Әр халық өзінің дәстүрлі тағамдарын көбірек тұтынса пайдалы, сіңімді болады (ФОТО)
- author «Ақ жол»
- 26 қазан, 2015
- 369
Елімбек Қазұлы - Қазақ технология және бизнес университеті, технология және стандарттау кафедрасының доценті, ветеринария ғылымдарының кандидаты. Ол - АҚШ-тың Андерсон атындағы Онкологиялық орталығында «Биотехнология» мамандығы бойынша ғылыми тағылымдамадан өткен талапты маман. Біз, ХХІ ғасырдың бірегей ғылымы саналатын Биотехнология саласының бүгінгі таңдағы өміршең жаңалықтарын Елімбек Қазұлынан сұрап білдік.
- Ғалымдар биотехнологияның қарқынды дамуы адамзат болашағына жаңа бетбұрыс әкеледі деп қарайды. Ендеше, биотехнология ғылымы әлемде қандай жаңа бағыттармен дамып келеді?
- Жаңа ғасырдың озық ғылымы атанған биотехнология әлемде өте жақсы дамуда. Бұл ғылымның өркендеуі заман талабынан туындап отыр. Қазіргі күні биотехнологияда мынадай бағыттар дамуда: энергия және басқа да материалдар элементтерінің биоөндірісі; генетикалық-модификацияланған астықтық дақылдар өндірісі; отын немесе химиялық заттар өндірісі үшін теңіз қорларын пайдалану; қалдықсыз биоөңдеу; көмірқышқыл газын шикізат ретінде пайдалану; жаңа дене мүшесін жасаудағы регенеративтік медицина мүмкіндіктері; дәрілер мен вакциналарды тез арада жоғары дәрежеде әзірлеу және өндіру; дәлдігі жоғары, жылдам әрі арзан арнайы диагностика; су және топыраққа арналған биотехнология; геном арқылы денсаулық сақтау жүйесін жақсарту. Міне Биотехнологияның осы және басқа да бағыттары, әсіресе, дамыған елдерде аса жоғары қарқынмен дамуда. Ол елдерде зерттеу жұмыстарына қыруар қаржы бөліп отыр.
- Қазақстан осы әлемдік ғылымның көшінен қалып қалған жоқ па?
- Ашқан жаңалықтарымыз аз болғанымен бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстанда да жан-жақты зерттелуде. Жоғарыда айтқанымдай, биотехнология саласының дамып жатқан сан түрлі бағыттары бар, ауқымы кең ғылым. Мен жұмыс істеп отырған Қазақ технология және бизнес университетінде негізінен тағам биотехнологиясы оқытылады. Бұл биотехнологиядағы ең маңызды, болашағы зор сала. Өйткені бүгінгі таңда экологиялық ортаның нашарлауы секілді түрлі себептерге байланысты көптеген адамдарда макроэлемент, микроэлементтер, витаминдер тапшылығы туындап отыр. Сол аурулардың алдын алуға, емдеуге биотехнологиялық өнімдер көмектесе алады. Өкініштісі, бізде биотехнологиялық компаниялар дамымай тұр. Елде бұл салада зерттеу орталықтары ғана жұмыс істеп жатыр.
- Тағам биотехнологиясын пайдаланып, сапалы өнімдерді қалай дайындауға болады?
- Мемлекеттің экономикасына тірек болатын байлық қоры сарқылып, таусылатын көмір, мұнай сияқты шикізат көздері деп ойламауымыз керек. Біз мән бермейтін, көзге көрінбейтін микроорганизмдерсіз адамзаттың тіршілік етуі мүмкін емес. Ал микроорганизмдердегі бактериялар, түрлі вирустар, биотехнологиялық нысаналарды терең зерттеп, адам денсаулығының игілігіне пайдалансақ, ол сарқылмайтын нағыз байлық болар еді. Әлемде жоқ жаңа өнім түрін жасап, ел экономикасына серпін беруге де мүмкіндік туар еді. Микроорганизмдер кез келген жерде өсіп өнеді. Бір бактерияны миллион етіп өсіруге болады. Біз бактериялардан гендік инженериялық әдістермен өзімізге қажетті өнімдерді жасаймыз. Мысалы, қазір ғалымдар инсулинді бактериялардың көмегімен өндіреді. Оған дейін оны малдардың ұйқы бездерінен алып келді. Олар адамға аллергия беретін, тазалауда да қиындық тудыратын.
Қазіргі күні биотехнология мамандары жаңа функциялық, инновациялық тағамдарды немесе сүт өнімдерін жасауға ден қойды. Сүт өнімдері деп отырғанымыз жай сүтқышқылы өнімі емес, белгілі бір аурудың алдын алатын өнімдер. Бұл өнімдердің құндылығы құрамындағы бактериялардың сапасына байланысты болады. Олардың құрамы биологиялық белсенді қоспалар немесе микроэлементтермен байытылады.
- Шетелде бұл саладағы жұмыстар қарқынды дамып кеткенін айттыңыз. Ендеше отандық мамандардың зерттеуі ғылымдағы қайталау болып қалмай ма? Отандық өнімнің артықшылығы неде?
- Жер бетіндегі өсімдік және сыртқы факторлардың ұқсамайтындығы себепті бағалы микроорганизмдер де әр жерде әртүрлі қалыпта болады. Сол сияқты адамдардың да иммунитеті 70 пайызға дейін асқазан, ішек жолдарының ас қорытуына байланысты. Табиғатымызға жақын тағамдарды пайдаланбасақ, ас қорытудың қалпы бұзылады. Біздің асқазанымызда бөтен тағамдарды қорытатын ферменттер қалыптаспағандықтан кері әсері болады. Сондықтан өз жеріміздегі микроорганизмдерді зерттеп, оларды халқымздың қажетіне жаратуымыз керек. Сол себепті де шетелдік өнімдердің пайдасы өздеріне тисе де, бізге пайдалы болмауы мүмкін. Зияндылығы ұзақ жылдар бойы жинала келіп жарыққа шығады. Осындай себептерге байланысты шығар, қазіргі күні бұрын жоқ ауру түрлерінің шығып, жас адамдардың қатерлі ісікке оңай шалдығып жатуы. Әлемдік зерттеушілер де әр халық өзінің жанына жақын дәстүрлі тағамдарын көбірек тұтынса пайдалы, сіңімді болатындығын дәлелдеп отыр.
- Сіз қатерлі ісік ауруларын емдеу саласы бойынша АҚШ-тың ең үздік медициналық орталығына барып біліміңізді шыңдап келіпсіз. Сонда жүргенде қатерлі ісік ауруларына байланысты зерттеулермен де айналыстыңыз. Бұл білім ордасына қалай жолыңыз түсті?
- Мен бүгінгі жұмыс істеп жатқан оқу орнына келгенге дейін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық универсиетінде және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқытушы болып жұмыс атқардым. 2010 жылы Еуразия ұлттық университетінде жүргенде «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-та ғылыми тағылымдамадан өттім. Мен барған Техас университетінің МД Андерсон Онкологиялық Орталығы - медицинаның осы саласы бойынша дүние жүзіндегі ең атақты әрі мамандандырылған орталықтарының бірі екен. Бұл орталық қатерлі ісік ауруларын емдеу саласы бойынша АҚШ-тың ең үздік, № 1 медициналық мекемесі деп танылған. МД Андерсон орталығында өмірлерін қайырымды миссияға - қатерлі ісікпен күреске арнаған студенттер, медбикелер, дәрігерлер мен ғалымдар тынымсыз еңбек етуде.
