«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Біздің Мария

Біздің Мария
ашық дереккөз
Біздің Мария

Тоқсанға таяған апай «қазақ халқына қарыздармыз» деп үнемі айтып отырады

Мария апайды арнайы іздеп іссапарға шықтым. Мен апайдың үйін тауып, есігін қаққанымда ол үй шаруасымен айналысып жүр екен. 87 жасқа келсе де, апай тың көрінді. Әлі еңкейе қоймаған, ұзын бойлы, қараторы келген. Беттерін әжім басқанымен көздері жақсы көреді екен, естуі де жаман емес. Демек, кәрілікке әлі бой алдыра қоймаған. 

Қазақшаны еркін меңгеріпті. Судай ағып тұр. Таза сөйлейді. Амандық-саулық сұрасқан соң келген жайымды айтып, өзі және отбасы туралы жазбақ мақсатымның барын жеткіздім. Апай еш қарсылығы жоқтығын айтып, әңгімесін әрмен қарай жалғастырды...

Мария Биболатова Кавказдың Қарашай автономиялық облысы, Микоян шаһар ауданы, Аққала ауылында 1928 жылы 10 наурыз күні кедей отбасында дүниеге келіпті. Әкесі Биболат пен анасы Суфият тұрмыс тауқыметіне қарамай қиын-қыстау заманда екі ұл, төрт қызды дүниеге әкеліп, бағып-қаққан.

– Үлкен ағам Жашу Ұлы Отан соғысында қаза тапты. Ал әкем мен бес айлық бала кезімде ұзаққа созылған аурудан туған жеріміз Кавказда қайтыс болыпты, – деп өткен шақтың өзекті өртеген отты жылдарын есіне алды апай.

Сұм соғыстың салқыны ғой, Сталиннің әскери бұйрығымен еш түсіндірместен бір түннің ішінде мыңдаған кавказдықты кеңестік шығыс елдеріне тарыдай таратып жіберді. 1943 жылдың 2 қарашасында Марияның анасы Сафият пен екінші ағасы бастаған бұл отбасы мүшелері де қызыл эшелонға мінгізіліп белгісіз бағытқа айдалып кете барды. Тек аса қажетті заттары мен тілдей құжаттарын ғана жандарына алып үлгерген олар темір жолдың бойында небір азапты күндерді бастан өткеріп, ақырғы нүкте – Жамбыл темір жол вокзалына араға сегіз күн салып, яғни, 10 қараша күні бір-ақ түседі.

– Жамбылдықтар біздерді шешен, қарашай, ингуш, татар немесе неміс деп бөліп жатпай, жатсынбай, өз бауырларындай көріп, бірден құшақ жая қарсы алды. Кемедегінің жаны бір емес пе, қайбір оңған заман болды дейсің ол кез. Соғыс пен ашаршылық адамдарды ұлтына қарамай біріктіре алды ғой. Осы ауыртпалықтан аман-есен шығу үшін біз барынша бірлікті, ынтымақ пен татулықты ту етіп биік ұстадық. Әсіресе, жергілікті ұлт – қазақ халқының бізге жасаған жақсылықтары, қамқорлықтары ұшан-теңіз. Бізді Жамбыл жеріне келген бетте әр ауданға, әр ауылға, ондағы отбасыларға бөліп-бөліп тастады. Соғыстың аты соғыс қой. Ол қарғыс атқыр елге бақытсыздық әкелмесе, ешкімге бақыт сыйламайды. Сол жылдары Кавказдан келгендердің біразы ауыр да қиын тұрмысқа, еңбекке төзе алмай аштан өліп кеткендері де болды. Елдегі еркек кіндіктінің бәрі майданға жіберілген соң тылдағы ауыр жұмыстарды жас келіншектер мен қаршадай ұл-қыздар атқардық. Құдайым енді сұм соғысты басқа бере көрмесін, – деді күрсініп.

1946 жыл. Соғыс бітіп, фашизмнің талқаны шыққан соң ел еңсесін тіктеуге бет алды. Опасыз соғыстың кесірінен талай жас қыршын кетті. Жалғызын жоқтап ана да, жан жарын жоғалтқан жас жесірлер де аңырап қалды. Алайда, өлгеннің артынан өлмек жоқ. Жас Марияның әлі тұрмыс құрмаған кезі. Соғыстан аман оралып, елдегі ендігі мылтықсыз майданның еңбегіне бел шеше кірісіп бастаған қазақ жігіті қарашай қызына ғашық болып, сөз салыпты.

– Анам бірден қарсы болды. Бірақ ағам рұқсат берді. Кейін анам да жібіп, батасын берді. Мен ол кезде 18 жаста едім. Қысқасы, мен қазақ жігіті Сәбденәліге өз еркіммен, сүйіп қосылдым. Бұл күн – 1946 жылдың 1 мамыры – ынтымақ күні еді. Ал ерім Сәбденәлі Туғанбаев 23 жаста болатын, – дейді Мария апай жастық шағын тағы бір есіне алып.

Апайдың тылдағы еңбегі еш қалмай, медальмен марапатталыпты. Осылайша қол ұстасқан қос жұбай екеуі екі саланың көрігін қыздыруға атсалысты. Жамбыл атындағы педучилищені қызыл дипломға бітірген Сәбденәлі мектепте жастарға сабақ беріп, ұстаздық жолды таңдаса, Мария апай колхоз жұмысына араласады.

Сәбденәлі Туғанбаев 1923 жылы 1 қаңтарда Байзақ ауданының Көкөзек ауылында дүниеге келген екен. 1942 жылы соғысқа сол кездегі Свердлов аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен ауылдағы 4-5 жігітпен бірге аттанған. Алдымен Алматыдағы 147- запастағы кавалериялық полкке қабылданып, көп ұзамай 1943 жылы ақпан айында Сталинград майданындағы қанды қырғынға қатынасып, ерлік көрсетеді. 30-дан астам фашистің көзін жояды. Кейіннен Минск, Харьков қалаларын азат етуге қатысқан. Ізінше батыр қала Киевті жау қолынан азат ету шайқастарына да жұмылған. 1944 жылы Карпаттағы немістердің тылына жіберіледі. 1945 жылдың 22 қаңтарында қайта жасақталған, құрамында С.Туғанбаев бар полк Польша арқылы Германия шекарасын кесіп, басқыншылар еліне басып кіреді. Сөйтіп, неміс фашистерін өз ордасында тас-талқан етуге де атсалысып, елге оралады. Мұның бәрін Мария апай кезінде жұбайы Сәбденәлінің өз аузынан естіп, қағазға түсіріп алған екен.

Жұбайы Сәбденәлімен 65 жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, 5 ұл, үш қыз тәрбиелеген алтын алқалы батыр ана – Мария Биболатқызы өзін бақытты жандардың қатарынан санайды. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, олардан 20 немере, 21 шөбере сүйіп отыр. Ұл-қыздары да елімізге елеулі еңбек етіп жүрген жандар. Араларында әке жолымен ұстаздықты таңдап, үлкен марапаттарға ие болғандары да бар. Отбасының иесі де, киесі де ата-ана емес пе?! «Отбасы – Отан тірегі» деген осы ғой.

Ниязхан БЕЙСЕНОВ,

ардагер ұстаз.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар