«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Азық-түлік бағасында ала-құлалық бар

Азық-түлік бағасында  ала-құлалық бар
ашық дереккөз
Азық-түлік бағасында ала-құлалық бар

1390Ауыл шаруашылық жәрмеңкесінің мақсаты – қала халқын алтын бесік ауылдан өндірілген өніммен қамтамасыз ету. Тауарларын тараздықтарға мүмкіндігінше арзан бағамен өткеру. Әр сенбіде Тараз қаласындағы «Достық» алаңында өтіп жатқан ауыл шаруашылық жәрмеңкесі бұл жолы да түрлі өнімдерге толы болды. 

Бірақ, делдалсыз саудаланады деген жәрмеңкенің өзінде көзді ала бере үстеме қосып жіберетіндер де табылады. Мәселен, жүзім бір жерде 130 теңге деп көрсетілген. Ал кейбіреулер 180-190 теңгеден саудалауда. «Жәрмеңкенің өткені тұрғындарға қолайлы екені дау туғызбайды. Бірақ, айтуға тура келетін мәселелер бар. Мәселен, еттің бағасын алайық, қала базарларындағы нарықтан төмен емес. Мен соны байқадым. Әсіресе, Тараз қаласы мен Жуалы ауданы сөрелерінен бағаның әркелкі екені байқалады. Жәрмеңкеге аз да болса үнемдесек деп келеміз. Әйтпесе, үйдің қасындағы сауда орталығынан-ақ алмаймыз ба? Мәселен, мұнда жылқының еті 1 мың теңгеден, қойдың еті 800 теңгеден сатылса едәуір жеңілдік болар еді» – дейді Тараз қаласының тұрғыны Зибагүл Егемқұлова. Зибагүл дұрыс айтады. Жәрмеңкені ұйымдастырудағы негізгі мақсат та халыққа арзан әрі сапалы азық-түлік ұсыну емес пе? Бағаны тұрақтандыруға ықпал ету әрі тұрғындардың қысқы азық-түлік қорын жинап алуына жағдай жасау. Сол үшін арнайы тарап әлеуметтік мәні бар азық-түліктің сатылымдағы бағасын бекітіп, әр сөренің маңдайшасына іліп қойған. Бірақ, оған қарап жатқан тұтынушылар жоқ. Сатушыларға да керегі осы. «Бақылаушылардың көзін ала бере жоғары бағамен сатып жатқандарды кездестірдім. Мәселен, Жақында ғана «Ауыл береке» базарынан жүзімді бұл жердегіден әлдеқайда төмен бағада сатып алғанмын. Басқа көкөністер де солай. Қала тұрғындарына жеңілдік жасауға арналған жәрмеңкеде барлығы да өте арзан бағамен сатылуы тиіс деп есептеймін» – деді тараздық Дәметкен Керімбаева. Жәрмеңкеге келушілер сауда жасап тұрған сатушылардың аудан, ауылдардан келмегенін, біразы осы қала базарларындағы сатушылар екенін айтып қалды. Кім білсін? Ал тіс қаққан саудагерлердің есесін жібермейтіні екі бастан белгілі. Жүзтаныс сатушыларды кездестіргенде бағаны неліктен бірқалыпты ұстамайтынын сұрадық. «Біз мұнда өз еркімізбен емес, қолқалаумен, амалымыздың жоғынан келіп отырмыз. Сондықтан, үстінен көргіміз келеді. Мұнда төмен бағамен сауда жасауға құлықты емеспіз» – дейді аты-жөнін көрсетуден бас тартқан олар. Алмасы арзан, жүзімі қымбаттау сатылса да жәрмеңкеде Тараз қаласының кәсіпорындары және Байзақ, Талас, Жуалы, Т.Рысқұлов, Сарысу аудандарының шаруашылықтары Тараз қаласының тұрғындарына жалпы құны 43 миллион теңгені құрайтын 79 тонна ауыл шаруашылық тауарын ұсынды. Кәсіпорындар мен шаруашылықтардан 14,5 тонна ет, 6 тонна сүт, 1 тонна кондитерлік, 3 тонна макарон, 5 тонна бал, 5 мың дана жұмыртқа, 0,5 тонна кептірілген жемістер, 37 тонна көкөніс-бақша және жеміс-жидек өнімдері әкелінді. Бақылаушы тараптың талабы бойынша ет өнімдерінің 1 килограмы – сиыр еті – 1 мың, қой еті – 950, жылқы еті – 1100, қазы – 1 мың, жая – 1300 теңгеден, күріш – 170, қант –160, сары май – 800, пияз – 50, картоп – 50, сәбіз – 50 теңгеден сату белгіленген. Сондай-ақ, сиыр сүтінің литрі – 100, шұбат пен қымыздың литрі – 350 теңгеден ұсынылды. Қантқа сұраныс өте көп болды. Құмшекердің қабын (25 келілік) 4200 теңгеден көліктің үстінен таласып алды. Жәрмеңкеде жүрген біраз лауазымды тұлғаларды әңгімеге тарттық. Жарылқасын Айтақов, Т.Рысқұлов ауданының әкімі: – Жәрмеңкеге сиыр, жылқы, қой етінен бір-бір тоннадан әкелдік. 500 келі шұжық, «Ақтоғанның» макароны арзан бағамен саудаланды. Шаруа қожалықтар да өнімдерін көптеп өткергендіктен, зиян шекпейді. Екі тарапқа да тиімді. Мұны облыс әкімінің тұрғындарға жасалған қамқорлық деп есептеймін. Апта сайын аудан азаматтарын осы іс-шараға бастап келіп, басы-қасында жүрміз. Мұндай жәрмеңкені өз ауданымызда да өткерудеміз. Қайрат Рахымжанов, Талас ауданы әкімінің орынбасары: – Жоспарланған үш тонна еттен бөлек, 300 келі Ақкөлдің балығын, 4 тонна қауын-қарбыз әкелдік. 150 килограмм құрт-ірімшігіміз тағы бар. 23 қыркүйекте өзге өңірлермен қатар біздің аудан Алматы қаласындағы жәрмеңкеге барып келді. Алматылықтар апарған өнімімізге ризашылық білдірді. Ауыл шаруашылық жәрмеңкесі келесі аптада да жалғасады. Дегенмен, азық-түлік бағасындағы ала-құлалықтар жойылса, тұрғындардың сенімі артар еді.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар