Ата-бабаларымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», өскелең ұрпаққа бірлікті, жұдырықтай жұмылуды өсиет еткен. Дана қазақ: «Ырыс, қайда барасың? Ынтымаққа барамын» деп қадап айтуы бекер емес. Ал ұлт ұстазы, хакім Абайдың: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген нақыл сөзі келешекке қалдырған аманаты іспеттес. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы өткен даналардың сөзіне тәуелсіздік жылдар белесінде әрдайым жүгініп келе жатқанына куә болып отырмыз. Соның тағы бір нақты айғағы ретінде Елбасының «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің отырысында «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа арнаған жаңа Жолдауын ерекше атап өтуге болады. Еліміз үшін маңызды болып табылатын жаңа экономикалық саясатта кемел келешегімізді айқындайтын басым бағыттармен бірге, тұрақтылықтың негізі - еліміздің әлеуметтік, рухани-мәдени мәселелерін де атап айтып, «Мәңгілік Ел» идеясының қазақстандықтар үшін маңызын толығымен түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, биыл Қазақ хандығының – 550, Конституцияның 20 жылдығы атап өтілетін болады. Бұл шешімдер Мемлекет басшысының алысты болжай білетін көрегендігін тағы бір айқын танытқан елеулі қадам болғанын айтқан ләзім. Күллі әлемдегі кез-келген егемен мемлекеттің сан ғасырлар белесінде өз маңызы мен құнын жоғалтпай, бабадан балаға асыл мұра болып келе жатқан заңдар жинағы болады. Осындай Ата Заң яки еліміздің әлемдік өркениетке қарай қарышты қадам басуының алғышарттарын жасап берген жасампаз құжат егемендіктің елең-алаң шағында қабылданған болатын. Бұл қазақ жерін мекендеген байырғы жұрттың сан ғасырлық арманы болса, демократиялық даму жолын таңдаған жас республиканың басқа елдермен терезесі тең болып, қанатын кеңінен жаюына мүмкіндік береді. Әлемдік дағдарыс сынақтары кезеңінде ел экономикасын тұрақтандырып, алдын алудың барлық шараларын қабылдау қажеттілігі туындады. Иә, мемлекетіміздің қысқа уақыт аралығында өз Конституциясын жасап, қабылдағаны талайларды таңқалдырғаны рас. Десе де, біз құптай қарағандарға да, сынай үңілгендерге де мән берместен өлшеулі уақыт, табанды талап, шығармашылық іс-әрекеттің арқасында алға қойған мақсатымызға жеттік. Ата Заң – ата-бабалар армандаған азаттығыңды айқындайтын, тәуелсіз ел екендігіңді танытатын, дербес мемлекеттігіңді көрсететін қастерлі құжат. Ата Заң - елдігіміздің тірегі, азаматтың арқа сүйер алтын арқауы. Біздің күллі тыныс-тіршілігіміз, өмір салтымыз, қоғамның тамыр бүлкілі – барлығы сол Заңнан бастау алатындығы рас. Ата Заң – тал бесіктен, жер бесікке дейінгі уақыт аралығында сіздің құқығыңызды сақтайтын, сөреде қараусыз жатпайтын алтын заң. Ата Заң - ел азаматының конституциялық құқын танытатын, әр отандасымыз бұлжытпай орындайтын заңдардың алтын арқауы, темірқазығы. Ата Заң – бабалар аманаты. Кешегі Қасымның «қасқа жолы», Есімнің «ескі жолы», әз Тәукенің «Жеті жарғысының» жалғасы, заңды мұрагері – Қазақ елінің бүгінгі Конституциясы. Тарихтың терең қойнауына үңілер болсақ, алғашқы қазақ хандығы құрылғанда ата-бабалар дәстүрімен қатар, 1511 жылы 19-баптан тұратын Негізгі заң қабылданған. Оған қазақ «Қасым ханның қасқа жолы» деп ат қойып, айдар таққан болатын. Әлі де солай аталады. 1690 жылы Тәуке хан «Жеті жарғыны» қабылдады. Бұл Заң – жеті әдеттік құқықтық жүйеден тұратын қоғамдық қатынастарды реттейтін салалардың жиынтығы. «Жеті жарғыны» жасауға данагөй билер белсене атсалысыпты. Аты аңызға айналған атақты Төле би қайтыс болар алдында үш жүздің игі жақсыларын жинап алып: «Аттың құнын, ердің құнын, әйелдің құнын өз ақылымызша шешкен жөн» деп кеңес берген екен. «Малға салсаң баспайтын, ұрсаң шаппайтын жабы бар да, қусаң жететін, қашсаң құтқаратын желден жүйрік тұлпар бар, екі адамның басы қосылса өсек айтатын әйел бар да, бір елге ана, пана болатын әйел бар. Шешім айтқанда осылардың ара-жігін ашып, екшеп барып, құн кесулеріңді өтінем», - деп аманаттапты артта қалып бара жатқан ел ағаларына. Ата Заң – ұлтаралық татулықтың алтын діңгегі. Бүкіл халықтың игілігін көздейтін Конституция қоғам мен биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанның әлем таныған мемлекетке айналуына оң ықпал етті. Еліміз - зайырлы мемлекет. Айқара ашылған құшағына, кең қолтығына сан тағдырлы көп ұлтты біріктіріп жатыр. «Береке бастау бірлік, ел іші тату тірлік» демекші, ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен қиын-қыстау замандарда киіз туырлықты қазақ ұлтын ұлт ретінде сақтап қалған бірлігі мен ынтымағы десек, артық айтқанымыз емес. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары айдан анық. «Бірлік бар жерде - тірлік бар» дейді біздің халық. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Қазақстанның көп ұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі - біздің еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысуымыз керек. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі - еліміздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып табылады. Статистикалық деректер бойынша, елде 140 этнос пен 46 діни қауымдастық бар екендігі белгілі. Осылардың арасында ешқандай да келіспеушілік, дүрдараздық жоқ. Олар Қазақстанды ортақ Отаны санайды. Елімізде ынтымақ пен бірліктің қаймағы бұзылмай сақталуында бірегей қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны ерекше. Қазақстан халқы Ассамблеясы халқымыздың адамгершілігі мен толеранттылығының таңғажайып үлгісі. Мұндай қасиет тұтас ұлттың басына бір күнде орнай салмайтыны бесенеден белгілі. Бұл - халықтың сана-сезімінің, салт-дәстүрінің, рухани байлығының кемелденгенінің айқын нышаны. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Қазақстандағы қоғамдық қарым-қатынастардың белгілі бір дәрежеге көтерілгенін анық аңғарамыз. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан бері республикадағы ұлтаралық қарым-қатынастар экономикалық және саяси реформалар өткізу барысында жаңаланды. Қоғамда еркін ойлау мен толеранттылық нығайып, этномәдени бірлестіктер табысты даму үстінде. Азаматтардың, әсіресе, жастардың арасында мемлекеттік тілді үйренудің табиғи процесі жүріп жатыр. Қазақстанның тілдік байлығы жалпықазақстандық мәдениетті байытып, көпұлтты Қазақстанның бірлігін нығайтатын фактор болып табылады. Мемлекеттің қолдауымен 11 тілдегі газет-журналдар табысты шығарылуда, 44 телестудия 12 тілде, 18 радиостудия 7 тілде хабар таратады, ғаламторда ұсынылған контент саны өсіп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ресми басталуына орай арнаған сөзінде: «Бұл жыл - ортақ тарих пен тағдыр мәңгілікке біріктірген халқымыздың бірлігін паш ететін жыл. Қазақстан - бұл біртұтас жер, біртұтас халық, ортақ болашақ! Сондықтан, Ассамблея жылының басты идеясы - «Менің Елім – Мәңгілік Ел!» деп бұл шешімінің мән-маңызына тоқталып өткен болатын. Шындығында да, «алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп бабаларымыз ел бірлігі жөнінде өте орынды айтқан. Біз қазіргі күні экономикалық жетістіктерді, әлеуметтік игіліктерді, саяси тұрақтылық пен мәдени өркендеуді бастан кешіріп отырмыз. Елдің қол жеткен табыстарына, біздегі орын алған татулық пен түсіністік жағдайларына әлемдік өркениет қызығушылық танытуда. Осының өзі көңілді марқайтып, туған елге, Отанға деген сүйіспеншілік сезіміңді арттыра түседі. Әрине, дос сүйсініп, дұшпан қызғана қарайтын жетістіктер оңайлықпен келіп жатқан жоқ. Бұл – ең алдымен қазақ халқының өз ішіндегі ауызбіршіліктің, жалпы, қазақстандықтардың ынтымақ-тастығы мен бірлігі арқасында жетіп отырған игілікті нәтижелер. Біздің мақсатымыз – қазақ жерін мекен еткен көп ұлтты халықтың бірлігін бұзбай, мемлекеттің құдыреттілігін арттырып, әлемдік көштен кенже қалмай, дамыған 30 ел қатарынан көріну.
Дария ҚОЖАМЖАРОВА, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді