Қамбар батырды «ішкіш», «шылымқор» еткен кімдер?
9-сыныпқа арналған хрестоматияда эпикалық
туынды кейіпкері әбден мазақ болған Қазақтың әдебиеті эпостық, лиро-эпостық жырларға ілгеріден бай. Кейбір батырларымыз мифтік кейіпкер ме, әлде тарихта болған ба, ол енді екінші әңгіме. Ең бастысы эпикалық туындылар жас ұрпақтың бойындағы патриоттық, елжандылық сезімді арттырып, Отанға деген сүйіспеншілігін үстемелей түсері анық. Сондай эпикалық шығармалардың бірі – «Қамбар батыр» жыры. Жырдың ауыз әдебиетінен бастау алатыны бұрыннан белгілі. Тіпті, о баста жазылмай, ауызша айтылғандықтан, туындының оннан астам нұсқасы да тарап кеткен. Жырда біз Қамбар батырды ерлік жасағанға дейін тұтас рудың жоғын түгендеген қарапайым аңшы бейнесінде біле түсеміз. Түске дейін ілгені,
Төбедей болып қалады.
Көтеріп тастай береді,
Жарлының шығып көңілінен, Қызыққа мейірі қанады, – деген жыр жолдары оның тіршілігінен хабар береді. Жырдағы фантастикаға пара-пар оқиғаның бірі – Қамбар батырдың жолбарыспен шайқасып, жеңіске жетуі.
Қамбар да қайтпай ұмтылып,
Бар қайратын шақырды.
Құйрығынан көтеріп,
Айналдырып басынан,
Лақтырып кеп жіберді,
Қырық қадам жерден асырып,
Мықтылығын ел көрді, – деген жолдар соны айғақтайды.
Осылайша бізге қаһармандықтың, батырлықтың бейнесі ретінде жеткен Қамбар батыр образын «Мектеп» баспасынан жарыққа шыққан, тоғызыншы сынып оқушыларына арналған «Қазақ әдебиеті» хрестоматиясы қалай күстаналайды?
«Маңдайын сүртіп демалып, Шылымын шегіп тұрады», «Назым шықты бұраңдап, Он сегіз толған жасына, Кәмшат бөрік келісіп, Бриллиант қойды басына», «Қайтқанда Қамбар ішсін деп, Арақ пенен шарапты сандыққа салып сақтады, бөтелкеге ашытып». Қыз Назымға қатысты «ашына» деген сөз де жүр... Міне, біздің «білімділер» деп жүрген азаматтарымыз осындай жолдарды «Қамбар батыр» жырына қосыпты. Жаға ұстамасқа амалың жоқ...
2013 жылы жарыққа шыққан кітапты Ұ. Асыл, Т. Жұмажанова, Ғ. Бейсембаев құрастырыпты.
Қазақтың лиро-эпостық туындысының «жаңаша нұсқасын» ойлап тапқандардың арқасында, Қамбар батырды «шылымқор», «ішкіш» деп «ойлап» отырғанымызда интернет иірімдері арқылы «Заң медиа» сайтындағы бір пікірді көзіміз шалып қалды. Онда оқулықты құрастырушының бірі, педагогика ғылымдарының докторы Төкен Жұмажанова былай депті: «9-сыныпқа арналған әдебиет пәніне қосымша оқулық құрастырушының бірімін. Бірақ, біз бұл хрестоматияның тарауларын жеке-жеке бөліп тексердік. «Қамбар батыр» жырын мен қараған жоқпын. Ол жерде ондай сөздердің жазылғанын сіздерден естіп отырмын. Негізінен ол оқулықтың мазмұнына жауапты Ұлықпан Асылов болды». Естеріңізге сала кетейік, белгілі монографист, зерттеуші, Ұлықпан Асылов өткен жылы дүние салған.
Қалай болған күнде де, ұлт әдебиетінің асыл жауһарын бұлай қорлап алғанымыз ұят. Сүйекке түскен таңба секілді...
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді