіп отыр. Мұның өзі 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдарды дамыту мемлекеттік бағдарламасы игілігін ауылдықтардың да сезіне бастағанын көрсетеді. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да өзінің жалғасын таппақ.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар