Ұлттың жаны

Ұлттың жаны
ашық дереккөз
Ұлттың жаны

Ұлттың болашағы – оның ана тілі. Тіл – халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі – тірегі. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халықтың болашағы туралы тереңнен толғай отырып: «Мемлекеттің ең басты дүниесі тек оның байлығы емес, сонымен қатар, ана тіліміздің болашағы» деген болатын. Қазақ тілі тарихының тамыры тереңде жатыр. Түрік қағанатының пайда болу кезеңінен бастап қалыптасып, Қазақ хандығы тұсында кемеліне жетті. Басқа да түркі тілдерімен салыстырғанда, сөздік қоры жөнінен қазақ тілі ежелгі таза қалпын тұтас сақтап келе жатқан тілдердің бірі. Ол еліміздегі өзара қарым-қатынас тілі болуымен ғана шектелмейді. Оның сөздік қоры мол. Қазақ тілі өте бай тілдердің қатарына жатады. Ежелгі бабаларымыздың тарихы, шежіресі және түрлі әдеби мұралар бүгінгі ұрпаққа өзіміздің осы ана тіліміз арқылы жеткен. Тіл тарихы халық тарихына ұқсас. Қазақ халқы үш ғасырға жуық орыс отаршылдығының қыспағында болды. Онымен қоса, Жоңғар шапқыншылығының да халқымызға тигізген зардаптары орасан зор. Кеңес Үкіметі кезінде жетпіс жылдан астам уақыт бойы ұлттардың қарым-қатынас тілі орыс тілі болды. 1989 жылы 11 қыркүйекте қабылданған «Тіл туралы» заңда «Тіл – халықтың ұлы жетістігі, әрі оның ажырамайтын және бөлінбейтін белгісі» делінген. Ал бірінші баптың бірінші тармақшасында «Қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады» деп жазылған. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген тұжырымдаманы үнемі айтып келеді. Қазақ тілі мәселесі мемлекеттік деңгейге көтерілген кейінгі жылдары бұқара жұртшылық та ана тілін барынша аялап жүр. Сонымен қоса, «қазақ пен қазақ қазақша сөйлесу керек» деген Елбасымыздың айтқан сөзі әрбір қазақтың жүрегінде ұрандап тұрады. Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі мен ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет бола алмайды.Әлемдегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан, ата-бабаларымыз жоғалтпай, ұрпағына аманаттаған қазақ халқының тілі – қазақ тілі мен мәдениетін, біздер, олардың ұрпақтары қашанда сол қалпында қастерлей отырып, өзіміздің келер ұрпағымызға табыстауымыз керек. Тәуелсіз еліміздің тұғыры қашанда биік, тілі мен мәдениеті және тарихы баянды болғай!

Айнұр Ыхынова, облыстық әділет департаменті, бақылауды және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің инспекторы.

Ұқсас жаңалықтар