Әр үйдің рухани қазынасы

Әр үйдің рухани қазынасы
ашық дереккөз
Әр үйдің рухани қазынасы

Сейтхан ЖОШЫБАЕВ, ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор.

Мерзімдік басылымдар әрбір өңірдің түрлі кезеңдердегі тұрмыс-тіршілігін, дәуір тынысын келешекке жеткізуші тағылымды тарихы, шынайы шежіресі болып қатталуымен де құнды. «Ақ жол» газеті де сондай талай-талай тар жол, тайғақ кешулер тұсында ел-жұртына уәлі сөзін айтып, ынтымақ-бірлікке шақырған, сандаған ұлт, ұлысты уыздай ұйыстырған байырғы басылымдардың бірі, бірегейі де! Бүгінде оның белсенді оқырмандарының бірімін. Бұл газетке әбден бауыр басып қалдым. Осы күні оның әрбір санын асыға күтетін болдым. Газет өз дәуіріне сай өзгерумен келеді. Әсіресе, қазіргі ақпараттық технологиялардың жетілдірілуіне байланысты үлкен форматпен түрлі-түске боялып, мазмұнды да қызықты болып шыға бастағаны қуантады. Өңірдегі өзге газеттерге қарағанда жазары да, айтары да көп. Бүгінде ауылды жерлерде аса қолжетімді емес ғаламтор материалдарын да көптеп басады.Облыс тыныс-тіршілігін, еліміз бен шетелдердің жаңалықтарын, әлеуметтік-экономикалық толғақты мәселелерді қаузаған сараптамалық мақалаларды, әдеби-танымдық дүниелерді, жастарға, қыз-келіншектерге, оқырмандарға арналған, сатиралық арнайы беттерді – барлығын да осы басылымнан таба аласың. Рухани қажетімізді қанағаттандыратын, қанаттандыратын үнқағазға айналды. Әсіресе, күні кеше ғана өңірімізде Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қалай аталып өтілгені, осымен байланысты атқарылған жұмыстар мен ата тарихымыздың қайдан бастау алатыны жөнінде жан-жақты жазып көрсетіп, қай-қай оқырманының болсын тарихи танымын молайтқанын ерекше атап өтуіміз керек. Біздіңше, елімізде жүзеге асырылып жатқан жасампаз істердің жаршысы болып отырған «Ақ жол» әрбір шаңырақта болса да еш артығы жоқ. Газетті келер жылы да үзбей алып тұру үшін бірінші кезекте жазылдым. Сіздер де жазылыңыздар, әлеумет!

Без-имени-1

Ұқсас жаңалықтар