Тұлпарлар тұяғының дүбірі естілетін атшабардағы жұмыс аяқталып келеді
Мұндағы тынымсыз тіршіліктің қарқынын байқау мақсатымен атшабар маңына барғанымызда мердігер компания – «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС-ның құрылыс менеджері Еркебұлан Айтқұловты құрылыс басынан жолықтырдық.
«Қазіргі кезде ілкі сәтке де дамылдамай жұмыс жасап жатырмыз. Елбасы отыратын VIP зал заманауи талапқа сай болады. Оны жаңаша дизайнмен әрлеудеміз. Сонымен қатар, 1500 орындық орналастырылуда. Одан бөлек атшабардағы шатыр да уақыттың сұранысына сай қажет кезінде қойылып, кейін кері ысырылады. Мәселен, футболдағы жылжымалы шатырлар бар ғой, бұл да сол секілді. Тұңғыш рет Тараз төрінде тұсауы кесілетін поло ойыны алаңының аумағы 20000 шаршы метрді құрайды. Бұл маңға төселіп біткен шым уақытымен күтіп, бапталып мерейтойда тастүйін дайын болады. Бұған қоса телеоператорларға арналған мұнара қойып жатырмыз. Барлық шараларды сол жерден түсіріп, халықтың назарына ұсынады. Бәйге алаңына 5 сантиметр қалыңдықпен құм төселеді. Жалпы құрылыс нысанын қайта жаңғырту, жабдықтауға 99 миллион теңге қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда атқарылуға тиісті жұмыстардың сексен пайызы орындалды. Алла қаласа, 25 қыркүйекте нысанды толық тапсырсақ деп отырмыз. Қазіргі кезде 220-дан астам қызметкер уақытпен санаспай тер төгуде. Олардың орташа жалақысы 90 мың теңгенің айналасында» деді серіктестіктің құрылыс менеджері Еркебұлан Айтқұлов мәселенің мән-жайын түсіндіріп. Шынында да атшабардағы жұмыс жоғары қарқынмен орындалуда. Мұндағы төселіп біткен шым сонадайдан көз тартады. Ал екі ауысым бойы шүмектеп тер төгіп жүрген қызметкерлер: «Қалайда уақтылы аяқтап, ұлы тойға тамшыдай болса да үлес қосуымыз керек» дейді. «Іске сәт» дедік біз де.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді