«Достық» алаңында өткен жәрмеңкеде 64 тонна өнім сатылды
Таразда халықаралық маңызы бар шаралардың өтуіне орай уақытша тоқтатылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткен сенбіде қайтадан жалғасын тапты. Бұл жолы Тараз қаласы мен Меркі, Мойынқұм, Қордай, Жамбыл, Шу аудандарынан және «Тараз ӘКК» акционерлік қоғамының тауар өндірушілерінен жалпы құны 31,5 миллион теңгені құрайтын 64 тонна ауыл шаруашылық тауарлары халыққа арзан бағамен ұсынылды.
Ә дегеннен айта кеткеніміз жөн, жәрмеңкеге келіп жатқан қала тұрғындарының қарасы онша көп емес. Дегенмен, аудандарға бөлінген әр қатарда сауданың жүріп жатқаны байқалады. Мұндағы өнімдер базарларға қарағанда 15-20 пайыз арзан. Себебі, мұнда тауар өндіруші өз өнімін делдалсыз, тікелей сатылымға шығара алады. Бұл жолы «Достық» алаңында 15,5 тонна ет, 2 тонна макарон, 2,5 тонна шұжық, 3 тонна балық, 5 тонна сүт, 1 тонна жұмыртқа өнімдері, 1 тонна кептірілген жеміс және 28 тонна көкөніс-бақша және жеміс-жидек өнімдері жеткізілген. Сауда қатарларын аралап көрдік. Мойынқұм ауданындағы «Ағзат» шаруа қожалығының еті, Мыңаралдың балығына, Жамбыл ауданының «Пионер» өндірістік кооперативінен, «Әділет» шаруа қожалығынан жеткізілген өнімдерге де сұраныс жоғары. Шу ауданының «Қамқа», «Медеу», «Өтеулі» шаруа қожалықтары бұл шараға ерекше үлестерін қосыпты. Меркі ауданы Т.Рысқұлов ауылдық округінің әкімі Сәкен Есенов те жәрмеңкеге бірнеше шаруашылық қолжетімді бағамен тауарларын әкелгенін айтты. «Тараз» сауда саттық компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де сауда қатарларын аралап көрдік. «Бұл жәрмеңкеге шаһардағы 10 кәсіпкер атсалысты. Жалпы 12 тонна өнім әкелдік. Олардың арасында сүт өнімдері, ет, кептірілген жемістер, көкөніс, жеміс-жидек бар», – дейді Тараз қаласы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Абзал Тілеубеков. Ет өнімдері көп әкелінгенімен, сұраныс жоғары емес. Халықтың жоғары сұранысына ие қант, шекер өте аз мөлшерде сатылды. Аудандарға бөлінген кейбір сауда қатарларынан Тараз базарларында жүрген жүзі таныс саудагерлерді де көріп қалдық. Арнайы тараптың белгілеп берген бағасын місе тұтпай, өкілдердің көзін ала бере әр килограмға бес-он теңге қосып жіберетіндер де осылар-ау деп топшыладық.
Жазира Қазыбекова, Тараз қаласының тұрғыны:
– Мұндай жәрмеңкенің өткізіліп тұрғаны өте жақсы. Ол үшін қуаныштымыз. Дегенмен, тұрғындар әр тараптан автобуспен келеді, арқаланып қайтады. Сондықтан, тауар бағасы мейлінше арзан болғаны жөн. Әр тауар тиісті тараптар белгілеп берген бағамен сатылғаны дұрыс. Қой етінің келісі – 800, жылқы етінің келісі 1000 теңгеден сатылса да, едәуір жеңілдік болар еді. Бірақ, біз шаруа қожалықтар үшін малды өсіріп, бағу, семірту оңайға соқпайтынын түсінеміз. Сондықтан, жалпы, ауданнан келген шаруа қожалық өкілдеріне ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Талғат Қуанышбеков, Тараз қаласының тұрғыны: – Бұл жәрмеңкеге ет өнімдерін, қазы-қарта, айран-сүт алуға келдік. Екі аптада бір соғып тұруды дағдыға айналдырдық. Баға көңілден шығады. Қала тұрғындарының неге аз келетіні түсініксіз. Бұл жәрмеңкені облыстық телеарна, баспасөз құралдары, қалалық газеттер арқылы көбірек жарнамалау қажет секілді. Алыстан ат арытып өнімін әкелген соң, еңбеккерлердің тауары өтуге тиіс қой. Арзан өнім өтіп кетуі керек деп ойлаймын.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді