«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұятың боп тұр бетте

Ұятың боп тұр бетте
ашық дереккөз
Ұятың боп тұр бетте

«Ана тілің арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тілінді құрметте» – деп ақын жырлағандай ана тілдің қасиеті, қадірі ешқашан кемімек емес. Тілден асқан рухани байлықтың жоқтығы да сөзсіз. Осындай орамды ойларды ортаға салған «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық форумда ана тілімен қатар өзге тілдерге де жоғары құрмет, ыстық ықылас көрсетілді. Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы аталмыш шараны Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына және «Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесіне орай ұйымдастырды. Оған тіл жанашырлары мен мемлекеттік тілді жетік меңгерген этномәдени бірлестік өкілдері және аталмыш сала мамандары қатысты. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мәртебесін көтеру мен маңыздылығын кеңінен насихаттау және өңірді мекендейтін түрлі ұлттардың ана тілдерін дамытуға қолдау көрсету мақсатына негізделген форум барысы қатысушылардың туған тіліне деген сүйіспеншілігін оятты. Шараның шымылдығы «Ана тілегі» және «Тілім менің» атты әсерлі де әуезді композициялармен түрілгені көпшілікке әдемі әсер сыйлай білді. Композицияда он ұлттың ұлттық киімдерін киген әжелер мен кішкентай бүлдіршіндердің сол ұлттың өз тілінде ана тілге деген махаббаттарын нақыштап, Отанға деген ілтипаттарын ізгі тілекпен жеткізгендері жиылғандарға жайдары көңіл-күй тарту етті. Бұдан соң тіл жанашырлары мен тілді дамыту жолындағы түрлі байқаулардың жеңімпаздары және олардың жетекшілері марапатталды. Оларға Алғыс хаттарды ұсынған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов пен Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығының меңгерушісі Лариса Лысова сәттілік, шуақты жетістік, шығармашылық табыс тіледі. Осыдан кейін мемлекеттік тілді жетік меңгерген М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы, «Тіл жанашыры» төсбелгісінің иегері, ұйғыр ұлтының өкілі Мухаббат Турдыева, дүнген ұлтының өкілі, Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі, «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауының үздік сайт материалы номинациясының жеңімпазы Нұрзада Даутовалар өздерінің жантебірентерлік әсерлерімен бөлісіп, жүрекжарды сөздерін жолдады. Жиын барысы концерттік бағдарламаға ұласып, ұлтжандылық тақырыбындағы әндер орындалып, шараның мән-маңызын арттыра түсті. Соңыра орын алған еліміздегі жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың татулығын нақыштаған Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Томирис» бишілер тобының «Достық шеңбері» композициясы көпшіліктің көңіліне қонды.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар