Құшағы кең даладай

Құшағы кең даладай
ашық дереккөз
Құшағы кең даладай

Көп балалы ана Сапура Ержанова – 12 бүлдіршінді бауырына басқан мейірімді жан

Мемлекеттің негізі, болашағы - балалар. Алайда, қазіргі заманда панасыз, ата-анасыз қалған балалар өте көп. Панасыздық - жас ұрпақтың денсаулығын әлсіретіп қана қоймай, дүниетанымына да айықпас жара түсіретіні анық. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов ашына жазғандай, “Ұлым дейтін елі болмаса, елім дейтін ұл қайдан болсын”. Тіпті, Құран сүрелері мен Мұхаммед пайғамбар с.ғ.с хадистерінде балаларға қамқорлық жасау барша мұсылман қоғамының парызы екені ескертілген. Кеңестер билеген заманда панасыз балалар саны көбейді. Оған дейін атамекеніміз – Ұлы Дала елінде жетімханалар, түрмелер мүлде болмаған еді. Дегенмен, панасыз қалған балалардың біразы мемлекеттің қамқорлығының арқасында кәсіби біліктілігі жоғары жұмысшылар, механизатор, ғұлама ғалымдар, өнер саңлақтары болып шыққаны ақиқат. Бүгінде еліміз Тәуелсіздігін жариялады. Оған ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Бірақ қазіргі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның өзінде жастардың қателікке бой ұрып, өз балаларын тастап кетуі жиілеп тұр. Бір қуантатын жайт, сондай панасыз қалған балаларды бауырына басып, туған баласындай бағып-қағып жатқан адамдар да бар. Солардың бірі – Сапура Ержанова. Ол кісі өзінің 6 баласына қосып тағы 12 баланы бауырына басып қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, ұлттық рухта тәрбиелеп өсірді. Бүгінде аяулы ана, абзал әже балалары мен немерелерінің қызығына бөленіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 67 жасқа келіп отырған бақытты жан. Отбасының тыныштығын, береке мен бірлігін сақтап, жан шуағына бөлеп отырған ана «Алтын алқа» иегері. Оның бүгінде 35 немересі, 4 шөбересі бар. – Анамыз біздің тірегіміз, оның ерлігі барлық аналарға үлгі-өнеге, – дейді балалары аналарын мақтан тұтып. Елімізде осындай мейірімді аналар көбейіп, балаларының көз жасынан қорықпай, қараусыз тастап кететін жастар жоқ болса екен!

Әсем Әбдімәуленова, мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың «Жас тілші» үйірмесінің мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар