«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Татулықты ту еткен елдің тұғыры биік

Татулықты  ту  еткен елдің  тұғыры  биік
ашық дереккөз
Татулықты ту еткен елдің тұғыры биік

Эсьмира Мамедова, «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени орталығының төрайымы, Жуалы аудандық мәслихатының депутаты.

Мен үшін осынау тарихи маңызы зор тойға куә болу – үлкен қуаныш. Себебі, мұндай сәт ешқашан қайталанбайды. Біз Ұлы дала тағылымын жеткізген Мемлекет басшысының сөзін қазақ елінің тарихына берілген лайықты баға деп түсіндік. Президент айтқандай, бабалар тұлпарының тұяғымен жазылған қазақ тарихының әр парағы Қазақстанды Отаным деп санайтын ұлттар мен ұлыстар үшін де қымбат. Елбасы жайқалған егінге толы даламызда, жарық шуағын шашқан көк байрағымыздың астында қазақ қана емес, 130 ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқанын айтты. Ұлт Көшбасшысы татулық туралы бекерге сөз қозғаған жоқ. Татулықты ту еткен елдің әрқашан тұғыры биік. Тұтастықты сақтап, берекеге кенелген тәуелсіз Қазақстанның бейнесі бұған жарқын мысал бола алады. Елбасы айтқандай, әлем тарихына көз тігер болсақ, соғыс атаулы жер дауынан, екіншіден, бір ұлттың екінші ұлттан артықшылығын дәлелдеуден басталғанын көруге болады. Ал біздің елімізде сан алуан ұлт пен ұлыс, дін өкілдері көк Тудың астына біртұтас ұлтқа айналып, береке мен бірлікті сақтап келеді. Біз Астанаға тарихымыздың темірқазығы саналатын Тараз жерінің сәлемдемесін ала бардық. Елорадаға келген меймандар назарына Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың этномәдени көрмесі ұсынылды. Облысымыздағы әзірбайжан ұлтының өкілдерінің туындылары да осы көрмеге қойылды. Астанадағы тойға әзірбайжан және қырғыз елінің президенттері қатысты. Мәртебелі меймандардың Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шараларды көріп, қазақ еліндегі өзге ұлттар мен ұлыстардың татулығына тағы бір мәрте көз жеткізіп, тұтастығымызға қайран қалғаны анық.

Ұқсас жаңалықтар