«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жүрек нұрға, жан тазалыққа толған күн

Жүрек нұрға, жан тазалыққа толған күн
ашық дереккөз
Жүрек нұрға, жан тазалыққа толған күн

Өңірдегі Құрбан айт намазына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысты

Жылына екі рет келетін айт намазы (ораза айт, құрбан айт) исі мұсылман баласына уәжіп. Сондықтан, бұл күні жердегі Алланың үйін бетке алушылар қатары әдеттегіден әлдеқайда мол болады. Олардың барлығы Жаратушы иені мадақтап, ұлықтап, имандылық үйіне қадам басады. Міне, осылай жасалған әр қадамға сауап бар. Тәңірдің жақсылығынан, мол сауабынан үміт етіп биыл да Құрбан айт намазын қадірлеушілер лек-легімен мешіттерге бет алды. солардың бірі облыс орталығындағы һибатулла тарази мешіті еді.

Тараздағы «Һибатулла Тарази» мешітінде Құрбан айт намазына дайындық ерте басталды. Таңғы сағат 6-дан мұнда құранның әуезді үні естіліп тұрды. Сондай-ақ, жиналған жамағат бамдат намазын бірге оқыды. ҚМДБ-ның өкілі, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев имандылық тұрғысынан тағылымға толы әңгімелер айтты. Бас имамның Құран аяттары мен Пайғамбар сүннетіне сүйене отырып жеткізген өнегелі сөздері көпшілікті баурады. Орталық мешіттегі айт намазына жиналған жамағатты облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

19- Қадірлі көпшілік! Бүгін бәріміз жер бетіндегі мұсылман жамағатының ортақ мерекесі – Құрбан айтты қарсы алып отырмыз. Құрбан айттың тәрбиелік маңызы зор. Бұл мерекеде мұқтаж жандарға көмектесуге мүмкіндік мол. Осынау имандылық пен ізгілік мерекесі бауыр мен бауырды, ағайын-туысты, дос пен досты жақындастырады. Өмір болған соң, өкпелескен кісілер болады. Осындай Ұлық күндерде өкпелескен сол кісілер де бірінен-бірі кешірім сұрасады. Елбасымыздың дара, дана саятсатымен еліміздің экономикасы өркендеп келеді. Ұлт Көшбасшысының бастамасымен тойлануы жоспарланған Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы Тараз қаласында өтетін күн де жақындап қалды. Облыс орталығындағы жүзеге асқан игі істер көпшіліктің көз алдында. Маңызды тойдың Таразда өтетіні баршамызға ортақ қуаныш. Биыл облысымыздан 400 адам қасиетті Меккеге жол тартып, қажылық парыздарын өтеп жатыр. Сол кісілердің де қажылықтары қабыл болып, тілеген тілектері орындалып, елге аман-есен оралуын тілеймін! Құрбан айт мерекесімен барша көпшілікті тағы да құттықтап, елімізге тыныштық, облысымыздың әр отбасына амандық тілеймін! Ұлық мереке құтты болсын, жамбылдықтар!, – деді Кәрім Нәсбекұлы өңір тұрғындарына, жиналған мұсылман бауырларға деген ақжарма тілегін ақтарып. Мұнан соң орталық мешітке жиналған барша жұртшылық облысымыздың бас имамы Данияр Әлимұхаммедұлына ұйып, айт намазын оқыды. Көпшілікпен бірге облыс әкімі бастаған зиялы қауым да сәждеге бас қойды. Айт намазынан кейін барша жамағат бірін-бірі Құрбан айттың келуімен құттықтап, мәре-сәре болды. Бір-біріне «Намазыңыз қабыл болсын!» деген тілегін шын пейілмен айтып жатты. Облыс әкімі облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің қасапханасында Құрбан айтқа өгіз шалды. Сондай-ақ, осы күні мешіт маңында 200-ден астам қой құрбандыққа шалынып, жағдайы төмен 500 отбасыға құрбандық малының еті таратылды. Айттың құрметіне көпшілікке ұлттық тағамдар ұсынылып, асық ату, арқан тарту, гір тасын көтеру секілді ұлттық спорттық ойындар өткізілді. Жүректері имандылыққа толы жамағат туған-туыс, таныстарына, көршілеріне айттауды бастап кетті.

* * * Дәл осындай игі шара Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінде және барлық аудандық, ауылдық мешіттерде ұйымдастырылып, жүзеге асты. Бұл күні барша тұрғындардың көңілдеріне шуақ тұнып, жүректері ізгілік нұрымен нұрланды.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан

Ұқсас жаңалықтар