«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Асатаяқ орнына... тастаяқ ұстаған

Асатаяқ  орнына... тастаяқ  ұстаған
ашық дереккөз
Асатаяқ орнына... тастаяқ ұстаған

ардагерлер тың екенін танытты

Тараз қаласындағы «Халил» бильярд клубына келгенімізде екі ардагер кимен шарды шарға соғып, жақтаудағы тесікке тоғытып жатты. Қариялар қолдарын жаттықтырып болғанша қалған қатысушылар да жиналды. Спортты серік еткен ақсақалдардың жүрісі сергек, қимылы ширақ. 

Облыстық спорт басқармасының 1 қазан – Қарттар күніне орай ардагерлер арасында бильярдтан ұйымдастырған турнирге қатысушылар көп болды. Турнирді облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Халил Бейсеев ашып, ойыншыларға сәттілік тіледі. Жарысқа Баттал Жаңабайұлы, Арғынбай Бекбосын, Әмірбек Дәуренов, Саттар Жанәбілов, Нарейм Сейдуалиев, Жандар Кәрібаев және Хаби Бибол қатысты. Турнирге Андрей Савченко мен Владимир Путриенко есімді республикалық дәрежедегі судьялар төрешілік етті. – Ақсақалдар арасында турнир ұйымдастырған облыстық спорт басқармасының жігіттеріне ризамыз. Екі-үш сағаттың ішінде шағын үстелді айналып жүріп бірнеше шақырым жүріп тастайды екенбіз. Ол біздің денсаулығымызға пайдалы. Екінші жағынан өз замандастарымызбен басқосып әңгімелесеміз. Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері тастаяқ турниріне дәстүрлі түрде жылына екі мәрте жиналады. Жастарға айтарым бос уақыттарын тиімді өткізу үшін саламатты өмір салтын ұстану керек. Бұл өздеріне жақсы. Бос уақытын жоспарлы өткізе алмаған жастар әрнәрсеге ұрынады. Жастар спорттың қай түріне болса да, жақынырақ жүрсе деген тілегім бар, – дейді Әмірбек Дәуренов қария. Тартысты өткен облыстық турнирдің қорытындысы бойынша І жүлделі орынды Әмірбек Дәуренов, ІІ жүлделі орынды Саттар Жанәбілов иеленді. Үздік үштіктің қатарында Жандар Кәрібаев бар. Жеңімпаздарға бағалы сыйлық табыстаған ұйымдастырушылар қатысушыларды да бос қайтармады.

Қанат Тілепберген, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар