«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Біртектілік пен бірлік

Біртектілік пен бірлік
ашық дереккөз
Біртектілік пен бірлік

Ұсыныстар қараусыз қалмайды Ұлт жоспарының төртінші институционалдық реформасын талқылау бойынша Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту  және қоғамдық-саяси  жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ербол Нұрғалиевтың облысымыздың азаматтық қоғам институттарымен кездесуі өтті.  Жиынға  облыс әкімдігінің ішкі саясат, тілдерді дамыту, дін істері басқармаларының басшылары, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы, саяси партиялардың облыстық филиалдарының өкілдері, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары, этномәдени орталықтардың жетекшілері және үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің мүшелері қатысты.  Отырысты облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова ашып, жүргізіп отырды. – Өздеріңізге белгілі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бес институттық реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын ұсынған болатын. Соның төртінші институционалдық реформасы «Біртектілік пен бірлікке» негізделіп отырғаны бәріміздің ерекше назарымызға ие болуда. Әлбетте, еліміздің біртектілігі мен біркелкілігі қашан да маңызды.  Осы орайда Ұлт жоспарының төртінші бағытын жүзеге асыруда бәріміз біркісідей атсалысумыз керек – деді Рахия Сейітбекқызы. Келесі кезекте сөз алған Е.Нұрғалиев Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасы аясындағы 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын іске асыру жолындағы негізгі бағыттарды сөз етті. – Елбасымыз ұсынған реформаларды жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен отандық және халықаралық сарапшылардан тұратын, құрамында бес жұмыс тобы бар Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Іс-шаралар жоспарын «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының «Біртектілік пен бірлік» бағыты жөніндегі алты қадамға сәйкес бағыттар бойынша құрылымдау ұсынылды. Ал «МЕНІҢ ЕЛІМ» ұлттық жобасы шеңберінде жұмысты бірнеше бағыттар бойынша құру жоспарланған. Айталық, нормативтік-құқықтық базаның жекелеген бағыттарын жаңарту бағыты бойынша  спорт пен дене шынықтыруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы мен оның бірінші кезеңін іске асыру жөніндегі жоспарды қабылдау, ҚР мәдени саясатының тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы негізінде 2015-2020 жылдарға арналған отбасылық қатынастарды, моральдік-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын жаңғырту жұмыстары қолға алынуда. Ал Технологиялық жобалар бағыты бойынша Тұңғыш Президент Қоры базасында қазақстандық құндылықтарды   зерделеу  жөніндегі жалпыұлттық орталық құру,  «National Digital History» арнайы жобасын құру кітапханалар қорларынан және мұрағаттық қорлардан алынған ұлттық  тарих  жөніндегі цифрланған материалдардың    арнайы тарауларын қалыптастыру, еліміздің көпшілік біле бермейтін көрікті жерлері туралы «Ғажайып Қазақстан» атты тележоба жасау секілді тиянақты шаралар қолға алынуда. Сондай-ақ, осы секілді  басқа да бағыттар бойынша атқарылып жатқан жобалар мен жұмыстардың бәрі тиянақты түрде өрбіп отырмақ, – дей келе, Ербол Жолдасбекұлы қатысушылардан барлық бағыттар бойынша өз ұсыныстарын ортаға салуын сұрады. Өз кезегінде қоғам қайраткері, облыстың Құрметті азаматы Жандар Кәрібаев еліміздегі жастардың жайын жан-жақты қаузап, ойлы пікірін ортаға салды. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы  ғылыми-сараптама тобының хатшысы Парида Мамедова, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев ұлттардың татулығының түрлі негіздері хақындағы келелі ойларын ортаға салды. «Панорама» ақпараттық орталығының директоры Бауыржан Мөрбековтің ғаламтордағы жүгенсіздіктер, әлеуметтік желідегі сауатсыздықтар  туралы көтерген ұсынысы да  көптің көңіліне қонды.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар