Қай өңірде, қай қалада болмасын базарлар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға, эстетикалық талғамдарға сай болуы тиіс. Сол талаптар сақталған жерде сатушылар да, мал сатып алушылар да қиналмайды, сауда да сәтті жүреді. Қала тұрғындарына да залалсыз болады. Алайда, Тараздағы «Бурыл» мал базарында жағдай мүлдем керісінше. Мұнда сатушыға да, сатып алушыға да қажетті жағдай жасалмаған. Біз бұл базардың мәселесін бұрын талай рет көтергенбіз. Десек те мәселеге мән беріп, назар аударып жатқан жауапты азаматтар табылмай тұр. Нәтиже жоқ. Неге? Жақында аталған мал базарды тағы бір көріп қайттық. Жарты ғасырдан астам уақыттан бері облыс тұрғындарының төрт түлік малын саудалауына қызмет көрсетіп келе жатқан базар қазіргі заман талабына еш сай емес. Аптасына бір мәрте – жексенбі күні ғана сауда-саттық ұйымдастырылады. Шалғай ауданнан келген шаруалар әкелген малын қалайда сол күні сатып кетуді көздеп, жол бойында тұрып-ақ саудаласып әлек. Мұның салдары мал базардың іші былай тұрсын, оның сыртында жүріп-тұрудың өзін қиынға соқтырады. Осыған орай Тараз қаласы тұрғындарының пікірін білгіміз келген.
Ораз Оразбеков:
– Бұл – мал базары емес, нағыз күтімсіз кеткен жер. Кірсең шыға алмайсың, шықсаң кіре алмайсың. Айнала толып тұрған кептеліс. Екі-үш сағаттап жол бойында тұрамыз. Бүкіл уақыт кептеліспен өтеді. Базар болып тұратын болса бұл жерге бір реттілік, тазалық керек қой.
Рахманберді Тіркесбаев: Мал базарының ішіндегі санитарлық жағдайы өте төмен. Тек ақша алуды біледі бұлар. Есік алдында, кассада отырғандар әр малдың басына алатын төлемді де жиі жоғарылатып қояды. Мұндағылар тек өз жағдайын ойлайды, қарапайым келушіге жасалған жағдайды көріп тұрған жоқпын. Мал базардың сыртындағы жағдайды айттық. Ал ішіне кірсеңіз, одан да сорақы. Бұл жолы алдымыздан кес-кестеп шығатын базар басшыларының бірі де төбе көрсетпеді. Ал базарда малды саудалауға мүлдем жағдай қарастырылмаған. Жерге арнайы тас төсеніштер төселмегендіктен, базар іші батпаққа айналған. Біз аралап шыққан «Бурыл» мал базарының жай-күйі осындай. Қой-ешкісін жетелеп, ірі қарасын саудаға салған халықтың қарасы көп. Іркес-тіркес сап түзеген автокөліктердің де ретсіз тұрғаны байқалады. Базардың іші-сырты да, бұрыш-бұрышы бәрі сауда алаңына айналған. Тазалық туралы бұл жерде сөз қозғаудың өзі ұят. Тағы бір айта кететін жайт, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтін бұл базардың мәселесі қазіргі уақытта облыс прокуратурасының қарауында екен. Тіпті, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Тараз қаласында орналасқан «Бурыл» мал базарының жағдайы санитарлық талаптарға сай келмегендіктен, оны талапқа сай қайта жөндегенше жұмысын тоқтату жөнінде шешім де шығарыпты. «Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2014 жылғы 11 қарашадағы шешіміне байланысты Тараз қаласы, Мәмбет батыр көшесі, №31 мекен-жайдағы «Бурыл» мал базарының жұмысын санитарлық талапқа сай келмегендіктен тоқтатуға шешім қабылданды», – деді №3 Тараз қалалық аумақтық бөлімінің сот орындаушысы Зарина Құттыбаева. Ал, базар басшылығы әзірге бұл шешіммен санаспай отыр. Ал «Бурыл» базарының санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сай еместігін жұрт көріп отыр.
Данияр Асқарұлы, журналист.
Тараз қаласы.
Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді