Нарық талабына сай жеке кәсібіңді дөңгелетуге мүмкіндік мол. Үкіметке рахмет. Ауылдағы шаруаңды түзе деп «Сыбағадан» «Ырысқа» дейін небір бағдарламаларды қабылдап, оның жақсылығын көріп, дәмін татып отырмыз. Менің шаруа қожалығым да соңғы екі-үш жыл ішінде несиенің нешеме түрін алып, тірлігін түзей бастаған ұжымның бірі. Несиеге асыл тұқымды мал, лизингке трактор да алдым. Мойынқұмның жиегінен мал қора соғып, электр желісін де тарттық. Былайша айтқанда әл-ауқатымыз артып келеді.
Алайда, мал басы көбейген сайын мәселелер туындай беретін сыңайлы. Мысалы, біздің «Досбол» ауылының іргесінен басталатын құм жиегі мен құм іші орман шаруашылығына тиесілі. Бірнеше жылдың жүзі болды, сол жерді жайылымдыққа пайдаланғанымыз үшін жалға алып, әр бас мал үшін 43 теңгеден төлеп келдік. Биыл орманшылар әр бас мал үшін төлемақы 84 теңгеге өсті деп отыр. Әрі орман қорына қарасты жерге соғылған қора-қопсыны да бұзу керек дегендей әңгіме шығып тұр. Әрине, мемлекеттің жерді қорғауға алғанына қарсы емеспіз. Жер – алтын қорымыз. Бірақ сол жерді пайдалану ақысының екі есеге жуық артқанын түсінбей далмыз. Мысалы, менің майда малымның басы 2 мың бас болса, сонда мен 2,0-2,2 миллион теңге төлеуім керек. Бұл шаруа баққан малшы үшін аз қаражат емес. Өйткені малға жемшөп керек әрі малшының еңбекақысы бар. Оның барлығын есептесек, шығынға бататын да сияқтымыз. Оның үстіне Аса, Талас өзендерінің суының ауылдағы шабындықтарға там-тұмдап келуінен, шөптің шығымы да күрт төмендеп кетті. Соның салдарынан малға жемшөп дайындау өте қымбатқа түсуде. Меніңше монополияға қарсы комитет те, орман шаруашылығы мекемесі де су жағдайын ескеруі тиіс деп ойлаймын. Сол бағаны бекіткен халық қалаулылары да сараптама жасаса артық емес. Егер де орман шаруашылығы жайылымдықты пайдаланғанымыз үшін бағаны өсіре берсе, майда малдың да басын қысқартуға мәжбүрміз. Сондықтан, баға мәселесіне байыппен қарау керек шығар деп ойлаймын.
Талғат НАҚАНОВ, «Елдос-2004» шаруа қожалығының төрағасы,
Досбол ауылы, Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді