Романовтар әулетінің билік құрғанына 300 жыл толғанын патшалық Ресей паңдары сонау 1913 жылы атап өтті. Оған біздің Итбайлар артынып-тартынып барып, шен тағып, шекпен киіп қайтты. Одан кейінгі кеңестік идеология игі жақсыларымызды Куликово, Бородино шайқастарына таңдай қақтырып қойды. «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» деген, тіпті, патшалық Ресейге қазақ халқының «өз еркімен» бодан болғанының 250 жылдығын да тасырлатып тойлатып жіберді. Ал... қазақтың ұлтжанды оқымыстыларына Қазақ хандығының тарихы мен тағылымы, дәулеті мен сәулеті, мәні мен сәні туралы шежірелерді қопарып, той жасау туралы ой айтудың өзі қорқынышты болды. Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығы туралы сөз қозғау былай тұрсын, халқымыздың халық болып жер бетінде қалу-қалмауы сынға түскен Аңырақай, Орбұлақ шайқастарының тағылымынан мүлде хабарсыз едік. Тарлан тарихшы Ермахан Бекмаханов, ақтаңгер жазушы Ілияс Есенберлиндерді өз қаламдастары (өз қандастары) «шонжарлар шежіресымағын дәріптеді» деп сынап-мінеп, қудалап жатты. Дінмұхамед Қонаев болмағанда І. Есенберлиннің атақты тарихи трилогиясының жарыққа шығар-шықпасы белгісіз еді. «Орнында бар оңалар» деген. Ата-бабалар аманатына адалдық Ұлы Дала елінің тәуелсіздігі тұсында қолға алынды. Елбасы мен елдің қолдауы арқасында хандарымыз бен билеріміздің, баһадүр батырларымыз бен азулы ақындарымыздың меретойлары бірінен кейін бірі өтті. Зиялы қауым ұлт тану ісінде ұлықтық танытып, жұдырықтай жұмылды. Тарихымызды шетелдердің архивтерінен іздеп, зерттеп, қалың-қалың кітаптар шығара бастады. Сол ұлықтық енді, міне, Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойына ұласып отыр. Бұл тағылымды думан Қазақ елінің бағаналы орда - басты ордасына орналасқан Астана қаласында басталып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тағдырлы тарихымыз туралы ғибратты сөзімен басталды. Бұл тойдың тартуы да, тағылымы да бөлек: – өйткені, алыс-жақындағы «мен» деген мемлекеттерді мойындатып, БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен ана тілінде сөйлеген Ұлы Дала елі ұлының аспаннан түспегенін, оның тарихы тереңде жатқан қазақ хандарының азаттық жолындағы ісін жалғастырушы бейбітшілік өкілі екенін төрткүл дүниеге паш ететін той бұл; – өйткені, Керей мен Жәнібек хандар Шу мен Таластың арасындағы иен далаға ту тігіп, соңына ерген жұртын «Қазақ» деген хандыққа біріктіре білген бектігі мен тектілігін 550 жылдық тарих аясында тұңғыш рет танытқан той бұл! Қазақ қазақ болғалы қаншама хандар мен қаншама бірінші хатшыларды ұлықтады. Бірақ, саясаттың салқыны шығар, Қазақ хандығы құрылған күнді (жылды, айды) айтулы мереке ретінде атап өтейік деген бірде-бірі болмапты. Ол, міне енді, тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен лайықты түрде аталып өтіп отыр. «Той дегенде қу бас домалайды». Оған әркім қал-қадерінше үлес қосады. Мерекеге арналған бүгінгі газет-альманах біздің ұжымның Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойына арналған тартуы деп біліңіздер! Той тойға ұлассын, ағайын!
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді