Американы мойындатқан қазақ баласы миллион доллар табудың түк қиын еместігін айтты
- author «Ақ жол»
- 14 тамыз, 2015
- 251
Қатерлі ісік ауруына шалдыққандарға қайырымдылық жасап, қомақты қаражат аударғаннан кейін танымалдығы артқан Асхат Мырзабаев миллион доллар табудың түк қиын еместігін айтты.
Ол небәрі 21 жасында Сан-Франциско қаласының (АҚШ) «Силиконды алқап» деп аталатын аумағындағы «Твиттер» компаниясына жұмысқа орналасқан алғашқы қазақ баласы. Өзі жас, бірақ соған қарамастан жұмыс кестесі өте тығыз.
“Мен Атырау қаласының тумасымын. Отбасымызда анам мен ағам бар. Яғни мен үйдің кенжесімін. Мектепте оқып жүрген кезімде химия пәнінен олимпиадаларға қатысып, кішігірім жетістіктерге қол жеткізіп жүретінмін. Содан 2008-жылы Алматыдағы Сүлеймен Демирель атындағы университетке инженер-бағдарламашы мамандығы бойынша оқуға түстім де, арада біраз уақыт өткен соң мамандық таңдауда қателескенімді ұқтым. Сөйтіп «Ютуб» желісі арқылы шетелдік профессорлардың ақпараттық технология жөнінде жасаған лекцияларын тыңдап, осы салаға ден қоямын деп шештім. Сөйтіп университеттің 3-ші курсында оқып жүргенде АҚШ-қа кеттім. Бұл менің анам мен бауырымнан ажырап, алғаш рет жыраққа кетуім еді. Бастапқыда қатты қиналдым. Ағылшын тілін қанша жерден жетік білемін дегеніммен, ол жақта қиындықтарға тап болдым. Сіңісіп кету үшін тәулігіне 14-15 сағат жұмыс істеуіме, білімімді шыңдауыма тура келді”, – дейді ол.
Мен бағдарламалаудың бір тілін үйрене бастадым, нәтижесінде осы бағдарламалау тілін «Твиттер» қолданған тілге аудару мүмкіндігін таптым.
Осы ретте ол анасына алғыс айтуды ұмытқан жоқ. Асхаттың анасы мамандықты дұрыс таңдауыма барынша жағдай жасап, ұлының шешімдерін қолдап отырған.
“Мен бағдарламалаудың бір тілін үйрене бастадым, нәтижесінде осы бағдарламалау тілін «Твиттер» қолданған тілге аудару мүмкіндігін таптым. Өзімнің тапқан тәсілімді ашық түрде интернетке салдым да, оларға менің амалымды «Андроид» және «ІOS» смартфон бағдарламалары үшін қолданған жағдайда қажетті нәтижеге екі есе жылдамырақ қол жеткізуге болатынын айтып хат жаздым. Олар алғашында менің ұсынысыма сенген жоқ. Ал 2011-жылы олар маған тәжірибеден өтуді ұсынды. Осылай үшінші курста оқып жүргенімде «Силиконды алқапқа» жолым түсті”, – дейді Асхат.
Асхат ол жақта «Машиналарды машықтандыру, іздеу және релеванттылық бөлімде» жұмыс істейді.
“Мен жеке өзім іздеуді жетілдірумен және ұсыныс жасау жүйесімен айналыстым. Бұл жүйе қолданушыларға кей адамдардың қызықты жазбаларын оқуды автоматты түрде ұсынады. Әдеттегі қолданушы үшін мұның барлығы қарапайым нәрсе болып көрінгенімен өте қиын еңбекпен келеді. «Твиттер» жұмысын жетілдіру жолында біз бұған дейін қолданылмаған шешімдерді пайдаландық”, – дейді ол.
Асхат 2013-жылы өз еркіммен жұмыстан босап, дипломдық жұмыс жазып, тың идеяларды жүзеге асыруға бел буады. Нәтижесінде оның дипломдық жұмысын «Майкрософт» компаниясы сатып алған.
Университетте оқып жүргенімде маған «рак» деген диагноз қойды. Бұл мен үшін өте ауыр соққы болды, тіпті ол туралы айтқым да келмейді.
“Твиттер” компаниясында менің бір кураторым болды. Ол менің Стенфорд университетінің профессорларымен танысуыма жағдай жасады. Сөйтіп мен Стенфорд және Беркли университеттерінің бірнеше профессорларымен танысып, тәжірибеден өттім. Олардың арасында Нобель сыйлығының математика саласындағы баламасы Филдс жүлдесінің иегері Ефим Зельман деген кісі де бар еді. Қысқасы, сол кісілермен бірге математикалық формулалар арқылы, мәселен, ұялы телефонмен түсірген қарапайым суреттердің 3D үлгісін жасайтын алгоритм ойлап таптық. Менің бұл жаңалығыма «Майкрософт» қызығушылық танытқанын естідім. Сөйтіп сатуға келісімімді бердім. Бұл шешіміме еш өкінбеймін. Мен ойлап тапқан кішкентай ғана алгоритмді бүгінде әлемнің миллиондаған адамдары өз игілігіне пайдаланып жатыр. Сол үшін де қуанамын”, – деді Асхат.
Алайда, Асхаттың қатерлі ісікке шалдығуы оның өміріндегі ең үлкен соққы болды.
“Университетте оқып жүргенімде маған «рак» деген диагноз қойды. Бұл мен үшін өте ауыр соққы болды, тіпті ол туралы айтқым да келмейді… Меніңше, әлемдік деңгейдегі проблемалардың бірі – қатерлі ісік ауруы. Оның себебі мен салдарын, одан құтылудың жолдарын іздестіру үшін ғылыми жұмыспен айналыссам ба деп ойлаған кездерім де болды. Сондықтан да «Барклайс» банктер тобында жарты жыл жұмыс істеп тапқан екі миллион долларымды халықаралық қорға аударамын деп шештім. Бұл шешіміме мүлдем өкінбеймін. Себебі миллионды бір рет тапқан адам екінші рет те таба алады. Ақша, дүние деген – қолдың кірі. Адам одан да үлкен мақсаттарды алдына қоя білуі керек”, – дейді Асхат Мырзабаев.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді