«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ыбырай Жақаевтың тақиясы мен кетпені Астанаға «жол тартты»

Ыбырай Жақаевтың тақиясы мен кетпені Астанаға «жол тартты»
ашық дереккөз
Ыбырай Жақаевтың тақиясы мен кетпені Астанаға «жол тартты»

20150220203153Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі сауапты іс бастады.

Осыған дейін Астана және Алматы қалаларында елдің қолындағы жәдігерлерді жинап, «Ұлттық музейге сый тарту» атты акцияның тұсауын кескен. Бұрнағы күні осы игі шара Қызылорда облысында жалғасын тапты, деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы.

Шараға Қазақстан Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай мен Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы қатысты. Ұлттық музейге сый тартуға Социалистік Еңбек Ерлері Шырынкүл Қазанбаева мен Сәлима Жұмабековалар арнайы келді. Ілтипатты сөзін арнап, өздері тұтынған заттарын тарту етті. Мәселен, Шырынкүл Қазанбаева осыдан елу жыл бұрын өз қолымен тоқыған кілемін берсе, Сәлима Жұмабекова өзі киген қамзолын сыйлады. Сонымен қатар, шараға Тұрмағамбет Ізтілеуов, Ыбырай Жақаев, Ұлбала Алтайбаева, Зейнолла Шүкіров, Асқар Тоқмағамбетов, Дүкенбай Досжан, Батырхан Шүкенов сынды, т.б. ұлтымыздың біртуар перзенттерінің ұрпақтары мен туған-туыстары қатысып, олардың қолданған құнды жәдігерлерін Ұлттық музейге табыстады. Солайша, кезінде дала академигі атанған Ыбырай Жақаевтың тақиясы мен кетпені Астанаға жол тартты. Сондай-ақ, акция аясында Сыр өңірінің тумалары, белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев пен даңқты спортшымыз Илья Ильиннің жеке заттарымен қоса, жергілікті суретші, мүсіншілердің де туындылары музейге тарту етілмек. «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы биылғы наурыз айында Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде салтанатты түрде бастау алғанын айта кетейік. Одан кейін маусымда Алматыда жалғасын тапқан еді. Сол кезде Ілияс Жансүгіров, Тахауи Ахтанов, Қаныш Сәтбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Әлкей Марғұлан, Серке Қожамқұлов, Әзілхан Нұршайықов, Еркеғали Рахмадиев, Ғарифолла Құрманғалиев, Кәукен Кенжетаев сынды белгілі тұлғалардың ұрпақтары, туыстары қатысып, олардың көзі тірісінде қолданған заттарын Ұлттық музей қорына тапсырды. Осы уақытқа дейін Ұлттық музейге барлығы - 918 зат табысталды. Құнды жәдігерлер бүгін Сыр өңіріндегі азаматтар тарту еткен мұралармен толыға түсті. Аталған шара туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай былай дейді: «Ел іші - өнер кеніші». Жұрттың сандығы мен шкафында, шатыры мен жертөлесінде әлі ашылмаған, ғылыми айналымға түспеген небір құнды жәдігерлер тұр. Оны «бабамның бабасының көзі» деп, ешкімге айтпай, көрсетпей ұстау арқылы сақтаймыз деп ойлайды. Ал шындығында, бетін аулақ қылсын, оның оттан-судан сақтандырылмағаны былай тұрсын, кез келген зат биологиялық өзгерістердің салдарынан жылдан-жылға жо­йыла береді. Жәдігердің бүтін қалпын тек бірнеше ұрпағы ғана көруі мүмкін. Кәдімгідей жылмен есептегенде, 50-70 жылда жеке азаматтың қолындағы бұйым, зат жойылып отырады. Әркім өз отбасындағы қадірлі бұйым туралы ойланып көрсінші, соның көбі жоғалған, жойылған немесе қолды болған. Сондықтан, «кез келген мұра музейде сақталыну керек» деген елдік ұстанымды жалпыхалықтық парыз санаудың уақыты туды деп санаймын. Музейге лайықты бұйымды, затты, құжатты экспонат ретінде қорға тапсырудың өзі Қазақстанның кез келген азаматы үшін абырой, дәреже болатын күн де алыс емес. Бұл әлемде бар үрдіс». Шара мақсаты - ұлттық тарихи-мәдени мұрамызды сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару. Ел арасында елеусіз жатқан тарихи маңызы зор құнды заттарды, ұлтымыздың ірі тұлғаларының жәдігерлерін кәсіби тұрғыда сақтауға және көпшілік назарына ұсыну үшін Ұлттық музейге тапсыруға үндеу.

Ұқсас жаңалықтар