«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ер Рысқұлдың рухына тағзым

Ер Рысқұлдың рухына тағзым
ашық дереккөз
Ер Рысқұлдың рухына тағзым

1Газетіміздің өткен жылғы 4 желтоқсан күнгі санында «Ғибратты ғұмыр» атты жария­ланған мақалада қазақтың біртуар ұлы Тұрар Рысқұловтың әкесі Рысқұлдың қабірі Талас ауданы, Сейілбек ауылының маңында екендігін, көзге қораш ескерт­кіш белгідегі жазудың  өше баста­ғанын, қоршаудың ескіргенін жазған едік. Ноқтаға басы сыймаған ер Рысқұлдың өршіл өмірі жайлы қалың оқырман Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» атты романынан таныс. Мақала жарық көрген бойда белгілі тұлғаның туыстары келіп, сағананы көздері­мен көріп, қалай жөндеу керектігін көңілдеріне түйіп кеткен еді. 

Жақында Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданынан бір топ ағайын-туыс Сейілбек ауылындағы Рысқұлдың бейітіне арнайы келді. 

– Түлкібастық ағайындар осымен ауылға екінші рет келіп отыр. Бұл жолы Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданынан Ұлы Отан соғысының ардагері 91 жастағы Мұратәлі Төлепбергенов қария мен Түлкібас аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалаубек Анашев бастаған жиырмаға жуық кісі келді. Рысқұлдың басына құран бағыштап, тапсырыспен арнайы жасатқан құлпытасты қабір басына қойып, оның айналасын қоршады. Бейіт басында сөз сөйлеген қариялар Рысқұлдың бейітінің қараусыз қалғанын Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінен оқып білгендерін тілге тиек етіп, газет басшылығына ризашылықтарын білдірді. Ауыл ағайындарына Түлкібас ауданы әкімі баспасөз хатшысы Марат Қалтаев Т.Рысқұлов туралы түсірілген деректі фильмді көрсетсе, Өміртай, Мұратәлі ақсақалдар, Түлкібас аудандық мәслихатының депутаты Сәтбай Қасымбек, Тұрардың туысы Тұрлыбек Молдабеков Рысқұл мен Тұрар жайлы тың деректер айтып берді. Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Келесбек Жартыбаев Рысқұл қабіріндегі бұрын қойылған құлпытасты алып барып, өздеріндегі Т.Рысқұлов атындағы мұражайға қоятындықтарын, әруақты сыйлап, белгітасты қойған таластықтарға ризашылығын білдірді. Иә, әлі де Тұрардың өмірі мен қайрат­­керлігін зерттеп, зерделеймін деген жан болса, тың деректер жетер­лік.

Сәулембай Әбсадықұлы,  «Ақ жол».

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар