мұсылмандарға есігін айқара ашты
Тараз қаласының орталығында бір уақытта мың жамағат зиярат ететін зәулім мешіт ашылды. Қарахан кесенесінің жанынан бой көтерген бұл мешіттің ашылуына еліміздің ҚМДБ-ның төрағасы, бас муфти Ержан қажы Малғажыұлы, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев және «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев қатысып, мұсылмандар қауымына құтты болсын айтты. Бас муфти жамағатқа мешіттің атын Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы шешімімен Кеңесхан қажы мешіті аталғанын жария етті. Қасиетті Құран кітабын мешітке сыйға тартты.
Салтанатта облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев: – Қадірменді ағайын, құрметті тараздықтар, қала қонақтары, сіздерді Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен, құлпырған Таразда тағы бір мешіттің ашылуымен құттықтаймын. Күні кеше арамызда жүрген Кеңесхан Ахаев ағамыз осыдан алты ай бұрын осы мешіттің іргесін қалауды бастаған болатын. Игі істің бастамашысы болған Кеңесхан ағамыз дүниеден өтсе де балалары, ұрпақтары, күйеу балалары ісін аяғына дейін жеткізді. Нұрлан, Мақсат, Бақыт және Маржан жеңеше, сіздерге мың алғыс. Мал таппайтын адам жоқ, Кеңесхан ағамыздың осы балалары жанар-жағармай бекеті, кафе соқса да болатын еді, жоқ, олар халыққа керек мешіт салып берді. Сауапты іс атқарды. Бүгін жұма – қасиетті күн. Алла үйінің салтанатты ашылуы құтты болсын! – деді.
Келесі сөз кезегін алған Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бұл мешіттің ашылуы үлкен тарихи оқиға екеніне тоқталды.
– Кеше ата-бабамыз Шу мен Таластың арасында бүгінгі еліміздің іргесін қалады. Бұл – қасиетті өңір. Жібек жолының арасында жатқан ел. Алла тағала Құран кәрімде мешіт салған адамды мақтады. Сол мешіт салған адам «Құдайға шүкір, мені Құран кәрімде Алла мақтады» деп айта алады. Мешіт салу әрбір адамның қолынан келе бермейді және ол Алла тағаланың қалауымен болады. Қаражаты бар адамдар көп, бірақ Алла тағала солардың біреуінің жүрегіне ғана мешіт салуды жазған. Сол адам мына тұрған Нұрлан Алжанқұлов Кеңесхан қажы атасы бастаған істі аяғына жеткізген кісі. Мешітті жүрегінде иманы бар адам салады. Алла адамның жүрегіндегіні білуші. Мешіт салған адамды Алла жаннатпен сүйсіндіреді. Еліміздің әр түкпірінде ғимараты жарасқан мешіттер бой көтеруде. Бұл Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында іске асып жатыр. Елімізде тек қана тыныштық болсын, бірлік болсын, сонда ғана өсеміз. Мешіттің атын ҚМДБ және төралқа жиналысының ұйғаруымен облысымыздағы Талас ауданының тумасы, мемлекет, қоғам қайраткері, Жамбыл облысының құрметті азаматы Ахаев Кеңесхан қажы есімімен атауды жөн санады, – деді ол. Кәсіпкер Нұрлан Алжанқұлов өз кезегінде: – Кеңесхан Ахаев қайын атасының марқұм болып, иман ұясының ашылуына куә бола алмағанын, оның мешітті өзінің жетпіс жасқа толуына орай Тараз жұртшылығына сыйға тартпақшы болғанын тілге тиек етті. Иә, бұл қуанышты Кеңесхан қажы көре алмаса да Тараз халқы көріп, рахмет айтты.
Қанат Тілепберген, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Виктор Барбаш.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді