А. Айымбетовтің ғарышқа ұшу құжатына қол қойылды
Мәскеуде Қазақстан Республикасы ғарышкерінің ХҒС-тің ресейлік сегментіне ұшуын жүзеге асыру жөнінде келісімшартқа қол қойылды. Мәскеу төңірегінде өткен «МАКС – 2015» Халықаралық авиағарыш салонының шеңберінде Қазақстан Республикасының ғарышкері Айдын Айымбетовтің Халықаралық ғарыш станциясының (бұдан әрі – ХҒС) ресейлік сегментіне ұшуын жүзеге асыру жөніндегі келісімшартқа қол қою рәсімі болып. Бұл құжатқа Қазақстан тарапынан Қазғарыштың төрағасы Талғат Мұсабаев пен Ресей тарапынан Ресей Федерациясының Федералдық ғарыш агенттігі басшысының уақытша міндетін атқарушы А.Н. Иванов қол қойды.
Келісімшарттың мәні қазақстандық ғарышкер А. Айымбетовтің ғарышқа ұшу дайындығы мен оны жүзеге асыру және ғарышкерді ұшып келген соң оңалту жөніндегі қызметтерді көрсету мен жұмыстарды орындауға байланысты екендігін атап өткен жөн.
Қол қойылған құжаттың тармақтарына сәйкес, жоспарланып отырған ұшырылым ұзақтығы ұшқыш басқаратын ғарыш кемесінің ХҒС-пен түйісуіне дейінгі 2 тәулік пен бұрын бекітілген ұшу бағдарламасына сәйкес, Халықаралық ғарыш станциясы ресейлік сегментінің бортында 8 тәулік болуын қоса алғанда, он күнді құрап отыр. Келісімшарт құны бір миллиард жүз миллион рубльді құрайды және ол өзгермейтін құнға ие.
«Бұл өте маңызды құжат, онда ғарыштық ұшырылымның барлық қыр-сыры қарастырылған. Негізгі бөлімнен басқа, оның тағы 11 қосымшасы бар. Мен қазақстандық және ресейлік мамандарға ризамын. Олар қысқа мерзімде, яғни 2 жарым айдың ішінде Келісімшартты дайындап шықты. Шын мәнінде, осы бағытта орасан зор жұмыстар жүргізілді», – деп атап өтті Талғат Мұсабаев.
Келісімшарт оған қол қойылған күнінен, яғни 2015 жылдың 26 тамызынан бастап күшіне енеді.
Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін Қазақстан ғарышкерінің ХҒС ресейлік сегментіне ұшуын жүзеге асыру үшін Қазғарыш пен Роскосмос делегациялары ғарыш саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келіссөздерін жалғастырды. Осы іс-шараның барысында Қазғарыш төрағасы Талғат Мұсабаев пен «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының басшысы Игорь Комаров Қазақстан мен Ресей Президенттерінің ХҒС-қа А.Айымбетовтің ұшуы туралы шешімдерін орындаудың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ екі елдің бейбіт мақсаттарда ғарышты игеру саласындағы ынтымақтастығы туралы оң ниеттерін мақұлдады.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді