Ғасырлар тоғысар тұсқа таяу, егемендіктің елең-алаңында елімізде түрлі діни секталар мен ағымдар қаптап кеткені жасырын емес. Тіпті, олардың атынан да, санынан да адам жаңылатындай халге жеттік. Басқаны қойып, ислам дінінің ішінен «біздің ұстанған жолымыз дұрыс, сендердікі теріс» дейтіндер шықты. Жығылғанға жұдырық дегендей, енді ислам тарихында бұрын-соңды болмаған «жыныстық жиһад» деген пайда болды. Әлеуметтік желілерде, әр алуан бейресми жиындарда мұсылман қыздарды «секс-жиһадқа» шақырып жүргендердің қарасы көбейіп кетті. Жазықсыз жандарды қойдай қырып, бас кесуді «қасиетті жиһад» санайтын жауыздарға тәнін ұсынуды түк білмес содырлар «жыныстық жиһад» деп жарнамалап жүр.
Тарих не дейді?
Жалпы, «жиһад әл-никах» – «Ислам мемлекеті» жасақшыларына әйелдердің жыныстық қызмет көрсетуі дегенге саяды. Дінді жамыла отырып, олар «жыныстық жиһадты» уақытша неке негізінде көрсетуге тырысады. Жалпақ тілмен айтқанда, «заңдастырылған» жезөкшелік деуге болады. Бұл үрдіс 2013 жылдан бастап тарай бастады. «Ислам мемлекеті» идеологиясы бойынша, «жыныстық жиһадтың» түпкі мақсаты – әскери ер адамға уақытша тұрмысқа шығып, бала сүю және оны ислам шариғатымен тәрбиелеу-міс. Бұл сорақы әрекет алғаш рет тунистіктер мен «Аль-Каида» террористік ұйымының өзара соғысы кезінде пайда болған. Дәл сол мезетте тұтқынға түскен бірқатар тунистік бойжеткендер қара басын сауғалап қалу үшін өз еріктерімен «жыныстық жиһадқа» барған екен. Көрсетілген бұл қызмет дін атын жамылушылардың көңіліне майдай жаққан сыңайы бар. Көп ұзамай олар «жыныстық жиһадты» кең көлемде жарнамалап, жақын елдерден алдап-арбап, арнайы қыз-келіншектер алдыртқан. Арасында Құдай қосқан қосағын, өз кіндігінен өрбіген баласын тастап, «жұмақ» іздеген нәзік жандыларды да кездестіруге болады. Олар кемінде 50-ден аса әскери адаммен «уақытша некеге» отырып, жыныстық қарым-қатынасқа түскен. Мұндай мазақтың түбі көбіне жүктілікпен аяқталатыны анық. Түрлі ауруларға душар болатыны да жасырын емес. Алайда, кері қайтар жол жоқ.
Ақыл-ес шекарасынан аттағандар
2013 жылы халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары ИШИМ-нің бет-пердесін ашып, дүниені дүр сілкіндірді. Қанішерлердің қолында «қуыршаққа» айналған, кейіннен олардың құрсауынан қашып құтылған қыздың жергілікті баспасөз беттеріне сұхбаты жарияланды. «Маған жұмаққа барар жолдаманы уәде етті, мен бірден келісіп, 152 еркекпен төсектес болдым», – дейді жәбірленуші. 21 жасар бойжеткен еліне жүкті болып оралып, көптеген қиындықтармен бетпе-бет келгенін тілге тиек етеді. Алаяқтардың арбауына түскен жас ана өзегін өртеген, өміріндегі өзі кешпейтін қателігін кейінгі ұрпақтың қайталамауын өтінді. Ең сорақысы, бауыр еті балаларын сол «қайнаған қазанға» тастаған ата-аналар да бар болып шықты. 16 жастағы сирийлік Раван Кадахты әкесі өз еркімен «жыныстық жиһадын» өтеу мақсатында әскери лагерьге жіберген. Раванның айтуы бойынша, оны шын мәнінде құлға айналдырып, күніне 5-7 жасақшымен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Алысты айтпай-ақ, еліміздің батысында да екі ақтөбелік әйел «неке жиһадын» жасау мақсатымен Таяу Шығысқа жол тартқанын мысалға келтірсек болады. Екеуі де орта жастағы, үйлі-баранды келіншектер екені анықталған. Жұбайлары «жиһадшы жарларының» жоспарын біліп, барынша қарсылық білдірген. Дегенмен, әйелдері құлақ аспай, кетіп қалған. 38 жастағы азамат (аты-жөні оның өтінішімен құпия қалдырылды) жарының қайда екенінен бір жыл бойы бейхабар болған. Тіпті, қоштасу хатын да қалдырмаған жұбайы сол беті байланысқа шықпаған екен. Үш баласымен қалған әке бес уақыт намазын оқып, ораза ұстап жүрген үлгілі отбасы болғандарын айтты. Ол әйелінің «неке жиһадына» соңғы кездері қатты қызығушылық танытып жүргенін байқаған. «Мен тым жұмсақ болдым. Оған теледидар қарап, ғаламторға шығуына рұқсат беретінмін. Оның әлеуметтік желілерде мұсылман топтарына тіркелгендігінде тұрған ештеңе жоқ деп ойладым. Ең бастысы, хабардар болып жүргенім жеткілікті көрінетін. Ол тым аңғал еді. Өз балалары мен күйеуін ұмытардай оның қаншалықты миын улаған?» – дейді ол. Әйелі жоғалып кетпес бұрын шейхсымақтармен бірнеше ай бойы хат алмасқаны белгілі болды. Белгісіз біреулер оған «секс-жиһад» жайлы айтып, өз қөзқарастарын таңған. Әр әңгіме барысында жалған сілтеме жіберіп, оны жалған түсіндіріп, сөздеріне еруге шебер көндірген.
Қармаққа кімдер ілінеді?
Психологиялық тұрғыдан қарастырғанда, бұл мәселе бойынша бірнеше тұжырымдар жасауға болады. Ең алдымен, әйел атаулының жаны нәзік екенін ескерген жөн. Олар өздерін азаматтың жанында әлсіз сезінгісі келеді, біреуге қажетті болуды арман етеді. Әйелдердің сөзге ергіштігін де ұмыт қалдыруға болмайды. Көбінесе ұйықша тартып әкетіп жатқан ұйымның құрбандары деп психологиялық ауытқуға ұшырағандар мен оң жақта отырып қалған қыздарды және рухани сауатсыздарды айтуға болады екен. Жүйке жүйесіне ауыр салмақ түскен жағдайда адамның ақ пен қараны ажыратуы қиынға соғады да, айналасынан қолдау таппай, азғындардың арбауына еріп кете береді. Ал кәрі қыздар ел қатарлы отау құрып, бала сүю бақытына бөленеміз деп, тегіс жолда сүрініп жүр. Иманы әлсіз, рухани мүгедек жандарды, тіпті, сөз етудің қажеті шамалы. Негізсіз, жалған пәтуаларға иланған бикештер әдетте ақыл-естен, парасаттан айырылады, өзіндік ой-пікірден жұрдай болады. Осы аталған факторлар өз мүдделеріне қолданғысы келген қарақшыларға қол екені даусыз.
«Жыныстық жиһад» Исламға жат
Күрмеуі қиын мәселенің басын ашып алу өте маңызды. Бұл ретте облыстық Һибатулла Тарази мешітінің наиб-имамы Ержан Маханұлына қолқа салып, жаһандық проблемаға айналған «жыныстық жиһад» жайлы пікір білдіруін сұрадық. Наиб-имам Сирия мен Ирактағы діни ультрарадикал содырлардың пасық пиғылдары қазақ жастарына да кері әсерін тигізуі мүмкін деп қауіптенеді. – Исламды мұнша жиіркенішті етіп көрсетіп жүрген сауатсыз, арам пиғылдылардың жастар арасында жүрген жалған пәтуасы «жыныстық жиһад» деген сұмдық дінімізде жоқ. Содырлардың шығарған сорақы шешімдерінің бірі – «жиһад әл-никах» «жыныстық жиһад» немесе «әз-зауажу әл-мунакаха» уақытша некелесу деп аталады. Некенің бұл түрі шариғатқа қайшы екенін естен шығармаған ләзім. Дінді жамылып, нәпсіқұмарлығына бой алдырған мәңгүрттердің ессіз әрекеті деп білемін, – деді ол. Жалпы, адамгершілік талаптарынан тыс іс-әрекетке бой алдырғандардың екі дүниеде де опа таппайтыны анық. Радикалды ағымның жақтаушылары «уақытша некені» дұрыс санап, «Ниса» сүресінің 24-аятын бұрмалап қолданып жүр. Ал аталған аятта былай делінген: «Некелі әйелдермен үйленулерің арам қылынды. Бірақ қолдарыңдағы күңдер (соғыс тұтқындары) басқа. Сендерге Алланың жазуы осы. Бұлардан басқаларды абыройлы болу, бой суытушы болмау шартымен малдарыңды беріп, қалауларың (мәһер беріп алуларың) халал қылынды. Сонда олардан осы шартпен пайдалансаңдар, бекітілген мәһерін беріңдер. Мәһер тоқтатылғаннан кейін ризалассаңдар, (еркек артық беріп, әйелдің аз алуы немесе тіпті алмауында) сендерге оқасы жоқ. Расында, Алла – толық білуші, хикмет иесі». Сондай-ақ, 25-сүреде: «Сендерден біреудің, мүмін азат әйел алуға шамасы келмесе, онда қолдарыңдағы мүмін күңдерден алсын. Алла, имандарыңды жақсы біледі. Бір-біріңненсіңдер. (Бәрің адам баласысыңдар). Ендеше, күңдері қожайындарының рұқсатымен олардың мәһерлерін дұрыс беріп, абыройлы болулары, зинашы және астыртын көңілдес болмаулары шартымен алсын. Егер олар үйленіп алып, арсыздық істесе, онда оларға азат әйелдерге болатын жазаның жартысы орындалады. Бұл (күңді алу) сендерден зинадан қорыққан кісі үшін. Егер сабыр етсеңдер, өздерің үшін қайырлы. Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді». Осыдан-ақ ақ пен қараны оңай ажыратуға болады. Ал «секс – жиһад» деген барып тұрған нәпсіқұмарлық дер едім. Қазақта болмаған қылық.
Тілші түйіні:
Осы тұста хакім Абайдың жетінші қара сөзі еріксіз еске түседі екен. «Тәнді жанға бас ұрғыздыра алмаған пендеден хайуан артық» деп ашына айтқан еді ол. Иә, расында да, азғындаған топтардың куәсі болып жүрміз. Әсіресе, жоғарыда айтылған «жыныстық жиһад» жағамызды ұстатып отыр. Алдамшы ағымдар мен жат пиғылды саяси топтардың «жиһадты» қару ретінде пайдаланып жүргенін аңғару қиын емес. «Жиһад әл-никах» пен азғындықтың еш айырмашылығы жоқ, ағайын. Мұндай сорақы тірлік мұсылмандығымызға дақ түсірмей қоймайды. Аузынан ана сүті кетпеген қыздардың жаман жолға түсіп, бұзылып жатқанын көріп қалай жүрегің қан жыламасын? Өзекті өртейтіні де сол. Аурудың алдын алмасақ, асқынып кететіні тағы бар. Сондықтан да жамағат рухани азықтанып, діни сауатты бола біліңіздер. Ақпарат әлемі құлашын кеңге жайған заманда кімге болса да қырағылық қажет.
Мұхтар Жәмішжанов, студент.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді