«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алып анадан туады

Алып анадан туады
ашық дереккөз
Алып анадан туады

Дүйім жұрттың назарын аударған дүбірлі той аяқталғанымен, елдік мерекенің елге берген тағылымы туралы әңгіме әлі толастаған жоқ. Бәрінің аузында – тойдың тамашасы, ұрпаққа қалдырған ұлағаты жайлы сөз. Бұл думандатып өте шығатын көп мерекелердің бірі емес, тарихты жаңғырта отырып, тарихта қалатын мерейтой болды.

Тараз төрінде үш күнге созылған тойдың мән-мағынасы мен берер тәлімі жағынан ерекшеленетін шаралардың бірі – «Тарих. Әйелдер. Қазақстан» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция. «Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толды деп айтып, той тойлап жатырмыз. Бұрын кеңестік кезеңде біз көп нәрсені айта алмаушы едік. Бүгін міне, тарихымызды дәріптеп қана қоймастан, дүниежүзіне осы даланы жайлаған ел екенімізді, өзімізге тән ел басқару жүйеміздің болғанын паш етудеміз. Кешелі бері хандар, ел қорғаған батырлар, жұрттың жайын жырлаған жыраулар жайлы сөз қозғалып жатыр. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, тарихты айтқанда әйелдерді айтпау мүмкін бе?! «Алып анадан туады» дейміз. Кешегі Керей мен Жәнібек хандарымыз да анадан туған ұлт перзенттері емес пе?!» деді республикалық конференцияда Жамбыл облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты Ғайникен Бибатырова. Конференцияға сексен жастан асқан, кезінде облыста лауазымды қызметтер атқарған Ғайникен Айдарханқызының қатысып, әйелдердің кеңестік кезеңдегі орны туралы әңгімелеуінің өзі – әйел-ананың қоғамдағы рөлін айқындап бергендей. Екінші жағынан бұл біздің мемлекетімізде ана мен бала мәселесі ешқашан өзектілігін жоймайтынын көрсетеді. Тараз қалалық мәдениет үйінде Президент жанындағы әйелдер және отбасы-демографиялық комиссиясының мүшесі, «Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы» Ассоциациясының президенті Раушан Сәрсембаева және қауымдастықтың әр өңірден келген өкілдері мен еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан аналарымыздың қатысуымен өткен шара тарихымызды дәріптеген тойдың тағылымын танытқандай. Олай дейтініміз, Ұлы Даланың тарихы, ел билеген хандар жайлы сөз қозғағанда, әйел, ана туралы айтылмауы мүмкін емес. «Ұлы Даланың ұрпақтары – әйел, ананы қастерлеуімен, қыз баланы құрметтеуімен ерекшеленетін халық. Қазақ хандығының 550 жылдық тойы аясында әйелдер конференциясының өткізілуі – соның айғағы. Жалпы, ана мен балаға деген қамқорлық қай кезеңде де толастамаған. Ұрпақ тәрбиесі өзектілігін жоймайды. Әсіресе, қыз балалардың тәрбиесін назардан шығармауымыз керек. Бүгінгі жиында өскелең ұрпақ үлгі-өнеге алатын аналардың алдында осы мәселені әдейі қозғап отырмын», – деді облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов конференцияда. Ғылыми-тәжірибелік конференцияда есімі аңызға айналған аналар билеуші әйелдер және қазақ елінің мемлекеттілігі жолында қайраткерлігімен танылған қайсар әйел-аналар, кеңестік кезеңдегі әйелдер рөлі, ұлт тарихындағы қазақ қыздарының саяси портреті, Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлігімен елге танылған Батыс Қазақстан облысының батыр қыздары жайлы деректер айтылып, келелі әңгіме қозғалды. ТарМПИ-дің ректоры, тарих ғылымдарының докторы Дария Қожамжарованың, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжановтың, Л.Гумелев атындағы Еуразия университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбестің тарихпен сабақтастыра жасаған баяндамалары қоғамдағы әйел бейнесін аша түскендей.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар