«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

24 жемқор партиядан қуылған

24 жемқор партиядан қуылған
ашық дереккөз
24 жемқор партиядан қуылған
енді сыбайластардың есімдері жария етіледі «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес, партиялық бақылау комиссиясы және «Жас Отан» жастар қанаты бірлескен жиын өткізіп,  жемқорлыққа қарсы әрекет және партия қатарын тазарту мәселелерін талқылады. Жиынды партияның облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов ашып, жүргізіп отырды. Жалпы, 2014 жыл мен 2015 жылдың бірінші жартысында аймақтық және аумақтық партиялық бақылау комиссияларының 49 отырысы өткен екен. Сол жиындарда «Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі», «Балапан», «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы талқыланған болатын. Сондай-ақ, партияның аудандық мәслихаттардағы депутаттық фракцияларының 2, жергілікті атқару органдарының 23 басшысы, бастауыш партия ұйымдарының 12 төрағасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарған жұмыстары мен ішкіпартиялық тәртіпті нығайтуға бағытталған әрекеттері турасында есептері тыңдалған. Комиссия қаралған 313 өтініштің 113-інің оң шешілуіне ықпал етсе, жемқорлыққа жол берген  24 партия мүшесін партия қатарынан шығарған. Ал партия Жарғысы талаптарын, партияішілік тәртіпті бұзған  90 «нұротандыққа» алдын ала ескерту жазасы қолданылыпты. Жиында алдағы уақытқа жемқорлыққа жол берген партия мүшелерінің аты-жөндерін баспасөз бетінде жария ету шарасы қолданылатыны айтылды. Жағымсыз статистика, әрине. Дегенмен, бұл кей аудандарда партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының тиісті деңгейде орындалмағанын көрсетеді. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты төрағасының орынбасары Сайын Құрбанның айтуынша, базбір аудандарда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша елді мекендерде еңбек жолын бастаған жастарға әкімдіктен көтерме жәрдем мемлекет бекіткен мөлшерден аз беріледі екен. Сембек Сейдәзімов мырза ондай факті тіркелсе, ол жерде жемқорлыққа жол берілген деп есептейді. Өйткені, ауылға аттанған жас мамандарға бөлінген мемлекеттік көтерме жәрдемақы мөлшері мемлекет бекіткен мөлшер бойынша берілуі керек.  

Қанат Тілепберген,

«Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар