Адам өткенін жақсы білмей – болашаққа нық қадам баса алмайды. Осыдан бес жарым ғасыр бұрын қазақтың ең алғашқы хандары –Жәнібек пен Керейдің қазақ халқының негізін құрайтын көптеген ру-тайпалардың басын біріктіріп, Шу бойына Қазақ деген хандықтың туын тіккеніне жарты мың жылдан астам уақыт толып отыр. Елбасымыз Қазақ хандығын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы арнайы Жарлық шығарып, оны халқы қызу қолдады. Қазақ хандығы – мемлекеттіліктің жарқын үлгілерінің бірі, оны атап өту Қазақ елінің өткенді білуге деген үлкен құлшынысын көрсетеді. Хандықтың құрылуы қазақтың ерте заманнан басталған өз алдына жеке тәуелсіз ел болып қалыптасуын біржолата аяқтауда аса маңызды және түбегейлі шешуші рөл атқарды. Құрылған мемлекет өз шаңырағын көтере отырып, бүгінгі таңдағы шекарамызға дейін жер аумағымызды кеңейтті және бабалардың тәжірибесі мен тағылымын бойына жиған қазақтың төл тарихының тамаша дәуірін бастап берді. Нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық және мәдени жағынан өзіндік салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ділі мен діні бар ел санатында даму жолына түскен азат, еркін елге айналдық. Тәуелсіздікпен бірге оралып, ұрпағына ұлан-ғайыр қоныс қалдырған биік рухты батыр бабаларымыздың тарихи бейнесі бағаланып, жалғасын тауып отырған тәуелсіздік идеясы мен оның жеңісті жолдары қазіргі таңдағы, ішкі-сыртқы саясатпен ұштасты. Әрине бұл баршамыздың бойымызда ұлт тарихына деген мақтаныш сезімді ұялатады. Тараз төрінде өткен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын бүкіл қазақ елінің тойлағанының куәгері болдық. Өзімнің күтіп алу рәсіміне қатысқан, Қытай елінен тарту-таралғыларымен келген достастық пен әріптестік керуенінен және үш күн тойланған тойдан алған әсерім ерекше болды. Қаламыз аталмыш тойға дайындалу барысында бір көркейіп, жаңарып қалды. Дүбірлі тойға дайындық жолында көне Тараз шаһары бұрынғыдан да бетер құлпырып, сұлулана түсті. Оған атсалысқан еліміздің басқа облыстарының ұлы тойға тарту ретінде сыйлаған жәдігерлері мен құрылыс нысандары көз тартып, алыстан менмұндалап тұр. Ол облыстарға алғысымыз шексіз. Мәдени ошақтарда ұйымдастырылған көркем көріністер мен қойылымдар, бас жүлдені Қазақтан құрамасы жеңіп алған ұлттық ойынымыздың төресі – қазақ күресінен «Еуразия барысы» додасы, майталман ақындарымыздың айтысы, шығарылған кітаптар және басқа да өткізілген мерекелік шаралардың мазмұны өте терең, мағыналы болды. Сондай-ақ, Тараз төрінде ашылған Қарахан әулие аллеясы мен «Көне Тараз» аспан асты мұражайы, Ұлы Дала елі монументі келген қонақтар мен келер ұрпағымызға мақтанышпен көрсететін жәдігерлерге айналары сөзсіз. Облысымызда атқарылған жұмыстармен осы тойға келген қонақтарымыздың қазақтың мақтана алатын тарихы бар екендігіне көздерін жеткіздік деп ойлаймын. Тәуелсіздік – біздің маңдайға біткен бағымыз, мәңгі сақтауға тиіс аманатымыз. Біз – бабалардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұрагерлеріміз. Ұлы мақсаттарға жету жолында бізді батыр бабалардың аруағы қолдап жүрсін! Отанымыз – ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала еліне айналсын! Мәңгілік Елімізде бейбітшілік пен береке болсын!
Балабек НАРБАЕВ, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді