«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өзіңменен мақтанамын, Рсан дос!

Өзіңменен мақтанамын, Рсан дос!
ашық дереккөз
Өзіңменен мақтанамын, Рсан дос!

Оны мақтауға емес, онымен мақтануға болатын адамдар біздің Сарысуда аз ба, көп пе, ол басқа әңгіме. Қалай болған күнде де, олардың ортасында оттай жанған досым Рсан Тұрсынбекұлының бары рас. Сол азамат та, міне жетпіс жасқа келіп қалыпты. Адамның ғұмыры да, ғұламалардың бірі айтып кеткендей, екі ұшы бар арқан. Бір жағы өз қолында, келесі басы Жаратушының қолында тұрады. Өз қолындағысынан айырылмай Жаратушыға жақындай түсуге жанын салатындар әрине, әркімнің қолынан келе бермейді. Ақыл-ес, ар-ұят, қажыр-қайрат және қайтпас мінез керек. Мен осының барлығын Рсан Тұрсынбекұлы досымнан көріп келемін.

Өмір шіркіннің «соқтықпалы, соқпақты» бұралаңдары да, салған жерден самғатып шығаратын сәттері да болып жататыны рас қой. Сол өткелдерден енді бүгін қайсымыз қалай өттік, не бітіріп, не қойдық, қамшының сабындай ғұмырдың қасиетін біліп, қадіріне жете алдық па? – деген сауалдар алды-артыңды орап тастайды. Осы кезде есіме көбіне-көп Рсан түседі. Ата-бабаларымыздан «Адалдан айырылма» – деген сөз қалмады ма?! Болсаң сонымен бол ғой, мұнысы. Рсан екеуміз сол аманатқа қиянат жасаған жоқпыз... Тасымыз өрге домалаған кездерде де, қамығып қату қабақ жүрген жағдайларда да, әу бастағы арадағы адалдық, адамгершілік, азаматтық қатынасымыздан айныған емеспіз. Рсан-Есенбеков-Рсанның отырған жері ойын-күлкі, әзіл-қалжың. Нені айтса да, дөп басып, тауып айтады. Өзара әзіл-қалжыңымыз бар. Жарасымды. Бір жерге қонаққа бірге шақырылсақ: – Әй, Асаубай, осы жолы мен бара алмайтын шығармын, – деп телефон шалады. – Е, неге? – деймін ғой. – Ұялып тұрғаным. – Неден? – Бұл жолы да басты мен мүжитіндігімнен, сенен екі жыл ертерек туғаным бекер-ақ болған екен, ә... Жатып кеп күлеміз. Ия расында менен екі жыл бұрын туған. 1945 жылы. Түркістан совхозының Қаратас елді мекенінде. Әкесі Тұрсынбек көзі ашық, көкірегі ояу кісі еді. Он үш жасында кітапхана ұстаған. Одан колхозда есепші. 1941 жылы соғысқа аттанып, Москва, Ленинград, Брест қалалары, Балтық жағалауы мен Польша жеріндегі шайқастарға қатысып, 5 рет жараланып, екінші топтағы мүгедек болып оралады. Бірінші және екінші дәрежелі ордендері, көптеген медальдармен наградталған. 80 жыл өмір сүрді, жарықтық. Осы күнгі шатақ сөйлеп, шатты-бұтты әңгімелер айтып жүрген шалдардай емес, жақсы қартайып өтті. Кеудесін көтермеді, кердең баспады. Ал тындырғаны аз емес еді. Соғыстан кейін аттың жалы, түйенің қомында жүріп, «Буденный», «Қаратас» «Үшбас» колхоздарында есепші, Түркістан, К.Маркс, Калинин атындағы Жайылма совхозында селолық Советтің төрағасы, Сарысу аудандық Советі атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарды. Тағысын, тағылар... Еңбегі еленді. «Еңбек Қызыл ту» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен екі рет Қазақ ССР Министрлер Советінің «Құрмет грамотасымен» наградталған. «Қазақстанның Ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкері» атағы өз алдына. Ұзақ жыл аудандық Советтің депутатына сайланды. Әкесінің жолы... Әуел бастан айтылып келе жатқан аталы әңгіме. Әйтсе де біздің Рсан оған құлай жығыла қоймайды. – Басты мәселе басқада, – дейді ол. Қазақ айтса: «Әке көрген оқ жонар» деп алып, «Әкеге тартып ұл тумайдыны және қосақтайды оған. Қайсысы дұрыс, сонда бәлкім екі байламда да шындық болар. Осы тұрғыда біздің шал ата-бабаның құдіретке қаратып айтқан мына сөзін қайталап отыратын: «Бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер!» деп. Менің өзім де бұл пайымға ден қоямын. Ұл мен қызға әуелі әрине, сана берсін. Әйтпесе, ақылды ауыз жаппай айтып, алтынмен аптап, күміспен қанша күптегенмен сана бермесе бәрі бекер. 1962 жылы Гоголь атындағы педагогикалық институтты бітіріп, еңбек жолын мектепте ұстаз болып бастаған Рсанның да осыған көзі жеткен. Досым бала оқытып, тәрбиелеумен бір мезгілде, өмірдің өзінен сабақ алып, өзін де тәрбиеледі. Соның ішінде қоғамдық белсенділікке. Содан шығар, 1978 жылы аудандық комсомол комитетіне қызметке шақырылып, оның мектептер бөлімінің меңгерушісі, екіншісі, соңынан бірінші хатшысына дейін өсті. Сол жылдары Қазақстан комсомолының ХІІІ съезіне делегат болып сайланып, форумда «Қыздар – трактор рөліне» деген бастама көтереді. – Рсан-ау, осылардың «Өзі атқа шапқан қыз, өзі бала тапқан қыздың» қай жағындағы әңгіме, – деймін ғой, күліп. – Әй, Асаубай, – дейді ол, – Тоқпағы мықты болса, қазықтың көрген күнін білесің ғой. Жоғарыдан тапсырма болды, бізде не ерік бар. Не дей алатын едік ол кезде. Осыны айтып алып: – Сол трактор айдаған қыздар трактор айдамаған қыздардан бұрын бала тапты. Біреу емес, екеу емес, бірнешеуін... Менің бастамам, қазақша айтсақ сауабын алғандық сияқты ма, қалай? – деп күледі. – Белсенділігінің арқасында «Құрмет белгісі» ордені, ВЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталады. Сарысу аудандық комсомол комитеті ВЛКСМ-«Алтын кітабына» жазылды. Мемлекеттегі саяси формацияның кез-келгенінде, соның ішінде Кеңес өкіметі жылдарында, мейлі қанша жерден қара аспан төңкеріліп тұрғанымен, адамдардың азаматтық белсенділігі, патриоттық позициясы жаппай аттан ауып түсіп қалған жоқ. Әсіресе жастар парыз бен қарызды жақсы білді. Өзгеше өршіл мінезбен қарады оған. Рсан бастаған аудан комсомолдары өз қаржыларымен Отан соғысынан оралмаған боздақтарға көрнекті ескерткіш тақта орнатты. Ауданда «Сарыарқа» ансамблін ұйымдастырып, Мәскеу қаласына концертпен барды. Айтуға оңай, алуан-алуан айтулы істердің басы-қасында жүрген жылдары жалынды жас жігіттің кадрлық тұрғыда қалыптаса бастаған қабілетін байқаған аудан басшылары Рсанды партиялық қызметке шақырып, Калинин атындағы колхоздың партия комитетін басқаруға жібереді. Шалғайдағы ауылдық жер. Жұмыстан соң, жұрттың бас қосып, барын базарлайтын жері жоқ жылдар. Сонда Рсан не істеді. Аудандық мәдениет бөлімімен келісе отырып, колхоз орталығында тұңғыш Мәдениет үйін ашты. «Рауан» атты ансамбльді ұйымдастыруға ықпал етті. Жым-жырт жататын ауылдың ортақ мәдени-рухани өмірі осылай оянған. Рсан досым мемлекеттік қызметте қатыспаған сала жоқ, сірә. 1988 жылы ол енді аудандық ауыл шаруашылығы кәсіподағының председателі болып тағайындалды. Қазақстан кәсіподақтары съезіне қатысып, Орталық кәсіподақтың мүшелігіне және облыстық кәсіподақтың президиум мүшелігіне сайланады. Ол жылдары Сарысу ауданы кәсіподағының іс-тәжірибесі бүкіл республика көлеміне үлгі ретінде таратылып еді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары – шаруаның алмағайып заманды бастан кешіп жатқан қиын-қыстау кезі ғой. Осы кезде Рсан Түркістан совхозын басқаруға жіберілді. Директорлық қызметті алты жыл атқарып, абыроймен зейнетке шықты. Ет пен сүйектен жаралған адам баласы жүз пайыз жақсы бола алмас. Қиналып та, қисық та басқан, артық кетіп, кем түскен, сансырап-сабылған, сүрінген де, қабынған кездері жоқ демес, ешкім. Әйтеуір мынаның басы анық. Жүрегімде – Жаратушының құдіреті, тілегімде – ел-жұрттың амандығы мен абыройы тұрды, – дейді Рсан дос. – Анам айтатын, обал-сауапты қаперімнен шығармадым. Парызым мен қарызымды қатар ойлап ғұмыр кештім. Досымның анасы 10 құрсақ көтерген жан. Содан қалғаны жетеу, – 2 ұл, 5 қыз. Бәрі жоғары білімді. Түрлі қызметте. Інісі Бейбіт Есенбеков заңгер. Алматы қаласы Жетісу ауданының прокуроры, Жамбыл облысы Прокуратурасында тергеу департаментінің бастығы, Жамбыл облысы прокурорының орынбасары, бірінші орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары, Қызылорда облысында 5 жыл прокурор қызметтерін атқарған. Зейнетке шыққаннан кейін, қазіргі таңда Алматы облысы Әділет департаментінің басшысы қызметін атқарып отыр. Рсан достың өзінің ұл-қызы бесеу. Түгел жоғары білімді. Үш ұлы заң қызметкері. Қыздың біреуі Байқадамда. Мектепте оқу ісінің меңгерушісі. Бір қызы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық станцияда бөлім меңгерушісі. Отбасы осылармен өсіп-өніп отыр. 17 немере, 5 шөбере әулеттің шаттығы, үміті, келешегі. Келіндері банкте, педагогикалық институтта, сауда саласында қызмет істейді. Досымның жұбайы Баян бәйбіше көргенді, текті жердің қызы. Баян тоғыз ағайынды. Түгел жоғары білімді. Інісі Берік Құлтасов Жамбыл, Алматы, Павлодар облыстарында прокурордың бірінші орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысында 3 жыл прокурор болды, қазір Жамбыл облысы прокурорының бірінші орынбасары. Қалған бауырлары да жауапты қызметте. Осыншама жылдар дәмдес-тұздас бола жүріп, Рсанның өзі, отбасы, айналасындағы туыстары, ұл-қыздарынан байқағаным, оларға ұлы Жаратушы сана берген. Ең ұлы байлық қой бұл. Содан асқан қандай байлық болуы мүмкін. Бір ұшы ұлы құдіреттің, бір ұшы өз қолында тұратын арқаннан айырылмай, алға ұмтылып, өмір сүретін адамның ғұмырына ие Рсан досымның басындағы бағының баянды бола бергенін тілеймін! Жалпы, мен өзіңмен мақтанамын, Рсан!

Асаубай МАЙЛЫБАЕВ, облыстық мәслихаттың депутаты, облыстың Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар