«Ақ жол» газетінің 29 қыркүйек күнгі санында жарияланған «Еңбегі елеуге тұрарлық еді» деген мақала мені де терең ойда қалдырды. Автордың кезінде ел-аймағына ұлағатты ұстаз ретінде танылған Р. Сеңгірбаевтың есімін Қаратау кәсіптік-техникалық училищесіне беру жөніндегі ұсынысымен мен де келісемін. Мен Рүстемді алғаш алпысыншы жылдары Крупская (қазіргі Өрнек) колхозындағы № 136 училищеде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беріп жүргенінде көріп танысқан едім. Жоғары оқу орнына түсе алмай жүрген кезім, біраз ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар берді. Кейін Қаратауға ауысып кетті де, біраз уақыт көз жазып қалдым. Онымен арада аттай бес жыл өткенде, ауылда қызылша қазығы жұмыстары қызу жүріп жатқан тұста жолығысқаным бар. Ол Қаратаудан училище ұстаздары мен білімгерлерін бастап көмек беруге келген екен. Сол жолы барлық істің тізгінін өз қолына алып, төрт жүзден астам адамға тапсырмалар жүктеп, орындалуын қадағалап жүрді. Оған бір әңгіме үстінде Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтында оқитынымды, бірер пәннен «қарыз» болып қалып, үшінші курстан әрі өте алмай жүргенімді айтып едім. «Жақсыда жаттық жоқ» демекші, ол институттағы деканыммен хабарласып, он екі күндік демалыс алып, «қарыздар» сабақтарымнан сынақ тапсырып қайтуыма сол заматында көмегін бергені де бар. Кейін облыстағы кәсіптік-техникалық училищелер басшыларының кезекті семинары Қаратауда, Рекең басқаратын училище базасында өтіп, оның Қазақ КСР-нің ауыспалы Қызыл Туын үш жыл бойы қолдан шығармаған жеңісі жөнінде естіп, өте-мөте риза болдық. Ол осылай өзінің училищесінің атын елімізге танытып еді. Сол жолы мені өзі шақырып алып, институтты ойдағыдай бітіргеніме қуанып, ізгі тілектестігін де білдірген. Алда-жалда ол деканыммен хабарласып, мәселені оң шешпегенде, оқу орнынан шығып қалар ма едім, кім білсін. Рүстемдей жақсы адамның шарапаты тигенін әсте ұмытпақ емеспін. Оның мен секілді талай жасқа қамқор болып, қолдау көрсеткені анық. Қалай десек те, Қаратау кәсіптік-техникалық училищесін оңтайландыру кезеңінің қиындықтарына ұрындырмай сақтап, қайта қалпына келтіріп, сан салада көптеген мамандар даярлап шығарғаны, Қаратаудағы мешіттің құрылыс жұмыстарына жанашырлықпен мол үлесін қосқаны – үлкен еңбек. Сайып келгенде, айтарым – өзі зейнеткерлікке шыққанға дейін тер төгіп, еңбек еткен оқу орнына Р. Сеңгірбайұлының есімі әбден лайықты.
Кәдірхан БЕЙСЕНБЕКОВ, ҚР білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз. Өрнек ауылы, Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді