«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Заңсыздыққа тосқауыл қойылуда

Заңсыздыққа тосқауыл қойылуда
ашық дереккөз
Заңсыздыққа тосқауыл қойылуда

Еліміздің қолданыстағы заңнамасы талаптарына сәйкес көлік аймағында заңдылықты қадағалауды нығайту мен күшейту, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша Жамбыл көлік прокуратурасы ағымдағы жылдың өткен тоғыз айында ауқымды жұмыстарды жүзеге асырды. Заңдылықты қадағалау барысында, прокуратура негізінен азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғап, көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударды. Нәтижесінде, аталған мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық сала бойынша 13 тексеріс жүргізіліп, қорытындысында 132 заң бұзушылық деректері анықталып, оны жою туралы 80 ұсыныс, 24 наразылық, 2 ұйғарым, 10 заңға түсіндірме берілді.Тәртіптік жауапкершілікке – 139, әкімшілік жауапкершілікке 77 тұлға тартылды. Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің 3 дерегі тіркелді. Екі жүз сексен азаматтың конституциялық құқығы қорғалып, прокурорлық ықпал ету актісі бойынша 92,2 миллион теңге, соның ішінде 82,8 миллион теңге мемлекеттің пайдасына өндірілді. Жамбыл көлік прокуратурасы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мәселесін де жіті қадағалауға алып отыр. Мәселен, прокурорлық ықпал ету актісімен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның «Ірілендірілген Жамбыл жол байланысы» филиалының 46 жұмысшысына жыл сайынғы кезекті еңбек демалысының ақысы және «Жамбыл темір жол» ауруханасының қызметкеріне төленбеген 1 миллион теңге мөлшеріндегі еңбек ақысы төленді. «Әулиеата» халықаралық әуежайы» АҚ-ның 188 қызметкеріне 8,4 миллион теңге көлемінде еңбек ақысы мен міндетті зейнетақылары төленді. Сондай-ақ, мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғау мәселесінде де Жамбыл көлік прокуратурасы бірқатар игі істерді жүзеге асырды. Мысалы, прокурорлық ықпал ету актілерінің негізінде облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті «Восточноерудоуправление» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 41 миллион теңге салық қарыздарын мемлекет пайдасына өндірді. Сонымен бірге, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көліктік дәлізінің құрылысында көлік мекемелері және олардың контрагенттерімен салық заңнамасының талаптарының орындалуына жасалған зерделеу жұмыстары бойынша мемлекет кірісіне 42 миллион теңге өндірілді. Прокуратура қызметкерлерінің облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты «Кулан» кедендік өткізу бекетіне жүргізген тексеруінің барысында қызметкерлердің таңдаулы вагондарды өткізген деректері анықталды. Соған байланысты Жамбыл көлік прокуратурасы аталған факті бойынша заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізіп, нәтижесінде облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы А.Асылов ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы талаптары негізінде «Қызметіне толық сәйкес еместігі» туралы тәртіптік жазаға тартылды. Сол сияқты, прокурорлық тексеру нәтижесінде «Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің әлеуметтік маңызы бар тасымалдаушы көліктерді дәлелсіз себептермен субсидияландырғаны дәлелденді. Қазіргі таңда, 130 миллион теңге мөлшеріндегі қаражатты жергілікті бюджетке қайтару туралы прокурорлық ықпал ету актісі енгізіліп отыр. Бұдан бөлек, атқарушылық іс жүргізудің заңдылығына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру саласында 3 тексеру жүргізіліп,7 прокурорлық ықпал ету актісі енгізілді, 7 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мемлекет пайдасына 23 миллион теңге қаржы өндірілді. Нақтылы кезеңде, Жамбыл көлік прокуратурасы заңдылықты және құқықтық тәртіпті нығайту жұмыстарын әрі қарай жалғастыруда.

Болатбек Нұрманов, көлік прокуратурасының прокуроры.

Ұқсас жаңалықтар