Мен Андерсон атындағы Онкологиялық орталықтағы отандасымыз Дос Сарбасовтың зертханасында зерттеуші ғалым Т.Шайкеннің жетекшілігімен mTOR-дың биохимиясын зерттеу жобасы бойынша жұмыс істедім.
mTOR (mammalian target of rapamycin - рапаамициннің сүт қоректілердегі нысанасы) молекулалық массасы 289 кДа болатын, серин-треониндік протеинкиназа класына жататын ақуыз. mTOR-ды зерттеу тарихы 1990-жылдардың орта шенінен басталды. Бұл кезде зерттеушілердің назарын клиникалық практикада дәстүрлі түрде иммунодепрессант ретінде қолданатын антибиотик-рапамициннің кең әсер ету спектрі өзіне аударды. Рапамицин лимфоидтық жасушалардың ғана емес, басқа да ұлпалар, соның ішінде ісіктік ұлпалардың да пролиферативтік белсенділігін басатындығы анықталған, қазіргі уақытта қатерлі ісікке қарсы препарат ретінде қолданылады.
Біздің зерттеу жұмысымыздың басты мақсаты сүт қоректілер жасушасында mTOR-дың жаңа кешенін табу және ол кешеннің қызметін зерттеу болды. Біз тапқан mТОR-дың жаңа кешені ядроның сыртқы қабығында орналасқан және жасушадағы атқаратын физиологиялық қызметі де белгілі екі кешеннен басқаша болып шықты. Зерттеу нәтижелері mТОR экспрессиясын азайту немесе mТОR киназа белсенділігін тежеу арқылы рибосомалдық ақуыздың ядролық тасымалын бақылай отырып, осы процесті реттеу мүмкіндігін көрсетті. Рибосомалар биогенезін реттеудің бұл механизмі қатерлі ісік жасушаларының өсуін бақылауға мүмкіндік береді. mТОR-дың биохимиясын зерттеу, зерттеу нәтижелері «Онкотаргет» журналында жарық көрді.
Бұл жерде ғылыми бәсекелестік өте жоғары деңгейде қалыптасқан. Ғылыми жұмыспен айналысуға барлық жағдай жасалған. Біз сол уақыттарда таңның атып, күннің батқанын білмей бар ынтамызбен, қызығушылықпен жұмыс істедік.
- Ғылыми жаңалықтар кездейсоқ ашылады екен. Өзіңіз құпиясын тапсам деп армандаған ғылым жолындағы болашақ жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
- Болашақтың бәрін болжап, жоспарлап тастауға келмес. Ғылыммен айналысуға кең жол ашылып, орай туса, бұл жолда білім-білігімді көрсетуден аянып қалмаспын. Қазіргі мүмкіндіктерге байланысты биотехнологияның үлкен бір саласы тағам биотехнологиясы бойынша, биотехнологиялық жолдармен функционалдық тағам өнімдері мен өсімдік және жануар текті шикізаттардан биологиялық белсенді заттарды бөліп ала отырып, инновациялық отандық тағамдық өнімдер мен препараттар алуды ойластырып отырмыз. Осы мақсатта бірнеше жобалар әзірленіп, университет зертханасында жұмыстар жүргізілуде.
Осыған дейін Испанияның Гранада университетінің профессоры Альберто Тинаутпен бірге Алматы облысы, «Алтын Емел» ұлттық паркі, «Шарын шатқалы» аумағында құмырысқалардың биологиясы және экологиясын зерттеу жөніндегі халықаралық ғылыми жоба құрамында зерттеулер жүргізіп, зерттеу нәтижелері шетелдік басылымдарда жарық көрді. «Бүкіләлемдік құмырсқа таксономистері» қатарында автор ретінде тіркелдім. Шетелдік ғалымның Қазақстанға келуі құмырсқаның ерекше бір түрінің біздің елдің аумағында өмір сүріп жатқандығымен байланысты болды. Аңсарын аударған сол құмырсқаны тапқанымызда оның қуанышында шек болмады. Ал Францияның «ВитамФеро» биотехнологиялық компаниясымен бірігіп қой және сиыр бабезиозына қарсы вакцина әзірлеу жөнінде «Анбаб» атты халықаралық ғылыми жобамызды ұсынып отырмыз. Бүгінгі күнге дейін 35 ғылыми мақалам жарық көрді.
Сұхбаттасқан: Бақытжол Кәкеш
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді