«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақстанға көшіп келетін қазақтар еселеп кеміп барады

Қазақстанға көшіп келетін қазақтар еселеп кеміп барады
ашық дереккөз
Қазақстанға көшіп келетін қазақтар еселеп кеміп барады

кошМамандардың пікірінше, алыс-жақын шетелдерден Қазақстанға қоныс аударатын оралмандардың қарқыны саябырсуына көші-қон заңы себепкер деп жазады Азаттық.

Өзбекстанда тұрған этникалық қазақ Буайда Бабақұлова Алматыға көшіп келген үш баласынан соңынан өзі де Қазақстанға қоныс аударған. Бірақ ол тарихи отанына оралған кезде көп кедергіге жолыққанын айтады.

“Өткен жылы шалымыз екеуіміз балаларымызға көшіп келсек, бізді оралман ретінде қабылдамай қойды. Есепшот ашып, оған әуелі күйеуім екі миллион теңгеден астам ақша құйып, тұрақты тіркеуге тұрды. Одан кейін алты ай өткенде мен де сондай жолмен тұрақты тіркеуге тұрдым. Тұрақты тіркеуге тұру машақатымен жүргенде алты айғы зейнетақымнан айырылдым”, – дейді Буайда Бабақұлова.

Оралмандардың «Отандас ел» қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы Қайрат Байтолланың сөзінше, Қазақстанға шеттен келген соң мұндай қиындыққа тап болған тек Буайда Бабақұлова ғана емес. Ол мәселенің төркінін 2013 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне еңбек миграциясы мәселелері бойынша түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңнан іздейді.

Бұл заңға қарамай көшіп келгендер қазір Қазақстанда босқыннан да жаман күн кешіп жүр

“Заңға өзгеріс енгеннен кейін сырттан келетін оралмандардың саны күрт азайғаны белгілі. Өйткені сырттан келген этникалық қазақтар төрт жылдан соң ғана барып азаматтық алатын болды. Бұл заңға қарамай көшіп келгендер қазір Қазақстанда босқыннан да жаман күн кешіп жүр”, – дейді Қайрат Байтолла.

Ол былтыр парламент мәжілісінің қарауына қайта түсіп, биыл қазан айында сенатқа жіберілген жаңа көші-қон туралы заң жобасы мақұлданса, Қазақстанға келетін оралмандар көбеюі мүмкін деп санайды.

Көші-қон жайлы 2013 жылғы заң Қазақстанға оралмандардың келуін шектеп отырғанын денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің этникалық және ішкі көші-қонды реттеу басқармасының бастығы Марат Тоқсанбаев та растайды.

“Қазіргі қолданыстағы заң бойынша ең әуелі көшіп келген адам тұрақты тіркеуге тұруы керек. Тұрақты тіркеуден, тексеруден өткеннен кейін ғана оралман мәселесіне ие болады. Бұл – бірінші кедергі. Екіншісі – азаматтық алу мәселесі. Бұрын жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алатын, бірден оралман мәртебесін алатын. Міне, осы мәселелерге байланысты көш тоқтап тұр”, – дейді ол.

Павлодар облысының көші-қон бөлімінің аты-жөнін атамауды өтінген қызметкерінің сөзінше, ол өңірлер де оралмандарды қабылдауға дайын емес

2013 жылы мақұлданған көші-қон заңы негізінде үкіметтің «Оралмандарды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау туралы» 248-қаулысы (2014 жылғы 20 наурыз) шыққан. Ол қаулы негізінде оралмандарды қабылдайтын жеті облыс қана (Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан) аталған. Бірақ үкіметтің сол жылы шілденің 8-сі күні қабылдаған 783-қаулысы оралмандарды қабылдайтын тізімге елдегі 14 облысты түгел қосқан. Соңғы қаулыдан кейін Азаттыққа түсініктеме берген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілі оралманның бұдан былай кез келген облысқа баруына рұқсат етілгенімен, «үкімет айқындаған өңірлерге келген оралмандардың жол шығыны өтелетінін және олар қызметтік баспанамен қамтамасыз етілетінін» айтқан.

Бірақ үкімет айқындаған облыстардың бірі – Павлодар облысының көші-қон бөлімінің аты-жөнін атамауды өтінген қызметкерінің сөзінше, ол өңірлер де оралмандарды қабылдауға дайын емес.

Өңірлердің барлығына оралмандарды қабылдауға болатыны, бірақ алғашқы аталған жеті облысқа барған этникалық қазақтарға жағдай жасалынатыны үкіметтің қаулысында айқын көрсетілген. Бірақ бюджеттен ол өңірлерге қаржы бөлінген жоқ

“Үкімет асығыс шешім қабылдады. Әуелі жеті аймақты айқындады. Кейін ол қаулының күшін жойды. Астана мен Алматыдан басқа өңірлердің барлығына оралмандарды қабылдауға болатыны, бірақ алғашқы аталған жеті облысқа барған этникалық қазақтарға жағдай жасалынатыны үкіметтің қаулысында айқын көрсетілген. Бірақ бюджеттен ол өңірлерге қаржы бөлінген жоқ. Сол себепті оралмандарды қабылдауға мүмкіндік жоқ. Облыстық бюджеттің шамасы оған жетпейді”, – дейді павлодарлық маман.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қазанның 20-сы күні жариялаған дерегіне қарағанда, 2015 жылдың алғашқы 9 айында Қазақстанға 3012 этникалық қазақ (1164 отбасы) көшіп келген. Бұл былтырғы осы мерзімдегі көрсеткіштен (2014 жылдың алғашқы 9 айында 7468 оралман келген) екі жарым есе, алдыңғы жылғы осы кезеңдегіден (2013 жылдың алғашқы 9 айында 21949 оралман келген) жеті есе аз.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанға биыл шетелден оралған этникалық қазақтардың 78,6 пайызы – Өзбекстаннан, 6,7 пайызы – Түркіменстаннан, 6 пайызы – Қытайдан, 3,1 пайызы – Моңғолиядан, 5,6 пайызы басқа мемлекеттерден келген. Олардың 61 пайызы – еңбек жасындағы адамдар, 33 пайызы – 18 жасқа дейінгі балалар, 6 пайызы – зейнеткерлер.

Ұқсас жаңалықтар