Елбасы мемлекеттік сапармен Бейжіңге келді. Сапар аясында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамда кездесу өтті. Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, қаржы-несиелік және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ екі ел лидерлері халықаралық күн тәртібіндегі негізгі жайттар бойынша ұстанымдарды қарастырды. Мемлекет басшысы жылы қабылдауы үшін ҚХР төрағасына алғыс айтты және елдеріміздің арасындағы қарым-қатынас 20 жылдан астам уақыт бойы ұдайы өсу жолында дамып келе жатқанын айтты. –Бұған Сіздің биылғы мамырда Қазақстанға жасаған ресми сапарыңыз барысында қол жеткен уағдаластықтар септігін тигізіп отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті сондай-ақ қытай халқын жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы жеңістің 70 жылдығымен және Бейжіңнің 2020 жылғы Қысқы Олимпиаданы өткізу құқығын жеңіп алуымен құттықтады. Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевқа ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен Қытайдың арасындағы стратегиялық серіктестік үздіксіз нығайып келе жатқанын атап өтті. – Біз бүгін Қазақстан Президентімен бірге жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі туралы бірлескен декларацияға қол қоямыз. Бұл құжат біздің көпжылдық жемісті іс-қимылымыздың қорытындысы болады және болашақтағы ынтымақтастық бағдарламасына айналады, – деді Си Цзиньпин. Келіссөздер барысында Қытай жағы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруін қош көретіндіктерін айтты және бұл оқиғаның екіжақты қатынастарды арттыру үшін маңызды екенін атап өтті. Тараптар сондай-ақ «жасыл технологияларды» дамыту саласындағы ынтымақтастықты Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің әлеуеті ауқымында дамытуға уағдаласты. Сонымен қатар Мемлекеттер басшылары Қазақстан аумағында аз байытылған уран банкінің құрылуына байланысты атом энергетикасы саласындағы өзара іс-қимылды күшейтуге әзір екендерін білдірді. Соңында алдағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты бүкіл әлемдегі валюта нарықтарының құбылмалылығы жағдайында дамыту перспективалары талқыланды. Елбасы ҚХР-дың іскер және қаржылық топтар өкілдерімен кездесті. Іс-шараға «Хуавэй» корпорациясы басқармасының төрағасы Сунь Яфан, «Цинхуа» корпорациясы басқармасының төрағасы Хо Цинхуа, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің көп жақты уақытша хатшылығының бас хатшысы Цзинь Лицюнь, «СИТИК Групп» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Чан Чжэнмин, Қытай мемлекеттік даму банкінің президенті Чжэн Чжицзе және Қытайдың басқа да жетекші компанияларының басшылары қатысты. Кездесу барысында Мемлекет басшысы мұндай кездесулер мен пікірлесулер екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін қажет екенін айтты. – Бұл сапарды Қазақстан-Қытай байланыстарындағы бетбұрысты кезең деп санаймын. Біз Қытаймен негізінен энергетика және ресурс өндіру салаларында 20 жылдан астам белсене ынтымақтасып келдік. Енді жаңа кезеңде экономиканың өңдеу, сонымен бірге машина жасау және ресурсты қайта өңдеу секторларындағы өзара іс-қимылды күшейтуге кірісеміз. Кеше ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен өткен сындарлы келіссөздер барысында 45 бірлескен нысан ашу жөнінде уағдаластық. Соның 25-і бойынша жалпы құны 23 миллиард доллардың келісіміне қол қойылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Қазақстанның БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Брифинг барысында Елбасы ҚХР-ға мемлекеттік сапардың маңызы жоғары екенін атап өтті. – Әлемдік экономика дағдарысты бастан өткеріп жатқан бүгінгі уақытта әлемдік қаржы институттарының инвестициялық мүмкіндіктері айтарлықтай азайды. Осындай жағдайда Қытаймен өзара іс-қимыл біз үшін күрделі кезеңді еңсерудің қолайлы мүмкіндігі болып саналады, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ журналистерге ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесу барысында жасалған екіжақты келісімдер туралы айтып берді. Солардың ішіндегі ең ірі жобаларда Павлодар алюминий зауытының өндіріс қуатын 150 мың тоннаға жеткізу, Маңғыстау облысында мұнай-газ жабдықтарын шығаратын зауыт құрылысын салу қарастырылады. Мемлекет басшысы сапардың өзге де қырларына тоқтала келіп, екінші дүниежүзілік соғыстың нүктесі нақ осы Қытайда қойылғанын атап көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы маңызды оқиғаға да тоқталып, депутаттарды Парламент сессиясының ашылуымен құттықтады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Білім күнімен құттықтады. Елбасы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен де кездесті. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен жүздесу барысында қол жеткен уағдаластықтарды іске асыру мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарын дамытуға қосқан үлесі үшін Ли Кэцянға алғыс айтып, ҚХР Мемлекеттік кеңесі премьерінің былтырғы желтоқсандағы сапарының маңызына тоқталды. – Сіз Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін қалыптастыру ісіне зор үлес қостыңыз. Қазір біз қол жеткізген уағдаластықтар мен бірқатар өнеркәсіп орындарын Қазақстанға көшіру жөніндегі ұсыныс толық қарқынмен жүзеге асырылуда. Соның нәтижесі ретінде бүгінге дейін бірлескен индустриялық нысандар құру туралы 25 келісімге қол қойылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті сондай-ақ «Нұрлы жол» және «Жаңа Жібек жолы» бағдарламаларының синергиясы екі елдің стратегиялық ынтымақтастығын нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты. Ли Кэцян Қазақстан мен Қытай халқы арасындағы достықты нығайтудағы рөлі мен елдеріміздің қарым-қатынастарын жаңа сапалы деңгейге шығару ісінде Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі зор екенін атап өтті. Сапар барысында Мемлекет басшысы Цзянсу провинциясы халық өкілдерінің Бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы – партия комитетінің хатшысы Лоу Чжицзюнмен кездесті. Кездесу барысында Тынық мұхитындағы Ляньюньган портындағы Қазақстанның логистикалық терминалы арқылы жүк тасымалы ауқымын кеңейту перспективалары талқыланды. –Қазақстан үшін Цзянсу провинциясымен ынтымақтастықтың зор маңызы бар. Біз ҚХР басшылығымен уағдаластық бойынша Ляньюньган портында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл – Қазақстанның Тынық мұхитқа тарихи тұрғыдан алғашқы қадам басуы. Мұны ынтымақтастығымыздың басы ғана деп ойлаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті сондай-ақ ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен және ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен кездесу барысында көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимыл жайы басымдығы бар мәселелердің бірі екеніне тоқталды. Елбасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжан Дэцзянмен кездесті. Кездесуде екі елдің парламентаралық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытайдың заң шығарушы органдары басшыларының тұрақты байланыстары мемлекетаралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын жүзеге асыру үшін тиімді құқықтық алаң қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. –Бейжіңге осы жолғы мемлекетаралық сапар аясында біз екіжақты қарым-қатынастың жаңа кезеңіне негіз қаладық. Соңғы онжылдықта сіздің ел жүргізген реформа және ашықтық саясаты қуатты экономика құрып, ҚХР беделін биік деңгейге көтерді. Бұл орайда Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы елеулі рөл атқарды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Чжан Дэцзян Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапарына қытай тарапы зор мән беретінін айтты. –Қазақстан мен Қытай халқы арасындағы достықты нығайту үшін Сіздің әрдайым зор күш-жігер жұмсайтыныңызды білемін. Сіз және ҚХР төрағасы Си Цзиньпин қол қойған жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі туралы шарт екіжақты қарым-қатынастарымызды жаңа деңгейге көтереді, – деді Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы. * * * Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында мынадай құжаттарға қол қойылды: – ҚР мен ҚХР Мемлекеттері басшыларының жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі туралы бірлескен декларациясы; – ҚР мен ҚХР арасындағы сотталғандарды беру туралы 2011 жылғы 22 ақпандағы шарт бойынша ратификациялық грамоталар алмасу туралы хаттама; – ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы индустрияландыру және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы негіздемелік келісім; – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және «СИТИК Групп» арасындағы Қазақстан инфрақұрылымдық қорына (Kazakhstan Infrаstruсture Fund) бірлесіп қатысу туралы келісім; – «Масалы тау-кен байыту комбинаты» ЖШС мен Қытай экспорт-импорт банкі арасындағы займ туралы негіздемелік келісім; – «Еurasian Resourses Group» корпорациясы және Қытай мемлекеттік даму банкі арасындағы негіздемелік келісім; – «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ мен «Жібек жолы» қоры арасындағы индустриялық-инновациялық ынтымақтастық жобалары үшін арнаулы инвестициялық қор құру жөніндегі өзара түсіністік және іс-қимыл туралы меморандум; – «Астана ЭКСПО - 2017» ҰК» АҚ және Қытай халықаралық туризм бюросы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум; – ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісім; – «Астана LRT» АҚ және Қытай мемлекеттік даму банкі арасындағы займ туралы келісім; – «Astana LRT» ЖШС мен ҚХР компаниялар консорциумы арасындағы ЕРС-келісімшарты. * * * Елбасының Қытайдағы ресми сапары бүгін де жалғасады.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді