Туған жер мен зеңгір көктің арасы
«Ер еңбегімен елеулі, Ерлігімен таңдаулы» дейді қазақ. Бүгінгінің батыры, қазақтан шыққан үшінші ғарышкер Айдын Айымбетов жуырда ғана Мемлекет басшысының Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атанған күні ел болып мерейленсек, ғарышкер туған жері Талдықорған қаласына табан тіреген күні де жетісулықтардың тебіренісінде шек болмады. Өзінің кіндік қаны тамған, ондағы жас техниктер клубында көкжиекке алғашқы ұмтылыстары жасалған өлкеде жерлестерімен қауышқан қаһарман ұл сән-салтанаты жарасқан шаралардың басты қонағы болды.
Айдын Айымбетовті туған топырағынан тосып алушылар әуежайға жиналып, ұшақтан түскеннен батыр ұлды ыстық ықыласпен, толассыз қошеметпен, айқара ашылған құшақпен қарсы алды. Алдымен облыс әкімі Амандық Баталов пен Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов қайсар ұлдың қадамына құт-береке тіледі. Содан соң ғарышкерді ортаға алған күтіп алушы салтанатты керуен «Жастар» спорт сарайына қарай ағылды. Онда халықтың аманатын арқалап, аспан әлемінен аман-есен оралған жүректі жерлестерін соншалықты ілтипатпен қарсы алған жұрттың қарасы қалың болды. Туған жердің төрінен орын алған қаһарман ұлға жерлестер атынан ізгі тілегін жеткізген Алматы облысының басшысы Амандық Баталов өз сөзін жүрекжарды құттықтау лебізімен өрбітті.
– Туған қалаңызға, жер жаннаты Жетісуға қош келдіңіз! Сіз ғарышқа ұшқан сәтіңізде бүкіл ел, әсіресе, Жетісу халқы қатты қуанды. Көптің тілегі қабыл болып, аман-есен жерге оралдыңыз. Ұлы Дала елінің ұлан-асыр мақтанышына айналдыңыз, – деді А.Баталов. Сондай-ақ, аймақ басшысы оған Елбасының Жарлығымен жоғары награда – «Халық Қаһарманы» атағы табысталғанын, Айдынның ғарыш кеңістігінде оннан аса ғылыми-тәжірибелік сынақты сәтті жүргізгенін ескеріп, айбынды ұлдың ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі болуға лайықты екенін айтты. Ол ғана емес, салтанатты шарада сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов өзінің тілегін жеткізе келе, Айдын Ақанұлына Талдықорған қаласының Құрметті азаматы атағы берілгенін хабарлады. Сонымен қатар, қала әкімі ғарышкерге жол талғамайтын су жаңа темір тұлпардың кілтін тапсырды. Жерлестерінің ықыласына бөленген қаһарман ғарышкер де өз жан толқынысын жасырып қала алмады.
– Құрметті жерлестер! Менің ғарышқа сапарымның ойдағыдай болғаны бірінші кезекте Елбасының беделі мен қайраткерлігінің арқасында, содан кейін барша жерлестерімнің ізгі ниет, шынайы тілегінің нәтижесі екені анық. Барлықтарыңызға алғысымды білдіремін. Алдағы уақыттарда «Қазғарышта» жұмысымды жалғастыра отырып, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне өзімнің үлесімді қосуға және әлем алыптары қатарына қосылуы жолында бар білімім мен білігімді жұмсауға сөз беремін, – деді ағынан жарылған Айдын Айымбетов.
Туған жеріне табан тіреген ғарышкер өзі білім алған №14 мектеп пен өзі сардарлық еткен №21751 әскери бөлімдерінде кездесу жиындарына қатысып, әсерлі әңгімелерімен бөлісті.
Жерлестерімен жүздесу салтанатында қаһарман ұл Айдын Айымбетовке Талдықорған қаласының Құрметті азаматы атағы берілді
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді