Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында Тараз тотыдай таранып, жайнай түсті. Қаланы абаттандыруға, көріктендіруге еліміздің өзге өңірлері ыстық ықыластарымен үлестерін қосып жатса, шаһар құлпырмағанда қайтеді? Күн сайын көркейген қаланы көріп, «Таразым қандай тамаша!» деп кеудемізді қуаныш кернейтін болды. Күн өткен сайын маңайы түрлене түскен нысанның бірі – Қарахан кесенесі. Бұл жерді абаттандыруға, гүлзармен көмкеруге Қызылорда және Қостанай облыстары 150 миллион теңге қаражат бөліп отыр. Руслан Галиев басқаратын «Галиев» фирмасы құрылыс жұмыстарын жүргізді. 20 адам жұмысқа тартылды. Мұнда алуан гүлдер егуді және құрылыс материалдарымен жабдықтауды «Жасұлан-Флора» ЖШС жүзеге асырды. 30 адам гүл отырғызу жұмысына серпін берді. Нәтижесінде, жаңа үлгідегі субұрқақ салынып, қобыз бейнесі бой көтерді. Төле би көшесі жағына екі керуен айшықтары орнатылып, Тараз қаласының жұлдызды белгілері қойылды. Бұл құрылысқа гранит тастар Қытай және Қырғызстан елдерінен әкелінді. Кесене аумағы абаттандырылды. Бұрын бос жатқан осынау алаң қазір ерекше сәнге бөленіп, құлпырып тұр. Сондықтан, Қызылорда және Қостанай облысы жамбылдықтарға үлкен тарту жасады десек болады. Сәуірде басталған құрылыс жұмыстарын 20 тамызға дейін аяқтау көзделуде. – Биылғы шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан, жұмысшыларымыз аянып қалған жоқ. Өз жұмысын білетін кілең шебер жігіттер осында еңбек етті. Нәтижесі көзге көрініп тұр емес пе? Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына тамшыдай үлес қосқанымызға қуаныштымыз. Бұл тарихи іс-шарада біздің де қолтаңбамыз қалып отыр, – дейді құрылыс фирмасының директоры Руслан Галиев.
Есет Досалы «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді