Головкин - Қазақстанның кәсіпқой бокстағы «алтын» сақасы

Головкин - Қазақстанның кәсіпқой бокстағы «алтын» сақасы
ашық дереккөз
Головкин - Қазақстанның кәсіпқой бокстағы «алтын» сақасы

20151007140008Жерлестеріміз үшін қазанның 17-нен 18-іне қараған түн ғасырдан да ұзақ сезілуі мүмкін. Өйткені бұл күні құрлықтың арғы бетінде болмысынан жеңімпаз, табиғатынан чемпион атанып келе жатқан отандасымыз Геннадий Головкин кезекті кездесуін өткізеді. Қарсыласы - IBF тұжырымы бойынша орта салмақта әлем чемпионы атағының иегері Давид Лемье.

Кезінде әуесқой бокста қарсыластарын бет қаратпай ұтып, Қазақстан қоржынын медальдарға толықтырған боксшымыз Геннадий қазіргі таңда кәсіпқой бокста да қарсылас шақ келтірмей жүр. Осындай мемлекетіміздің абыройын асырып жүрген азаматымыз туралы қанша жазсақ та көптік етпейтіні анық.

Себебі, ол - қазір тәуелсіз қазақ елінен шыққан тұңғыш суперчемпион! Әлемдік бокс сериясындағы бір емес екі бірдей белдіктің (WBA және IBO) иегері. Ол - кез-келген жекпе-жегінде шаршы алаңға қазақтың ұлттық үлгісіндегі шапанын жамылып шығып, байрағын көтеріп жүрген нағыз патриот азамат. Ол - қазірге дейін кәсіпқой бокста 33 мәрте шаршы алаңға көтеріліп, барлығын да жеңіспен аяқтады. Оның 30-ын мерзімінен бұрын аяқтап, орта салмақтағы әлем бойынша үздік боксшылардың бірі атанды.

Қазақ топырағынан шығып, әлемді мойындатып, қазақ елінің намысын абыроймен қорғап жүрген осындай азаматтарымызды қалай мақтан тұтпасқа?! Олай болса, жұдырығы зілдей ұрғанын құлатпаса көңілі көншімейтін боксшымыздың өмірі жайында айта кетсек артықтық етпесі анық.

Геннадий Головкин 1982 жылы 8 сәуірде Қарағанды қаласында дүниеге келді. Ол жарық дүние есігін ашқанда жалғыз болған жоқ. Алтын құрсақ анасы Генамен бірге Максим есімді егіз ұлдарды өмірге әкелді. Қезінде егіз бауыры Максим да бокспен айналысып, кейін белгілі бір себептерге байланысты спорттан кеткен екен. Алайда, спорттан кетсе де бір құрсақты тепкілеп бірге жатқан сыңарының қасынан алыстаған емес. Гена қайда жүрсе сонда, әркез шаршы алаңға шыққанда қасынан табылып, қолдау көрсетіп жүргенін жақсы білеміз.

Головкин өзінің спорттық мансабын әуесқой бокстан бастады. Алғаш былғары қолғапты 11 жасында киді. Содан бері міне, қолғабын шешкен емес. Кәсіпқой боксқа кетпей тұрып, Қазақстанның жеті дүркін чемпионы атанды. Ал 2000 жылы жастар арасында әлем чемпионында жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. 2001 жылы Шығыс Азия ойындарының, 2002 жылы Азия ойындарында қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені қанжығасына байлады. 2003 жылы әлем чемпионы атанса, 2004 жылы Афина қаласында өткен Олимпиада ойындарында күміс жүлдегері атанды. Сонымен қатар, өзге де халықаралық сайыстарда да атойлап алға шығып, жеңістерімен байрағымызды желбірете білді. Тек, әуесқой бокста Генаның қоржынында Олимпиаданың алтыны жоқ дегеніміз болмаса, басқа біраз биіктерді бағындырып үлгерді.

Ал Головкин 2006 жылы әуесқой боксқа қош айтысып, кәсіпқой боксқа бет алды. Ол осы жылы орташа (72 кг) салмақтағы деңгейде алғаш кәсіпқой бокстың шаршы алаңына көтерілді. Алғашқы 8 жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтап, әлем назарын бірден өзіне аудара бастады.

2007 жылдың қыркүйек айында француз Мехди Боудламен кездесіп (11-1), 2008 жылы сәуір айында Иан Гарднерді (20-3), осы жылы қараша айында беларус Малик Дзиарраны (29-3) есептерімен айқын басымдылықпен жеңеді. Ал 2009 жылы шілденің 11 күні бірінші рет 12 раундтық жекпе-жекке шығады. Генаның да күткені осы еді...

Бұл күні біздің дарынды боксшымыз WBO сериясы бойынша бразилиялық Джон Андерсон Карвальонмен жұдырықтасып, бар болғаны 2 раундта нокаутпен тізе бүктіріп, алғаш рет WBA дәрежесі бойынша әлем чемпионы атағына қол жеткізеді. Осылай Генаның кәсіпқой бокстағы жауапты әрі жарқын жолдарға бастайтын жеңісті сериясы басталады.

Ал 2010 жылы колумбиялық Милтон Нуньесті жеңіп, WBA (Бүкіләлемдік бокс ассоциациясы) уақытша чемпионы атанады. 2011 жылы америкалық Лахуан Саймонды бірінші раундта-ақ құлатып, IBO (Халықаралық бокс қауымдастығы) тұжырымы бойынша чемпион атағына қол жеткізді.

2012 жылы титулды үшінші рет қорғауда Головкин жапондық Макотто Фучигамиді есінен тандырды. Сондай-ақ, осы жылы қыркүйетің 1-і күні HBO америкалық телеарнасында Геннадийдің дебюті өтті. Головкин рингке жас поляк Гжегож Проксамен  жұдырықтасып, бірінші раундта-ақ қарсыласын сұлатып тастады.

2013 жылдың 19 қаңтарында Madison Square Garden аренасында Головкин ерікті түрде титулды қорғауға шыққан тегі пуэрторикандық АҚШ боксшысы Габриэль Росадомен  жұдырықтасты. Геннадий оны техникалық нокаутпен жеңіп кетті. 2013 жылдың 30 наурызында Монакода Геннадий Головкин жапон боксшысы Нобухиро Исидомен  қолғап түйістірді. Бұл жолы да қарсыласын нокаутқа түсіріп, оны кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңілісіне ұшыратты.

2013 жылдың 29 маусымында АҚШ-та Г.Головкин белгілі британиялық боксшы Мэттью Макклинмен  шаршы алаңда кездесті. Бұл жекпе-жек те қазақстандықтың айқын басымдығымен аяқталды. 2013 жылдың 2 қарашасында Геннадий АҚШ-та жергілікті боксшы Кёртис Стивенспен жұдырықтасып, қарсыласын 8-ші раундта есінен тандырды.

2014 жылдың 1 ақпанында Головкин Монте-Карлода ганалық Осуман Адамамен  жекпе-жекке шықты. Головкиннің шойын жұдырығынан қауіптенген Адаманың бапкері жетінші раундта есеңгіреп қалған шәкіртін шаршы алаңға орамал лақтырып, тоқтатып алды. Осы жылдың маусым айында Головкин WBA суперчемпионы атанды. 2014 жылы 26 шілдеде Головкин Австралияның танымал боксшысы, бұрынғы әлем чемпионы Дэниэл Гилмен  жекпе-жекке шықты. Үшінші раундта Головкин кезекті жеңісіне жетті.

2014 жылдың 19 қазанында Геннадий Головкин танымал мексикалық боксшы, WBC нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы Марко Антонио Рубиомен жұдырықтасып, қарсыласын екінші раундта сұлатып салды.

Ал биыл, яғни 2015 жылы Геннадий екі кездесу өткізді. Оның бірі 21 ақпанда Монакода өткен болатын. Онда жерлесіміз Мартин Мюррейді ойынның 10-раундында жеңген болатын. Ал екіншісін мамыр айының 17 күні Калифорния штаты, Инглвуд қаласындағы «Форум» стадионында американдық боксшы кіші Вилли Монромен жұдырықтасып, қарсыласын  екінші руандта екі рет есеңгіретіп тастады. Алайда, Мартин табандылық таныта білді. 6 раундқа дейін жетті. Ал қазанның 17 күні өтетін жекпе-жегі Генаның осы жылдағы үшінші жекпе-жегі болмақ. Жерлесіміз бұл жолы да жеңісті жолын үзбей, үмітімізді ақтайды деп сенеміз.

Жерлесіміз Геннадийдің барлық жетістіктері туралы жоғарыда жіпке тізген маржандай айтып өттік. Енді Головкиннің қарсыласына да әз-кем тоқтала кетейік. Бұл кездесудің өзге жекпе-жектерге қарағанда орны бөлек болғалы тұрғаны айтпасақ та түсінікті. Қарсыласы да осал емес.

Давид Лемье кәсіпқой бокстағы 34 жекпе-жегінің 33-ін туған қаласында өткізген. IBF (Дүниежүзілік бокс федерациясы) тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуінің иегері. Ол бұл атағын отандасымызға қарсы бірінші рет қорғамақ. Лемье бұл чемпиондық атағын соңғы рет француз Хассан Н'Дам Н'Жикамға қарсы жекпе-жекте жеңіп алған. Бокспен 10 жасынан бастап шұғылданған екен. Әуесқой бокстан үш дүркін Канада чемпионы.

Давид Лемье кәсіпқой бокстағы бірінші жекпе-жегін 2007 жылдың 14 сәуірінде өткізіп, мексикалық боксшы Хосе Канделарио Торресті ұтқан. Осылай оның да жеңісті жолдары сәтімен басталады. 25 жекпе-жегінде жеңісті жолы жалғасып, 2011 жылы мексикалық Марко Антонио Рубиодан ұтылып қалады. Осы жеңілістен кейін, араға 8 ай салып, Гаити  елінің боксшысы Жоашен Альсинге қарсы жекпе-жек өткізіп, тағы да жеңіліс табады. Сөйтіп, «WBC International» чемпиондық атағынан айырылды.

2012 жылы кәсіпқой бокстағы жолын қайта жалғап, мексикалық Хаудель Сепетаны жеңіп, 2011 жылғы екі жеңілісінен кейін жеңісті жолы қайта жалғасады. Давид Лемье осыған дейін жалпы 36 кездесу өткізіп, 34-інде жеңіске жеткен. 31 кездесуін мезгілінен бұрын аяқтаған. Бүгінде ол Геннадий Головкинмен нағыз тартысқа толы жекпе-жек өткіземін деп өзіне сеніп отыр. Оған біздің жерлесіміз жеңісті оңай ұстата салмайтыны анық.

Қос боксшы арасындағы жекпе-жек 17 қазан күні Нью-Йорктағы «Madison Square Garden» кешенінде өтеді. Жерлесімізге жанкүйер болайық.

Күнсұлтан Отарбай

Ұқсас жаңалықтар