Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойына арналған ақындар айтысының жеңімпаздары анықталды
- author «Ақ жол»
- 29 қазан, 2015
- 328
Қазақтың кемеңгер, ойшыл, ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбайұлының туғанына 170 жыл толуына орай Қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінде «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...» атты қалалық ақындар айтысы өтті.
Жыр додасына Қыздар университеті, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті және Алматы қаласы жоғарғы оқу орындарынан іріктеліп алынған кіл жүйрік, сөз қадірін білетін, Абайды пір тұтқан жастар қатысты.
Суырып-салма сөз сайысына алдын ала жеребе тарту рәсімі бойынша іріктеуден өтіп, шешуші кезеңге зерделі сөзімен, мәнерлі мақамы, суырыпсалма ақындығымен жолдама алған 8 үздік ақын бақ сынасты.
Түйткілді мәселелерді тілге тиек еткен жас ақындар һәкім Абайдың 170 жылдығын жырға қоса отырып, Абай шығармаларының негізгі тақырыбы ұлт, ұрпақ тәрбиесі, адамгершілік пен азаматтық, әділдік пен адалдық, имандылық пен парасаттылық, достық пен махаббат тақырыптарын өлең-жырға қосты. Жастар өзара жарасымды әзіл-қалжың, қағытпалар мен орамды ой, толғақты түйіндерге тоқталып, сұлу сөздің кереметін көрсетіп, айтыс десе ішкен асын жерге қоятын өлеңқұмар қауымды бір желпінтіп тастады. Шабыты шарықтаған сөз сардарлары ойнақы орам, суырып-салма өнерлерімен айтысты думанды кешке айналдырды.
Айтыскерлердің өнері ашық түрде 5-тен 10-ға дейінгі ұпаймен бағаланды.
Айтыстың қорытындысы бойынша бас жүлдені Сүлеймен Демирел университетінің студенті Алтынбек Ибрагимов қанжығасына байлады. І орынды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті атынан келген Айтбек Тұрсынбаев жеңіп алды. ІІ орын Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенті Жібек Шаймарданқызына бұйырды. Ал, ІІІ орынды Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Қару Нұрзат иеленді. Сонымен қатар 4 ынталандыру сыйлығы табыс етілді.
Жеңімпаздардың барлығы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бұдан бөлек арнайы сыйлық иелеріне сый-сияпаттар жасалды.
«Абай шығармашылығын, ойшыл ақынның рухани мұрасын жастарға кеңінен насихаттау, ақын шығармашылығы арқылы жастарды рухани-адамгершілікке, имандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу бүгінгі шараның негізгі мақсаты болды. Қазақтың данышпан ақыны Абай Құнанбайұлының мерейтойы университет деңгейінде түрлі бағыттарда тойлануда. Оқу орын жыл сайын «Абай оқуларын» өткізуді дәстүрге айналдырған. Абай бүгінгі ұрпақтың басты бағдаршамына айналды, сондықтан да Абай мұрасының жастарға кеңінен насихатталуы алдағы уақытта да өз жалғасын табады», - деді шараның ұйымдастырушысы, қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, айтыс жанашыры Тұрсынбай Дәуітұлы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді