Ауыл әйелі таңның атысы, күннің батысы көзге көрінбейтін тірліктің соңында жүреді. Әсіресе, көп балалы ана, қара шаңырақтың келіні, Қайрат ауылының тұрғыны Жанар Аққұлиева – осындай жанның бірі. Ол Көлбастау ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. Жанар – ата-анасының тоғызыншы перзенті, кенжесі. Мектеп бітірген соң жоғары оқу орнына заңгерлік оқуға түседі. Қайрат ауылының жігіті Нұрболат Мырзайұлына тұрмысқа шығады. Қазір Нұрболат пен Жанар екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.
Ауыл – ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың алтын бесігі. Ал ауыл әйелі – сол ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпаққа үйретуші, насихаттаушы.
– Ата мен ене білген кісіге береке, қымбат қазына. Ол кісілердің дастархан басындағы ғибратты әңгімесі, қонақ күтуі, үлкенді сыйлауы, жарасымды, астарлы әзілі, еңбекқорлығы біздерге үлкен үлгі-өнеге.
Қара шаңырақта тұру, әрине, оңай емес. Қонақ көп келеді. Сол кісілердің көңілін таба білу керек, балаларыңның, ата-енеңнің күтімі, бір-біріне жалғасқан тірлік. Бірақ лайықты келін бола білсең туыстарыңның арасында беделің де биік, ықыластары да ерекше болады.
2009 жылдан бастап ем болсын деп бие байлап, саууды қолға алдық. Қымыздың денсаулыққа тигізер пайдасы өте зор. Биені таңертең сағат 7-ден бастап кешкі сағат 8-ге дейін әрбір екі сағат сайын сауып отырамын. Одан соң қымыз етіп дайындаймын. Қымыз жасаудың қыр-сырын енем үйретті.
Қымыз тазалықты сүйеді. Сондықтан күбіні күнде жуып, кептіріп, құйрық маймен майлап, киікотымен ыстаймын. Бұл бір жағы дезинфекция болса, бір жағы қымыздың дәмі мен иісіне ерекше әсер етеді. Ал оны заман талабына сай аппаратпен пісеміз. Күбінің қайың, арша ағашынан, әсіресе, емен ағашынан жасалғаны тіптен жақсы болады. Біз ауылдағы абысындар бәріміз бие саууды жақсы үйреніп алдық. Бала-шағамыздан артылған қымызды сатамыз. Ерінбеген әйел осылай үйде отырып-ақ табыс табуына болады. Одан басқа сиыр сауамыз. Балалар табиғи, пайдалы тамақ жесін деп айран, қаймақ, құрт, ірімшік, май жасаймыз, – дейді Жанар.
Ол түрлі дәмді тамақ пісіргенді ұнатады екен. Сондықтан қолы қалт етсе интернеттен, абысындарынан түрлі тамақтардың дайындалуын жинап жүреді.
– Жанардың қолдан пісірген түрлі тәттілерін біз де, қонақтар да жақсы көреміз, – дейді енесі Зулфия. – Келіндерімнің бәрі жаман емес. Келін де бір балаң. Жаманын жасырып, жақсысын асырып, тәрбиелеу керек. Аллаға шүкір, қара шаңырақтағы келін Жанардың ашық-жарқын мінезінің арқасында барлық балаларым, қонақтарым емін-еркін келіп, арқа-жарқа болып жатады. Үйдің берекесі дүниемен емес, сыйластықпен, ынтымақпен кіреді.
Перизат Шымыртайқызы,
журналист.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді