Меккеге тікелей рейстердің ашылуы қазақстандық қажылардың қаржысын үнемдейтін болды
- author «Ақ жол»
- 13 тамыз, 2015
- 209
Биыл қажылыққа баруға ниеттенген қазақстандықтар Меккеге тікелей әуе рейсімен ұшатын болды. Бұл туралы бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында болған баспасөз мәжілісінде айтылды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қажылық миссиясының төрағасы Серікбай қажы Ораз Сауд Арабия Корольдігіне барған ресми сапар аясында «Flynas» әуе компаниясы төрағасының орынбасары, «Нас» холдингінің басшысы Ахмат Сұлтанмен келіссөздер жүргізіп, екіжақты келісімшартқа қол қойды. Келіссөз барысында қос тарап Қазақстан қажыларын Сауд Арабия Корольдігінің «Flynas» әуе компаниясы тасымалдайды деп уағдаласты. Енді қажылық сапарға шығатын азаматтар Алматыдан Жидда және Медине қаласына, немесе Меккеге тікелей рейспен жеткізіледі. «Шамасы келген, балағат жасына жеткен, жағдайы болып отырған мүмін мұсылман үшін қажылық - парыз. Қажылыққа баратын азамат ең бастысы Аллатағаланың бізге бұйырған амалдарын, парыздарын өтеуі керек. Келгеннен кейін де елдің ішінде, қоғам ортасында, сол қажы атына сәйкес жұмысын, елмен қарым-қатынасын жалғастыруы керек», - деді ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб-мүфти Серікбай қажы Ораз. Отандастарымыз сыйымдылығы 375 адам болатын Эйрбус 330, 300 жолаушыға арналған Боинг-767, және 210 адамға арналған Боинг-757 ұшақтарымен ұшатын болды. Айта кетейік, Қазақстан тарапынан белгіленген СКАТ әуе компаниясы жолаушыларды жеткізуден бас тартты. Тікелей рейстер қажылыққа ниеттенгендердің уақытын үнемдейтін болды. Бұған дейін қазақстандықтар жолда Анкара, Шарджа қалаларында тоқтайтын. Жол арасы 18 сағатқа дейін созылатын. Енді 6 сағаттың көлемінде Жиддаға жететін болды. Сондай-ақ тікелей рейстердің ашылуы қажылардың қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұрын ең жоғарғы пакет құны 4200 АҚШ долларын құраса, енді ол 3900 болды. Яғни, турпакет құны 5 пайызға арзандады. Қазір еліміздегі барлық мешіттерде қажылыққа ниет еткендер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл мұсылманның бес парызының бірі - қажылық сапары 11 қыркүйек пен 15 қазан аралығын қамтиды.
Ұқсас жаңалықтар
Медицина саласы серпінді дамуда
- 14 қаңтар, 2025
Метапневмовирус қаншалықты қауіпті, облыстағы жағдай қандай?
- 14 қаңтар, 2025
Ақпарат
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- 16 қаңтар, 2025
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді