Тұрғын үй көмегі кімге көрсетіледі?

Тұрғын үй көмегі  кімге көрсетіледі?
ашық дереккөз
Тұрғын үй көмегі кімге көрсетіледі?
Биыл Тараздағы 28 көп қабатты үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ол толығымен аяқталды. Келесі жылы 51 көп пәтерлі тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Тұрғындар есебінен жүргізілген бұл жөндеу жұмысының ақысын өтеуге келгенде кез-келген пәтер иесінің қалтасы көтере бермейтіні шындық. Ал жағдайы жоқ отбасылар қайтпек, тұрғын үй көмегі қандай азаматтарға беріледі? Осы жөнінде, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы «Айқын тариф» жобасын іске асыру бойынша тұрғындармен кездесу ұйымдастырды. Онда заңнамаға сәйкес атқарушы органдар тарапынан аз қамтылған отбасылардың коммуналдық қызметтер ақысын төлеуге және бюджеттік қаражат есебінен үйге ортақ мүлікті ұстауға көмек көрсету мәселелері сөз етіліп, бұл тұрғыда тұрғындардың құқықтары түсіндірілді. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат төрағалық еткен басқосуда Тараз қаласы әкімінің орынбасары Жақсылық Сапарәлиев «Үйлерді жаңғырту жұмыстары «Өңірлерді дамытудың 2020 бағдарламасы» аясында жүзеге асырылып жатыр. Бұл күнде тұрғын үйге жөндеу жұмысын жүргізетін мердігерді халық өзі таңдап, біткен жұмысты өздері қабылдайды. Ақысын тұрғындар пайызсыз несие ретінде өтеуге міндетті. Оны төлей алмайтындардың жағдайы бекітілген қағида талаптарына сай келіп жатса, оларға жәрдемақы тағайындалады», – деді. Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гаухар Олжабаева тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен қалада тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға ғана тағайындалатыны, тұрғын үй көмегін алуға қандай санаттағы азаматтар жатқызылатыны жайлы түсіндіріп, осы жылы 10655 отбасына 139, 0 миллион теңге тұрғын үй көмегі тағайындалғанын жеткізді.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар