«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауылдың дәмі

Ауылдың дәмі
ашық дереккөз
Ауылдың дәмі

«Достық»  алаңындағы жәрмеңкеден анық сезіліп тұрды

Облысымыздың шаруа қожалықтары мен кәсіпорын, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық түрін өндіреді десе де болады. Бастысы, өңір тұрғындарының сұранысын қанағаттандырып отыр. Экологиялық таза, сапалы өнімдері арқылы табыс тауып, бірнеше адамды жұмыспен қамтуда. Тараз қаласындағы «Достық» алаңында өтетін ауыл шаруашылық жәрмеңкесі шаруалар үшін күзгі жиын-теріннен кейінгі мереке секілді. Бір жағынан өнімін саудаласа, екінші жағынан жұртшылықтың алғысына бөленуде.

Бұл жолы жәрмеңкеге Тараз қаласының кәсіпорындарымен бірге, Қордай, Меркі, Шу, Мойынқұм, Жамбыл аудандарының шаруашылықтары да қатысып, тұтынушыларға өз өнімдерін ұсынды. Нақтырақ айтсақ, Тараз қаласының тұрғындарына 70 тонна ауыл шаруашылық тауарлары ұсынылып, базар нарқынан 10-20 пайыз төмен бағамен саудаланды. Кәсіпорындар мен шаруашылықтар 15,5 тонна ет өнімдерін, 6 тонна сүт өнімдерін, 1 тонна кондитерлік өнімдерді, 2 тонна макарон өнімдерін, 5 тонна бал, 2 мың дана жұмыртқа, 0,5 тонна кептірілген жемістер, 32 тонна көкөніс-бақша және жеміс-жидек өнімдерін әкелді. Өнімдер бақылаушы тараптың талабымен белгіленген төмен бағамен сатылды. Бақылаушы тараптың талабына сай, сиыр етінің келісі – 1000, қой етінің келісі – 950, жылқы етінің келісі – 1100, қазының келісі – 1 мың, жаяның келісі – 1300, күріш келісі – 170, қант келісі – 160, сары май келісі – 800, пияз келісі – 50, картоп келісі – 50, сәбіз келісі – 50 теңгеден сатылды. Сиыр сүтінің литрі – 100, шұбат пен қымыздың литрі – 350 теңге. «Достық» алаңына қала тұрғындары алғашқы жолғыға қарағанда көбірек жиналды. Мойынқұмның балығына, Меркінің балына, Қордайдың сапалы ет өнімдеріне, Шу мен Жамбыл аудандарының сүт өнімдеріне сұраныс өте көп. Ұн, ет, қант, күріш, картоп, май өнімдері өте қолжетімді бағамен өткерілді. Бағаны тұрақтандыруда мұндай шаралардың қажет екенін тараздықтар да түсінгендей. «Біз жылқы, сиыр етін, қымыз бен шұбатты молынан әкелдік, жақсы өтті», – дейді Қордай ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұржан Молдабеков. Шу ауданының өкілдерін бастап келген Нұрлан Жақсыбаев та картоп, пияз, капуста өнімдеріне сұраныс мол екенін айтты. – Облыс әкімінің қолдауымен өтіп жатқан бұл жәрмеңке – тұрғындар үшін пайдалы. Азық-түлік бағасы басқа сауда нысандарына қарағанда 15-20 пайыз төмен. Арнайы бекітілген бағалар тізбегін әр дүңгіршектің маңдайшасына іліп қойдық. Өнім сол бағамен саудалануда, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері. Жәрмеңке екі тарапқа тиімді. Келесі апталарда да ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өткізіледі.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар