«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құқық бұзудан қорықпайтындар

Құқық бұзудан қорықпайтындар
ашық дереккөз
Құқық бұзудан қорықпайтындар

Ағымдағы жылдың 9 айында мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілгендерге қарсы 164 қылмыстық іс қозғалған, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 4,4 пайызға өскен. Сонымен қатар, 2015 жылдың 9 айында 154 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тіркеліп, 2014 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, 10 фактіге немесе 6 пайызға төмендеген. Бұл туралы облысымыздағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша және құқық бұзушылықтардың алдын алу мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың отырысында облыс әкімі, комиссияның төрағасы Кәрім Көкірекбаев мәлімдеді.

Сондай-ақ, жиынды ашып, жүргізіп отырған аймақ басшысы күн тәртібіндегі алғашқы мәселеге тоқталып, облыстық ішкі істер департаментінде сыбайлас жемқорлық көріністері бар қылмыстар мен құқық бұзушылықтар аз еместігін алға тартты. – Ағымдағы жылдың тоғыз айында ішкі істер органдарының қызметкерлеріне жиырма екі қылмыстық іс қозғалса, оның тоғызы сыбайлас жемқорлық сипатында. Қозғалған істер пара алу, лауазымды қызметтік өкілеттіктерін асыра немесе теріс пайдалану және алаяқтықты жүзеге асыру бойынша қаралған, – деген Кәрім Нәсбекұлы бұл туралы облыс әкімдігі ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Байжан Байгелдіден жауап алды. – Облыстық ішкі істер департаментінің қызметкеріне қатысты айып тағылған қылмыстық көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда ағымдағы жылы 40 пайызға төмендеп отыр. Былтыр бұл мерзімдегі көрсеткішке сай отыз жеті қылмыстық іс қозғалса, биыл жиырма екіге кеміген. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар 63 пайызға төмендеген. Биыл тоғыз айда тоғыз қылмыс тіркелсе, былтыр сыбайлас жемкорлыққа қатысты жиырма алты қылмыстық іс қаралған, – дей келе, Байжан Есенбекұлы бұл бағытта түрлі бағдарламалар қабылданып, алдын алу шаралары атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол ағымдағы жылы қозғалған жиырма екі қылмыстық істің жетеуі өз күштерімен анықталғанын атап өтті. Кәрім Нәсбекұлы ішкі істер органдарының Жамбыл ауданындағы шенді қызметкердің бірі жол бойында көлік тоқтатып жүргенін айтып, қатаң сынға алды. Мұны ғаламтор арқылы тараған бейнежазбадан көрген аймақ басшысы, ондай заң бұзушылықтарға жол берілмеу керектігін қадап айтты. Бұдан кейін сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстары бойынша Т.Рысқұлов, Қордай, Мойынқұм аудандарының әкімдерінің есептері тыңдалды. Кеткен кемшіліктер комиссия төрағасы тарапынан сынға алынып, бұл бағыттағы жұмыстар ұдайы қарқынды түрде жүргізіліп отыру керектігі ескертілді. Аймақ басшысы Мойынқұм ауданындағы заңсыз шабылып жатқан сексеуіл ағаштарының жайына алаңдаушылық білдірді. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Жүнісбеков баяндама жасап, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар туралы жан-жақты қаузады. Кәрім Нәсбекұлы жол-көлік оқиғасының азаймай отырғандығын, пәтер, мал ұрлықтары толастамай жатқандығын сынға алды. Кеден бекеттеріндегі қадағалауларды күшейту керектігін ескертті. Жиын соңында аудандар мен Тараз қаласының әкімдеріне, облыс әкімдігінің басқармалары және аумақтық мемлекеттік орган басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктелді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар